Парламент Мәжілісінде палата Төрағасы Қабиболла Жақыпов пен Иордания Парламенті Сенатының Спикері Абдур-Рауф Рауабде кездесіп, парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайту болашағын талқылады, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.
Тараптардың, пікірінше екі ел басшыларының тұрақты кездесулері қос ел ықпалдастығының дамуына серпін беріп, бүгінгі күні өзара достық және берік әріптестік орнаған.
Мәжіліс Спикері Таяу Шығыста тұрақтылық пен бейбітшілікті қамтамасыз етуде аталған мемлекет рөлін жоғары бағалай келіп, Иорданияның әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалар жолындағы жетістіктеріне тоқталды.
Қабиболла Жақыпов Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық бастамаларына, оның әлемде бейбітшілікті қамтамасыз етудегі маңыздылығына айрықша назар аудара келіп:
– Осы ретте иорданиялық тараптың ядролық қаруды таратпауға қатысты қазақстандық бастамаларға көрсетіп жатқан қолдауын өте жоғары бағалаймыз. Сондай-ақ, Иордания Королі Абдалла II-нің Таяу Шығыста ядросыз аймақ құру жолындағы идеясын қолдаймыз, – деді.
Абдур-Рауф Рауабде өз кезегінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығының нәтижесінде қол жеткізілген біздің еліміз дамуына жоғары баға берді. Сондай-ақ, Спикер Орталық Азия аймағындағы Қазақстанның маңызды рөліне тоқталды.
Одан әрі Қ. Жақыпов өз әріптесін 2014-2015 жылдарға арналған БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелерін сайлауда Иордания мемлекетінің жеңіске жетуімен құттықтап, жаңа табыстар тіледі.
Мәжіліс Төрағасының атап өткеніндей, Иордания – Қазақстанның Таяу Шығыстағы жақын одақтастарының бірі. Сондықтан, біздің еліміз алдағы уақытта да екіжақты сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, сондай-ақ, парламентаралық өзара іс-қимылды күшейтуге ниетті.
– Біз иорданиялық әріптестерімізбен бейінді комитеттер деңгейінде ықпалдасуға дайынбыз. Және біздің парламенттеріміз арасында ынтымақтастық жөніндегі топ құру да маңызды болып табылады, – деді Қ.Жақыпов.