• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Әскер 28 Ақпан, 2023

Отанның шеті осы жер...

393 рет
көрсетілді

Қостанай облысының Қара­балық ауданы Ресейдің Челябі облысымен шектесіп жатыр. Шекарадағы «Қайрақ» авто­мобильдік бақылау бекетінен тәулігіне 2 мыңға жуық авто­көлік, 5 мыңдай адам ары-бері өтеді екен. Жазғы барыс-келіс қызған шақта күн сайын шекара бекеті арқылы кіріп-шығатын көлік саны 3 мыңға жуықтайды, ал адам саны 8 мың­ға дейін жетеді.

Қалғымайтын «Қайрақ»

Шекара күзетінде тұрған Отан сақшылары екі елі арасындағы көші-қон тәртібінің сақталуын қада­ғалайды. Жыл он екі ай бір толастамайтын көлік құралдарын тексеріп, жүгін сүзгіден өткізеді. Сондай-ақ мемлекеттік шекарадан алып өтуге тыйым салынған және бейбіт жұртқа зияны орасан нешетүрлі қауіпті контрабандалық заттардың жасырын жолдармен ел аумағына кіріп кетпеуін қатаң бақылайды. Мәселен, бекет басында тұрған сарбаздар былтыр шекара арқылы есірткі алып өтпек болған 57 адамды, заңсыз қару-жарақ, оқ-дәрі алып өтпек болған 20 шақты жолаушыны ұстаған. Мұның сыртында, шекарадан басқа адам­ның құжатымен өткісі келген үш шетел азаматы, жалған техникалық құжатпен автокөлік алып өтпек болған 20-дан астам шекара бұзушы қолға түсті. Шекарашылар оларды көлігімен қоса Қарабалық аудандық полиция бөліміне тапсырған.

«Қайрақ» сарбаздары, сонымен қатар шекара түбіне келген шетел азаматтарының көші-қон заңына қайшы әрекеттеріне тосқауыл қояды. Заңды бұзғандар көбіне елден сыртқа шығар кезде ұсталады.

– Біз оларды тоқтатып, ұстап, неліктен көші-қон меке­месіне барып тіркелмегенін анық­тап, түсініктеме аламыз, сүзгі­ден өткіземіз. Кешіккен күнін санап, анықтаймыз. Мәселен, 20 күн кешік­кен заң бұзушы сот шешімімен айып­пұл жазасына кесіледі немесе 5 жылға депортацияланады. Егер мерзімі 5 күннен аспаса немесе 10 күнге дейін болса, біз мұндай азаматтарға өзіміз Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс бойынша 10 АЕК-ке дейін айыппұл сала аламыз. Үш күн кешіккен адамдарға қатысты хаттама толтырып, ескерту береміз. Былтыр көші-қон тәртібін бұзған 200-ден аса шетел азаматына айыппұл салдық. Шетелдік азаматтарды мемлекеттік шекара арқылы өткізу пунктіндегі режімді бұзғаны үшін де әкімшілік жауапкершілікке тартамыз. Өткізу бекетінің аумағында маршрут тәр­тібі бұзылса, құжатсыз келсе немесе көліктегі жүк құжатта дұрыс көрсетілмесе, біз Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 513-бабы бойынша 5 айлық есептік көр­сеткішке дейін айыппұл сала­мыз. Құжатсыз келгендер мен құжа­ты­ның мерзімі өткендер де әкім­ші­лік жауапкершілікке тартылады. Кейбіреулер білмей қалдым, енді біреулер ұмытып кеттім дейді. Үйінен құжатсыз шығып кетіп, ше­караға келген соң есіне түседі. Біз олар­ды жай жібере салмаймыз, мұн­­дай адамдардың әрекетін мем­ле­кеттік шекарадан құжатсыз өтпек бол­ды деп түсінеміз. Сондықтан азамат мемлекеттік шекараның өткізу пунктіне құжатсыз кіргеннен кейін режімді бұзған болып есептеледі, – дейді «Қайрақ» автомобильдік ше­кара бақылау бөлімінің бөлімше бас­тығы капитан Ғалымжан Дәулет.

Өткізу пунктінің айналасында отыздан астам бейнекамера жұмыс істеп тұр. Бұл қырағы құрылғылар шекара түбіне жақын келген адам түгілі, сол маңайда қыбырлап бара жатқан құмырсқаны да әр басқан адымына дейін қалт жібермей бақылауда ұстап отырады.

 

Иісшіл иттің көмегі зор

«Қайрақтағы» шекара күзетінде 13 арнайы ит қызмет етеді. Оның 11-і есірткі заттарын табуға бейімделген. Ал Найза атты шекарашы ит оқ-дәрі, қару-жарақ табуға үйретілген. Ринго дала тасбақасы, сұңқар, аюдың өті мен табаны, киік мүйізі сияқты халықаралық саудада бәсі жоғары аса қымбат дериват түрлерін қиналмай табады. 2021 жылы Ринго шекара түбіне келіп тоқтаған автокөліктердің бірінен «Қызыл кітапқа» енген 2 дала тасбақасын тауып алған. Балқаштың солтүстік-шығысындағы құмдауытта тіршілік ететін дала тасбақаларының соры – тас сауытының астындағы өт сияқты ащы сұйықтық. Одан аса қымбат дәрі жасалады. Сондықтан жыл санап сиреп бара жатқан жа­зықсыз жануар сұқ көз, суық қолдан қор­ғауды қажет етеді.

