Ұлттық банк базалық пайыздық мөлшерлемені жылдық 16,75 пайыз деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады. Жаңартылған болжам, деректерді талдау, инфляция тәуекелдерінің балансын бағалау осы шешімге негіз болған. «Геосаяси жағдай және оның қалай аяқталарының әлі де белгісіз күйде қалуына, азық-түліктің әлемдік бағасының түспей тұрғанына байланысты проинфляциялық факторлар сақталып отыр», деп мәлімдеді Ұлттық банк.
Ақша-несие саясаты комитетінің хабарлауынша, инфляциялық ішкі тәуекелдер ішкі сұраныстың орнықтылығына, логистикалық және өндірістік тізбектердің қайта құрылуына, ынталандырушы фискалдық саясатқа және әлі де жоғары қалыптасып отырған инфляциялық күтулерге байланысты.
Биыл қаңтарда да жылдық инфляция өсу қарқынын жалғастырып 20,7% болды. Азық-түлік өнімдері бағасының өсуі басты қозғаушы күш болып тұр (25,7%-ға дейін жеделдеген). Айлық инфляция төрт ай қатарынан 1,1%-ға дейін баяулаған (2022 жылғы қыркүйектегі 1,8%-дан), бірақ әлі де орташа тарихи мәннен жоғары. Айлық инфляция сияқты базалық инфляцияның көрсеткіштері де баяулап келеді, бірақ жоғары деңгейде қалыптасуда.
Ұлттық банк мәлімдемесінде инфляциялық күтулердің шырқау шегі 2022 жылдың желтоқсанында тіркелгені, бірақ халықтың әлі де қымбатшылық болады ау деген қорқынышының сейілмей тұрғаны айтылады.
«Жаһандық инфляция баяулай бастады, бұған энергия ресурстарына бағаның төмендеуі мен жеткізу тізбегіндегі жағдайдың біршама жақсаруы әсер етті. Сонымен қатар белсенді еңбек нарығына, күшті тұтынушылық сұранысқа және пандемиядан кейін Қытайдың ашылуына байланысты әлемдегі инфляцияның жеделдеу тәуекелі артып келеді. Болжам бойынша, жаһандық инфляция болжамды кезең ішінде біртіндеп баяулайды, ол орталық банктердің қатаң монетарлық саясат жүргізуімен және әлемдік экономиканың әлсіз өсуімен қатар жүретін болады. Сауда әріптес елдердегі (негізінен Ресейдегі – ред.) инфляцияның күтілетін төмендеуінің әсерінен Қазақстандағы тұтыну бағасына қысым әлсірейді», деп мәлімдейді Ұлттық банк.
Болжамға сәйкес, биыл базалық сценарийде жылдық инфляция – 9-12%, 2024 жылы – 6-8%, 2025 жылы 4-6% шегінде қалыптаспақ.
«Өткен жылғы жоғары база әсерінен жылдық инфляцияның шарықтау шегі 2023 жылдың I тоқсанында күтілуде. Инфляция болжамдарының жақсаруы ФАО астық өнімдері индексінің болжамды төмендеуіне, Қазақстанда өнімнің жақсы болуына, теңгеге қатысты нақты айырбастау бағамының нығаюына, сондай-ақ қызметтерге миграциялық шоктың ұстамды әсер етуіне байланысты», делінеді хабарламада.
Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматовтың айтуынша, инфляцияның айтарлықтай өсуіне және халықтың нақты табысының төмендеуіне қарамастан, тұтынушылық сұраныс әлі де оң қалпында қалып отыр.
«Тұтынушылық кредиттеудің өсуіне, жоғары инфляциялық күтулерге орай азық-түлікке жатпайтын тауарлар саудасының өсуі сақталуда. Бұл азық-түлікке жатпайтын импорттың артуына әкеледі. Қаңтарда негізгі капиталға инвестициялар 18,3%-ға (ж/ж) дейін өсті. Атап айтқанда, өнеркәсіпке қаражат салу көлемі – 9,2%-ға, ауыл шаруашылығында – 33,7%-ға, жылжымайтын мүлік операцияларында – 33,7%-ға, көлік пен қоймада сақтау саласында 31,8%-ға өсті.
