• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Балалар 27 Ақпан, 2023

АҚШ-қа жолдама алды

164 рет
көрсетілді

Роботтехникадан Орталық Азия ойындары – Central Asia FIRST CHAMPIONSHIP–2023 өз мәресіне жетті. Оны Оқу-ағарту министрлігі мен USTEM Robotics қоғамдық қоры ұйымдастырды.

Чемпионат нәтижесі бо­йынша біздің оқушылар АҚШ-та өтетін дүниежүзілік ро­бот­техника чемпионатына жол­дама алды. Хьюстон қала­сында өтетін FIRST додасында ел намысын 50-ге жуық оқушы қорғайды. Бұ­лар – жеңімпаз атанған 4 ко­манданың мүшелері. Сондай-ақ тағы 9 команда Аустралия, Марокко, АҚШ, Үндістанда өте­тін халықаралық ашық чем­пионаттарға қатысады.

– Чемпионат үш жас санаты бойынша ұйымдас­ты­рылды. Кішкентай балалар сатысында Алматы қаласының оқушыларынан құрылған Adeptus Mechanicus тобы АҚШ-та өтетін басты додаға жолдама алды. Ортаңғы санатта бас жүлдені алматылық Play 4 Energy тобы иеленді. Ал 12-18 жас санатында алма­тылық AENTA және NIS Kyran топтары жеңімпаз атан­ды. Үш күнге созылған сайыс тартысты өтті. Жыл са­йын роботтехникамен айналысатын оқушылар қа­тарының артқаны қуан­та­ды, – деді USTEM Robotics қорының жетекшісі Асылбек Мырзахметов.

24-26 ақпан аралығында өткен чемпионатқа еліміздің әр аймағынан 1 200 оқушы қа­тысты. Биылғы жарыс энер­гия тақырыбына арналды.

– Бұл бәсекеде Қазақстан­нан және көрші елдерден келген оқушылар өздерінің инновациялық жобаларын ұсынды. Кез келген жетістік шағын қадамдардан басталатыны анық. Сондықтан бүгінгі жобалар шағын масштабта болса да, көпші­лік­тің көңілінен шықты. Мені жас таланттардың жобалары қуантты. Бұл балалардың барлығы жаңа технологияларды дамытып, елдің дамуына үлес қосатын болашақ IT мамандар, инженерлер мен ғалымдар екені анық, – дейді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.

FIRST – STEM білім бе­ру саласындағы нәтиже­лерге қол жеткізуге және ХХІ ғасырдың дағдыларын да­мытуға ықпал ететін бағ­дар­­лама. Әлемнің жетекші оқу орындарының бірі Мас­сачусетс технологиялық инс­титутына түскен студент­тер­­дің 10 пайызы – дәл осы FIRST бағдарламасының түлектері. Еліміз аумағында FIRST бағдарламасы 2020 жылдан бері жүзеге асып келеді.