• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Елорда 27 Ақпан, 2023

Ерекше балаларға қолжетімді спорт

340 рет
көрсетілді

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев боччадан Астана қалалық турнирінің ашылу рәсіміне қатысты. Сайыс аталған паралимпиадалық спорт түрінен алғашқы жаттықтырушы және елордалық Бочча федерациясының бірінші президенті Сұлтанбек Орынбасаровты еске алуға арналды.

Жарыс «Қазақстан бочча федера­циясы» республикалық қоғамдық бір­лестігі мен «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қорының ұйымдас­ты­руы­мен және Астана қаласы әкім­дігі мен Л.Н.Гумилев атындағы Еура­зия ұлттық универси­тетінің қолдауымен өтті.

Өз сөзінде Мәулен Әшімбаев турнирге қатысып жатқан спортшылар­дың мұқалмас жігері туралы және елі­міз бойынша жүздеген баланың же­ңіс­ке деген құштарлығын оятқан жат­­тық­тырушы Сұлтанбек Орынба­саров­тың ерен еңбегі жөнінде айтты. С.Орынбасаров елордалық бочча федера­циясының негізін қалай отырып, осы сайысқа қызығушылардың алды­на Паралимпиада ойындарының чем­пионы болу деген биік мақсаттар қоя білді.

Сенат спикері турнирге қатысу­шы­ларға сәттілік тілеп, спорт сала­сын­да инк­люзивті орта қалыптас­тыру­дың және ерекше қажеттілігі бар аза­мат­тар­­­ды осындай сайыстарға жұмыл­ды­ру­­­дың маңызы зор екенін атап өтті. Сон­­дай-ақ ол ерекше қажеттілігі бар аза­­­мат­­тарды қолдау жөнінде кешен­ді жұ­мыс жүргізу және әр адам өзін жай­лы сезінетін кедергісіз орта қалыптас­ты­ру мем­лекеттің алдында тұрған ма­ңыз­ды міндеттердің бірі екенін атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше қажеттілігі бар азаматтарды қолдау мәселесіне үнемі баса мән беріп келеді. Паралимпиадалық спорт түрлері, бірінші кезекте, рухы асқақ, жігері мықты, мақсаты айқын адамдарға арналғаны сөзсіз. Кейінгі жылдарда елімізде бұл саланың қарқынды дамып келе жатқаны қуантады. Бүгінгі сайысқа қатысып жатқан жас спортшыларымыз алдағы уақытта халықаралық жарыстарда ел намысын абыроймен қорғайды деп сенемін, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Палата төрағасы Сенат бұл бағыттағы спортшыларға жан-жақты, оның ішінде заңнамалық деңгейде де қолдау көрсетуді жалғас­тыра беретінін айтты. Осы ретте Қазақ­стан бочча федерациясының кезектен тыс конференциясында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев аталған Федерацияның президенті болып сайланғанын атап өткен жөн.

Бұл турнирдің тағы бір ерекшелігі ретінде оған Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың көзі нашар көретін студент­терінің де қатысуын айтуға болады. Ұйымдастырушылар атап өткендей, мұндай сайыстар мүгедектігі бар балалардың ортаға бейімделуіне және өзгелермен қарым-қатынас жасау қабілетін жетілдіруге ықпал етеді.

Жарысқа 50-ден астам спортшы қатысты. Бақ сынағандардың қатарында ДЦП, көзі көрмеу, Даун синдромы, аутизм, интеллектің бұзы­луы, психикалық дамудың баяулы­ғы және басқа да дертке шал­дыққан балалар мен ересек азаматтар бар. Олардың басым бөлігі «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қорының бейімдеу спорт үйірмелеріне қатысушылар. Мұндай үйірмелер «Саламатты Қазақстан» әлеуметтік жобасы аясында еліміз бо­йынша ашылған болатын.

Естеріңізге сала кетейік, Бочча – доппен ойнайтын сайыс түрі. Оған тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдар қатысады. Бұл спорт түрі 1984 жылы Паралимпиадалық ойын­дардың бағдарламасына қосылған. Қазақстанда 2018 жылдан бері қолға алынып, мүгедектігі бар азаматтар, оның ішінде балалар мен жастар арасында кеңінен дамып келеді.