Адам капиталын дамытуда еңбек нарығындағы сапалы кадрларды арттырудың маңызы зор. Бұл бағытты ішінара шетелден пайдалы жұмыс күшін тарту арқылы да ілгерілетсек, ұтылмасымыз анық. Осыған баса мән берген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында тиімді көші-қон саясатына тоқталып, шетелден білікті мамандарды шақырту керек екенін атап өтті. Ал мұндай талапқа сай келетін мамандар шетте туып-өскен өзіміздің қаракөздеріміз болса, құба-құп. Осындай мүмкіндік тудыратын «Ата жолы» картасы биылдан бастап қолға алынып отыр.
Карта иегерлерінің саны жыл сайын артады
Жаһанның 40-тан аса еліне жайылған қазақ жұртына тағы бір ақжолтай жаңалық жетті. Жоғарыда атап өткен Президент бастамасы аясында Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі биыл «Ата жолы» картасы 5 мың адамға берілетінін мәлімдеді. Бұл туралы құзырлы министрліктің 2023-2027 жылдарға арналған даму жоспарында жазылып, жарияланды.
Карта шетелден келетін репатрианттарға, яғни шетел қазақтарына беріледі. Осы ретте репатрианттардың атауына аз-кем тоқтала кетсек. Шетелден келген қазақтардың атауы әу баста «оралман» еді. Бұл – әлеуметтік мәртебе. Яғни сол мәртебенің аясында репатрианттар атажұрт тарапынан берілетін игіліктер мен жеңілдіктерге ие болып келді. Кейін бұл «оралман» сөзіне қырын, қиғаш дау айтатындар да табылды. Алайда тіл мамандары бұл атаудың дұрыс екенін алға тартады. Мәселен, байырғы атақонысына қайта оралған қазақтардың «оралман» атануының өзіндік заңдылығы бар.
Яғни бұл – «көрермен», «оқырман» сынды қазақтың сөздік қолданысына сай жасалған тілдік бірлік. Ал «қандас» сөзі айтуға жеңіл, жүрекке жылы тигенімен, қазақта қарындас (бір жатырдан тараған), қандас, рулас, бауырлас, қаймана тәрізді туыстық жақындығына сай түрлі санатқа жіктеліп айтылады. Мұндағы «қандас» – қыз алысып, қыз беріспейтін, қан жақын туыстықты білдіретін атау-тұғын. Бұл – қазақ тілінің заңдылығын жіті білетін мамандардың уәжі. Рас, «оралман» атауының оғаштығы жоқ еді. Десек те ешкімнің көңіліне келмейтін, әлеуметтану ғылымының тілімен репатриант дегеніміз жөн шығар...
Ал енді Алаш жұртын айрықша қуанышқа бөлеген «Ата жолы» картасына оралсақ. Карта туралы әңгіме 2019 жылдың мамырында айтыла бастады. Дәлірек, «Отандастар қоры» КеАҚ, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы және Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп, бірегей «Қазақ картасы» жобасы репатрианттардың игілігіне арнап жоспарланған. Әйткенмен бұл сыбыстан кейін дыбыс шықпай, дымымызды құртқан. Шетелден келетін қазақтардың шаруасымен айналысып жүрген ұйымдарға БАҚ өкілдері сауал жолдап, картаның соңына шырақ алып түссе де, түк шықпады. Шетелдегі ағайын болса, картаның қашан ашылатынына «карта ашып» жата берді. Сонымен сиырқұйымшақтанып бара жатқан картаның тағдырын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Босымбекқызы түнектен қайта түлеткендей болды.
– «Ата жолы» картасын (америкалық Green Card-қа ұқсас) енгізу ұсынылады. Бұл құжат жоғары деңгейдегі кәсіби маман немесе өздері тұратын елде табысты бизнес-кейстерді іске асырған және оларды Қазақстанда жүзеге асыруға ықыласты қазақтарға беріледі, – деді Тамара Дүйсенова 2022 жылдың соңында болған Үкімет отырысында.
«Ата жолы» картасымен шетел қазақтары 10 жылға жеңілдетілген виза ресімдеп, елімізде өз кәсібін дамытуға мүмкіндік алады. Жыл сайын карта иегерлерінің саны 5, 10, 15 мыңға артып, 2027 жылы 40 мыңға жетуге тиіс деп жоспарланып отыр.
Министрдің айтуынша, шетел қазақтары тарихи Отанын дамытуға қосқан үлесі үшін жыл сайынғы «Парыз» байқауы аясында Президент сыйлығымен марапаттауға да ұсынылады.
– Екінші – елге келетін қандастардың көші-қонын реттеу тетіктерін жетілдіру. Яғни еліміздегі демографиялық және экономикалық үрдістерді ескере отырып, құжаттарды ресімдеудің алғашқы кезеңінде қандастарды еңбек күші тапшы өңірлерге қоныстануға қосымша ынталандыру ұсынылады, – деді министр.
Тұжырымдаманың тұшымды тұсы
Әзірлеген жаңа тұжырымдама тоқыраңқырап тұрған қазақ көшінің бойына қайта қан жүгірте ала ма? Осы ретте көші-қонға қатысты құзырлы орынның пікіріне жүгіндік. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитетінің төрағасы міндетін атқарушы Ілияс Испановтың айтуына қарағанда, жаңа тұжырымдаманың тұшымды тұсы көп.
