• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Медицина 27 Ақпан, 2023

Жергілікті дәрігерлер жетістігі

449 рет
көрсетілді

Бұрындары үлкендердің «аяқ-қолым қақсап, түнімен көз ілмедім» дегенін естіп жүретін едік. Қазір мұны жастардың арасынан да жиі байқап қаламыз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемдегі әрбір үшінші адам буын ауруларына шалдығады екен. Түбін қазсаң, экологиялық ахуалдың нашарлығы, қимыл-қозғалыстың аздығы, артық салмақ секілді себептерден туындап жататын буын сырқатына бейжай қарауға болмайды. Дәрігерге дер кезінде қаралмасаң, соңы мүгедектікке соқтыруы әбден мүмкін.

Бұрын Қызылордада күрделі диагноз қатарына жататын ревматоидты артрит, Бехтерев ауруларымен ауыратын жандар дертіне дауа іздеп, ірі қалаларға жол тартып жататын. Екі жылдан бері Жалағаш аудандық ауруханасында осындай пациент­терге көмек көрсетіліп келеді.

Аудандық аурухананың бас дәрігері Еркебұлан Мақсұтов еңбек жолын 2010 жылы Қызыл­орда қалалық №1 емханасында аймақтық дәрігер болып бастапты. Кейін қалалық ауруханаға дәрігер-терапевт болып ауысқан ол ревматология мамандығы бойынша білімін жетілдірген. Жалағаш ауданында жаңадан ашылған аурухананы басқаратын маман іздегенде, басшылық таң­дауы Еркебұланға түскен екен.

– Жалпы біздің облыс үшін ревматолог қат мамандар қа­тарында тұр. Осыған байланысты дәрігерлер арасында түрлі семинар ұйымдастырылып, жергілікті мамандардың жаңа салаға бейімделуіне мүмкіндік жасалды. Осылайша, диаг­ностикалау және емдеуге қажетті заманауи жабдықтар мен білікті кадр­лар арқасында аудандардан келген науқастарды емдеп жатырмыз, – дейді бас дәрігер.

Мамандардың айтуынша, коронавирус індетінен кейін ревматоидты артритпен ауыр­ғандардың артқаны бай­қалады. Бұл дерт тұқым қуа­лайды, күйзелістен де болады. Жалпы, ревматоидты артрит буынды зақымдаудан басталса, жасөспірімдер арасында жиі кездесетін Бехтерев ауруы омыртқаға әсер етеді. Ал ішкі органдарды зақымдаудан баста­латын жүйелі қызыл жегі ау­руына негізінен 20-40 жас ара­лығындағы әйелдер көп шал­дығады.

Мамандар қай ауруды да ас­қынтпаудың жолы, дер кезінде дәрі­герге көріну екенін айтып отыр. Кей­де науқастар бөгде диагнозбен емделіп, уақытты өткізіп алып жататыны бар. Ашылғанына екі жылдан асқан аудандық аурухана заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Қазір мұнда дәрігерлік кеңес пен ем алуға басқа да аудандар мен облыс орталығынан келетіндер көп. Солардың бірі – Арал ауданындағы Сексеуіл кентінің тұрғыны Жансая Ақылбекова.

– Мен жұмыссыз болғандықтан МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған едім. Бірақ жергілікті дәрігер оның мүмкіндіктері мен артықшылықтарын түсіндірді. Содан кейін бірыңғай жиынтық төлемді ай сайын төлей бас­тадым. Соның нәтижесінде, қазір қажетті емді алып жатырмын. Бұрын ауыра қалсақ, Ақтөбе қаласына барып қаралатын едік. Кейінгі жылдары осы Жалағаш аудандық ауруханасына келетін болдық. Мұндағы жергілікті ма­ман­­дардың жетістігі көп, тәжірибелі ревматологтер жұмыс істейді,  – дейді ол.

Үш жыл бұрын Алматыдағы дәрі­гер­лер аралдық Нұрлан Ахметовке омыртқааралық буын­дардың зақымда­нуы болатын Бехтерев ауруына шалдық­қаны жайлы диагноз қойыпты. Жүре келе омыртқа бөлімдері қоз­ғалғыштығын толығымен жоғал­татын дертті бәсеңдету үшін жалағаштық дәрігерлер қажетті ем-дом жүргізіп жатыр.

–  Осыған дейін түрлі клиника мен ауруханаларда ем алдым, бірақ нәтиже болмады. Жергілікті мамандардың емінен кейін біраз жақсарып қалдым. Дәрігерлерге және аурухананың меди­циналық қызметкерлеріне айтар алғы­сым шексіз, – дейді Н.Ахметов.

Өткен жылы ауруханада тегін ме­дициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен МӘМС шеңберінде барлық ауру түрі бойынша 10 мыңнан аса адам емделіп шығыпты.

 

Қызылорда