Геосаяси жағдайдың айқын болмауы және азық-түліктің жоғары бағасы – сыртқы ортаның негізгі проинфляциялық факторлары болып қалды», деді Ғ.Пірматов.
ҰБ ел ішіндегі проинфляциялық факторлар күшеюі мүмкін екенін жоққа шығармайды. Жеміс-жидек пен көкөніс нарығындағы ұсыныстың күтпеген өзгерістеріне байланысты азық-түлік бағасы тез өсуі мүмкін деген тәуекелдер де сақталып отыр. Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығының реттелетін қызметтеріне тарифтердің және жанар-жағармай бағасының уақыты келген реформалары тауарлар мен қызметтердің кең ауқымына баға өсімін жеделдетіп жіберуі мүмкін.
Дегенмен сыртқы инфляциялық орта жақсара бастады. Көптеген елде, оның ішінде, Қазақстанның сауда әріптес елдерінде инфляциялық процестердің баяулағаны байқалады. Бұған шикізат пен тауар нарығындағы қысымның төмендеуі мен тауар жеткізу тізбектері жағдайының жақсаруы ықпал еткен.
«Жалпы алғанда, жаһандық инфляция одан әрі төмендейді деп күтіліп отыр. Бұған астық өнімінің мол алынуы, астық мәмілесін сақтау нәтижесінде астық бағасының төмендеуі және әлемдік экономикадағы өсудің баяулауы ықпал ететін болады. Нәтижесінде, бұл Қазақстандағы бағаларға да қысымның әлдеқайда әлсіреуіне алып келуі мүмкін. Соған қарамастан, алдағы екі жылда көптеген елде инфляция нысаналы таргеттен жоғары болады. Осыған орай сыртқы монетарлық жағдай қатаң қалпын сақтап, көптеген елдегі экономикалық белсенділікті тежейді», дейді Ұлттық банк басшысы.
Айтуынша, ұсынылып отырған болжамдар жағдайдың оң қырына қарай аунап келе жатқанына меңзейді. Атап айтқанда, жылдық инфляция біртіндеп төмендеп (жоғарыда көрсетілді), ел экономикасы өсім көрсете бастайды. Мәселен, алдағы үш жылда ішкі жалпы өнімнің 3,5-4,5% деңгейінде өсуі болжанады.
«Базалық сценарий кезінде тауар экспорты деңгейін мұнай өндіру көлемінің ұлғаюы қолдайды. Тауар импорты өсуді жалғастырып, біздің болжамымыз бойынша, тарихи максимумдардан асады. Импорттың арту деңгейі халық пен бизнестің сұранысын қамтамасыз етуге ішкі өндірістің жеткіліксіздігіне, мемлекеттік бағдарламалар мен бастамаларды іске асыруға байланысты. Сыртқы орта болжамының тәуекелдері геосаяси жағдайдың белгісіздігі мен азық-түлікке әлемдік бағаның жоғары болуына байланысты сақталып отыр. Сыртқы ортаның инфляциялық тәуекелдері мемлекеттік бюджет шығыстарының өсуіне, рубльдің әлсіреуіне және санкцияға қатысты Ресейдегі инфляцияның айлық көрсеткіштерінің жеделдеуіне байланысты», дейді.
Осы факторлардың барлығын ескере келе Ұлттық банк базалық мөлшерлемені қазіргі деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдаған. Бұл инфляцияны тұрақтандыру және оны орта мерзімді перспективада біртіндеп төмендету үшін қажет болмақ. Ғ. Пірматовтың айтуынша, Ұлттық Банк инфляциялық қысымды төмендетуге және бағаның өсу қарқынын баяулатуға бағытталған ақша-кредит саясатын жалғастырады. Бұл реттегі Ұлттық Банктің негізгі мақсаты – баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге сәйкес базалық мөлшерлеме бойынша шешім қабылдауды жалғастыру. Базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешім 2023 жылғы 7 сәуірде Астана уақытымен сағат 12:00-де жарияланады.