– Құжат Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әзірленіп, Экономикалық реформалар жөніндегі жоғары кеңесте мақұлданған. Тұжырымдама еліміздің көші-қон саясатын реттеуді және экономикалық дамуын кадрлық жағынан қамтамасыз етуді көздейді. Оның аясында алдағы жұмыстың басты 3 блогі айқындалды. Атап айтқанда, елімізге білікті кадрлардың келуін ынталандыру; шетелде жұмыс істейтін қазақстандықтардың құқығын қорғау және өңірлер арасындағы демографиялық теңсіздікті жою. Сондай-ақ елімізге ең тапшы мамандықтар бойынша 500 білікті маманды тарту үшін 7 бағытта жұмыс жүргізіледі, – дейді ол.
Тұжырымдама аясында инвестициялық виза берудің төменгі шегін 300 мың долларға дейін (шамамен 140 млн теңге) төмендету қарастырылған. Қазақстанға кемінде осындай көлемде инвестиция салған шетел кәсіпкерлеріне «Инвесторлық виза» беріледі. Аталған визаның көмегімен ел аумағында тұруға, бизнесін тіркеуге, мүлікке иелік етуге, қызметкер жалдауға, қаржы төлемдерін жүргізуге және олардың кәсіпкерлік қызметінен туындайтын басқа да операцияларды еркін жүзеге асыруға болады. Бұған қоса көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасында шетелде жұмыс істейтін отандастарымыздың құқығын қорғау мәселесі қарастырылған.
Мультипликативті мүмкіндіктер
«Отандастар қоры» – шетелде тұратын отандастарға және Қазақстанға көшіп келген қандастарға қолдау көрсететін ұйым. Қор президенті Абзал Сапарбекұлының айтуынша, қазір қор шетел қазақтарының ұлттық бірегейлігін сақтау үшін түрлі мәдени іс-шаралар өткізіп, қазақ тілін үйрету мен білім беру саласын дамыту, отандастарға ақпараттық қолдау көрсету бойынша көптеген іс атқарып отыр. Осыған орай, айтулы картаның жай-жапсарын, қандай мүмкіндіктері барын сұрап көрген едік.
– «Ата жолы» картасын алған қазақтар саяси құқықтарды қоспағанда, бизнесін тіркеп, мүлікке, оның ішінде тұрғын үйге иелік ете алады, қаржылық операциялар жүргізуіне болады, сондай-ақ тұруға рұқсат беріледі. Жалпы, келешекте карта иегерлерінің ауқымы кеңейіп, саны да, сапасы да арта түседі деген сенімдеміз, – дейді А.Сапарбекұлы.
Оның айтуынша, алдағы уақытта картаны алуға ниет білдіруші азаматтардың қатары көбейіп жатса, тиісті көлемді ұлғайтуға болады.
– Мемлекет «Ата жолы» картасы арқылы мықты бизнесмендердің айналасына немесе соның бизнесінің төңірегіне өздері қоныс аударған елдегі жерлестерінің де көшіп келуіне ықпал етуді көздейді. Мұндай тәжірибені қолданудың қажеті жөнінде ертеректе қоныс аударған қандастарымыз тарапынан бұрыннан айтылып жүретін. Сондықтан бұл әдістің ар жағында қандастардың топтап көшіп келуімен қатар олардың жұмыспен қамтылуы, жаңа ортада тез бейімделуі сияқты мультипликативті мүмкіндіктері бар екенін ескергеніміз жөн. Әрине, бұл – алғашқы қадам. Жалпы алғанда, «Отандастар қоры» «Ата жолы» картасының аясын кеңейту туралы ұсыныс берді. Атап айтқанда, тек бизнес өкілдерін ғана емес, шетелдегі қазақтың мүддесіне қызмет етіп жүрген белсенділер мен танымал, беделді қандастарға да беруді ұсынып отырмыз, – дейді қордың президенті.
«Отандастар қоры» шетелдегі қазақтармен мәдени-іскерлік байланыстарды дамыту, білім беру, сондай-ақ тарихи Отанына оралуға ниетті қандастарға ақпараттық және консультациялық көмек көрсету сияқты жобаларды жалғастыра отырып, көші-қонды жандандыруға үлес қоспақ ниетте.
– Атажұртым деп көзді жұмып, сағынышты көңілмен көптеп келетін қандастар жылдан-жылға азайып барады. Жаппай қоныс аударушылардың легі еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдардың бірінші ширегіне тән. Осыны ескере отырып, мемлекеттің саясаты да заман талаптарына сай өзгеріп жатыр. Көші-қон саясатын реттейтін жаңа тұжырымдама аясында көшті қолдауға жаңа өзгерістер енгізілді, – дейді А.Сапарбекұлы.
Оның ішінде Үкімет айқындаған өңірлерге қоныстанатын, тұрақты жұмысы бар қоныс аударушыларға сатып алатын тұрғын үй құнының 50%-ы көлемінде қаржылай көмек ретінде экономикалық ұтқыр сертификатын беру қарастырылған. Аталған қаражат құрылысқа, тұрғын үй сатып алуға немесе «Отбасы банк» АҚ арқылы баспана алатын болса, бастапқы жарнаны енгізуге бағытталуы мүмкін. Бұл бойынша ресми заңнамалық құжаттар қабылданған кезде хабарланбақ.
«Ата жолы» бірегей картасы жөнінде шетелде тұратын әріптестерімізге байланысқа шығып, пікірін білген едік. Олардың көз тігіп, құлақ түріп отырғаны да осы екен. Аталған карта іске қосылысымен іске кірісуге дайын шетел жастарының қарасы мол көрінеді. Байқауымызша, олар карта ашылған күннен бастап кейінгі жылдарда байырқалап қалған қазақтың байсалды көшін қайта қозғауға зор септігін тигізеді деп сенеді.