Бұқаралық ақпарат құралдарына жасалған шабуылдарды ұйымдастырған күдіктілер ұсталды. Бұл туралы ІІМ және ҰҚК ведомствоаралық жедел-тергеу тобы хабарлады.
Күдіктілерге Қылмыстық кодекстің 115-бабы «Қорқыту», 147-бабы «Жеке өмірге қол сұғу», 158-бабы «Журналистік қызметке кедергі келтіру», 202-бабы «Біреудің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру» және 293-бабы «Бұзақылық» бойынша айып тағылып отыр.
Ресми мәліметке сүйенсек, Алматыдағы арандатушылық шабуылдардың тікелей үйлестірушісі деген күдікпен шетелдік азамат, білікті хакер О.Токарев ұсталған. Оның уақытша тұрып жатқан жерінен шабуылдарды басқару, анонимді Telegram-аккаунттарда «тапсырыстар» беру, орындаушыларды табу және олардың әрекетіне ақы төлеу жүргізілген техника табылған. Аталған топ Вадим Борейкоға, Гүлнар Бажкеноваға, Гүлжан Ерғалиеваға, Самал Ибраеваға және бұқаралық ақпарат құралдарының басқа да өкілдеріне қарсы 30-дан астам арандатушылық шабуыл жасаған.
Атап айтқанда, күдікті автокөлікті өртеу, журналистерге, олардың туыстары мен редакцияларға қоқан-лоқы көрсетіп, сайтқа DDoss шабуыл жасауға тапсырыс берген. Ресми мекеменің хабарлауынша, қылмыстық топтың басты мақсаты – журналистерге осындай шабуыл жасау арқылы Президент пен жүргізіліп жатқан демократиялық реформаларды дискредитациялау. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу мүддесіне байланысты басқа мәліметтер жария етілмейді.
«Алматы мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының 2023 жылы 24 ақпандағы ақпараты бойынша, сот қаулысымен тергеу органдарының күдікті Т-ны екі айға қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы туралы өтініші қанағаттандырылды. Яғни 2023 жылдың 22 сәуіріне дейін», делінген сот хабарламасында.
Бұған дейін Ішкі істер министрлігі кейінгі жарты жылда журналистер мен блогерлерге қатысты заңсыз әрекеттер жасаған 18 адам ұсталғанын хабарлаған еді.
«Жәбірленушілерге қатысты жылжымайтын мүлікке қасақана зақым келтіру, автокөліктерді өртеу, оларға әртүрлі заттарды жөнелту арқылы қорқыту фактілері, жәбірленушілердің мекенжайлары бойынша терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарламалар және Интернет желісінде дербес деректерін тарату фактілері жасалды. Осы қылмыстарды ашу үшін ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды. Бұған қатысы бар 18 адам ұсталды», деген еді ІІМ.
Естеріңізде болса, бұған дейін журналистер мен блогерлерге бірнеше рет шабуыл жасалған еді. Мәселен, белгісіз біреулер Вадим Борейконың пәтерін сыртынан бекітіп кетуге тырысқан. Сондай-ақ таяуда журналист пен оның операторының көлігін өртеп кетті. Ал 14 қаңтарда белгісіз адамдар журналист Динара Егеубаеваның автокөлігіне от қойып кеткен-тұғын. Сондай-ақ бірқатар сайтқа шабуыл жасалып, редакцияларға қоқан-лоқы көрсетілген «сәлемдемелер» жеткізілген-ді.
Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай әлеуметтік желідегі парақшасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарына журналистерге қарсы қылмыстарға қатысты тапсырма бергенін хабарлаған.
«Президент құқық қорғау органдарына журналистерге қарсы бағытталған бірқатар қылмыс бойынша мұқият тергеу жүргізуді тапсырды. Қоғамдық қауіпсіздік пен мемлекеттің беделіне нұқсан келтіру үшін жасалған бұл заңсыз әрекеттердің орындаушылары ғана емес, тапсырыс берушілері де анықталуға тиіс», делінген жазбада.