Шекарадан өткізу пунктінде, әсі­ресе, арғы-бергі бетке заңсыз есірткі алып өтпек болғандар жиі ұсталып жатады. 2022 жылдың ең үздік шекарашы-кинологы атанған қызметтік иттердің аға нұсқаушысы Қайрат Валиевтің айтуынша, «Қайрақтағы» арнайы иттер есірткі табуға машық­танған иісшіл иттер арасында өтетін республикалық жарыстардың бәрінде жеңіс тұғырынан көрініп келеді.

– Күшік кезінен өзім үйрет­кен Зита дейтін неміс овчаркасы бар еді. Қазір ол ит зейнетте. Екеу­міз талай есірткі тасымалдаушыны әшкереледік. Дегенмен жаныма ең жақыны – бельгиялық овчарка малинуа тұқымдас Мая атты ит. Неміс овчаркалары баяу қимылдайды. Бель­гиялық ит жылдам әрі жұмыста шаршамайды, күніне жүздеген авто­көлікті тексеріп шығады, – дейді аға нұсқаушы.

Шекарашы апельсин сияқты жұм­сақ ойыншықты қолынан тастамайды екен. Маяның көзі сонда. Оның сырын сұрап көріп едік, арнайы ит осы ойыншықты алу үшін кез келген бұйрықты орындайды екен. Есірткі тапса, ақысына ойыншық алады. Ит ойыншықсыз тұра алмайтындай етіп үйретілген. Есірткі тапса, ойыншық алатынын біледі. Жалпы, арнайы иттер ойынға немесе тамаққа құштар болып бөлінеді екен. Мысалы, жалқаулау келетін неміс төбеттері мен лабрадорлар үнемі тамақ тілеп тұрады. Бір түйір тағам үшін бәрін істеуге бар. Мұндай иттермен жұмыс істеу қолайсыз. Қалтаңда үнемі шұжық немесе сыр жүру керек. Ал Мая сияқты иттер ойыншық іздейді.

– Маяның бір ерекшелігі өте та­банды ит. Қызмет барысында әртүр­лі жолаушылар кездеседі. Қойын-қонышын иіскелеп, тіміскіленген итті кейде теуіп жіберетіндер де бар. Мая ондайды елемейді. Егер бір нәр­сені сезсе, мен келгенше сол адам­ның қасынан шықпай тұрып алады. Мен келіп шекарадан алып өту­ге тыйым салынған зат тапсам ғана итке ойыншығын берем, таба ал­масам ойыншықты беруге болмайды. Өйткені ит жаман үйренеді, өтірік есірткі таптым деп алдауға көшеді. Мая 2016 жылы туған. 2019 жылдан бері біргеміз. Былтыр осы иттің көмегімен 30 шақты есірткі құралын таптық. Көлік кабинасының қуыс-қуысына, заттардың арасына, шұлыққа тығып өтпек болғандарды ұстадық. Бірде Ресейден кіріп келе жатқан Қырғызстан азаматы қоқыс салатын ыдыстың ішінде ішілген йогурт құтысының ішіне есірткі тығып қойған жерінен ұсталды. Тексеру барысында бүкіл заттарын, аяқ киіміне дейін қалдырмай қарап шықтым. Ештеңе таппадым. Ал Мая пакетке бір, маған бір қарайды. Пакетті ала беріп ем, азамат ішінде қоқыстан басқа ештеңе жоқ деп ұстатқысы келмеді. Түбінде йогурт құтысы жатыр екен, оның ішіндегі есірткіні пинцетпен алып шықтық. Былтыр Ресей азаматы мініп келе жатқан «Ауди» автокөлігін тексердік. Мая пештің маңайында есірткі бар дегендей ишара етті. Бүкіл панельді ашып қарадық, ештеңе таба алмадық. Сыртқа шығып, көлік иесіне капотты ашыңыз дедім. Капот ашыла салысымен, Мая секіріп мініп, пешке барып жалғанатын түтікті көрсетті. Бекіткішін бұрап босатып алып қарасақ, түтіктің ішіне 10 грамдай есірткі тығыпты. Кейде басқа бір көлікті тексеріп жатсам, Мая мені есірткі жасырынған автокөлікке қарай тартқылап, өзі ертіп апарады. Тағы бірде Мая Қазақстан азаматы мінген автокөлікке ертіп барды. Жылдамдық ауыстырғыш тетіктің резеңке қаптамасының ішінен көкнәр шықты. Көлік иесі есірткіні жалма-жан жұтып қоймақ болып аузына апара бергенде, қолынан шап беріп ұстап алдым. Жұтып қойса, ештеңе дәлелдей алмай қаламыз. Еңгезердей, қарулы жігіт. Есірткіні жіберместен, қолын қалтасына салып алды. Сол сәтте өзге тексерушілер де жүгіріп келді. Мен тезірек скотч әкеліңдер дедім. Осылайша, қолын скотчпен денесіне таңып тастадық. Егер ол есірткіні жерге лақтырып жібергенде, оны алып, көлікке қайта салсам, қасақана қалтама салып жіберді деп маған жала жабатын еді, – дейді Қайрат Валиев.

Шекарашылар былтыр дәл осы Маяның көмегімен көлік орын­ды­ғы­ның астына тығып қойған сөм­ке­ден 72 оқ тауып алған. Капитан Ғалым­жан Дәулеттің айтуынша, ары-бері ағылып өтіп жататын жолаушылар автобустарының ішіне де есірткі тығып қоятындар болады.

– Олар оңай ұсталады. Екі орын­дықтың аралығына, астына, перде­нің қуысына тығады, қол жүгін қоятын сөренің бір бұрышына қоя салуы мүмкін. Мұндай адамдар есірткі табыла қалған жағдайда оның менікі екенін ешкім дәлелдей алмайды деп ойлайды. Мұндай кездерде біз жүргізушіден жауап алып, бұл орында кім отырғанын анықтаймыз. Оның айналасында отырған 4-5 кісіні итпен тексереміз. 5 адам болса, бесеуін де иіскеп шыққан ит есірткі алып бара жатқан адамды айна қатесіз тауып береді. Кейде үріп, кейде киі­мінен тартқылап белгі берсе, кей­де күдіктінің жанына отырып алады. Оның бәрі бейнетаспаға жазылады. Жалпы, шекарадан өткізуге ты­йым салынған заттарды анықтау жұ­мыстарының жартысын осы арнайы иттер жасайды, – дейді бөлімше бастығы.

 

Шекара күзетінде – жергілікті тұрғындар

«Алматы – Екатеринбург» халық­аралық автомагистралында тұрған көлік өткізу бекетінің екі жағына қарай тартылған мемлекеттік шекара сызығын аға лейтенант Еркебұ­лан Шымыр бастаған сарбаздар күзете­ді. Қостанай облысындағы ше­кара бөлімшелерінің ішіндегі ең үздігі – осы бөлімше. Тікен сымнан тартылған шекара қоршауы қазақ тарихында орны ерекше Тройцкі қаласына тиіп тұр, арасы жеті-ақ шақырым. Бұл жер ең қауіпті шекаралық аумақ саналады. Өйткені құжаты жоқ шетелдіктер мен басқа да теріс пиғылды адамдар автокөлік өткізу бекетіне жетпей түсіп қалып немесе алдымен Тройцкіге тоқтап, шекараның бергі бетіне су арқылы өтіп кетуге тырысады. Бөлімше бас­тығының міндетін атқарушы Ерке­бұлан Шымырдың өзі бастап арнайы жасақпен бірге шекара бойын бір сүзіп шықтық.

– Ақиық ақын Мұқағалидың

«Мен, міне,

Отанымның шетіндемін.

 Маған жер жоқ,

 Отан жоқ әрі қарай,

 Әрі қарай мекен жоқ

жаныма жай»

деп келетін өлеңін білесіз бе? Сіз бүгін Отан шетіндесіз! – деп сұраулы жүзбен күлімсірей тіл қатты жайдары мінезді аға лейтенант.

Мен де тосылып қалмай:

«Осы жерден Отаным

басталады,

Бақытымның осында

тас қамалы.

Әрі қарай басқа өмір,

басқа тірлік,

Әрі қарай мен үшін

тас қараңғы», –

деп жалғай жөнелдім.

– Бәрекелді, ағай, мемлекет шекарасын күзету әркімге бұйыра бер­мейтін бақыт қой. Анау жерде Үй өзені қатып жатыр. Шекара бұзу­шылар қыста мұздың үстімен жаяу өтіп кетуі мүмкін. Былтыр мемле­кеттік шекараны бұзып өтпек бол­ған 41 адамның жолын кестік. Шека­раның арғы бетінен өтіп кеткен 3 қылмыскерді ұстадық. Біз жақтан көбіне Өзбекстан мен Тәжікстанның азаматтары шекараны жаяу кесіп өтпек болады. Ресей жағынан келетін шекара бұзушылар да көп. Өткен жылы жеке өзім бастап шыққан жасақ шекара бойына орнатылған дабыл белгісі арқылы қауіпті қылмыскерді ұстап алдық, – дейді Еркебұлан.

Бұл бөлімшедегі жауынгерлердің дені – жергілікті Қарабалық ауданынан іріктеліп алынған кілең сайдың тасындай мықты жігіттер. Бәрі Отан алдындағы борышын келісімшарт бойынша атқарып жүр. Айлықтары жоғары, әлеуметтік жағдайларын мемлекет жасап беріп жатыр.

Шекара бұзушы бүгін жауын-шашын немесе ақ түтек қарлы боран соғып тұр екен деп күн райының ашылғанын күтіп жатпайды. Мем­лекеттік шекараға кез келген сәтте қауіп төнуі мүмкін. Сондықтан «бір сәт қалғуға құқымыз жоқ» дейді қы­рағы сақшылар.

 

Қостанай облысы