• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
24 Маусым, 2014

Сот шешімін орындамасаң жаза бар

836 рет
көрсетілді

Елбасымыздың «Қазақстан-2050 Стратегиясы – қалыптасқан  мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында орындалмаған сот шешімдеріне байланысты сот билігінің беделіне нұқсан келетіні айтылады. Осыған орай, бұл кемшіліктерді жоюға байланысты  жаңадан шаралар қабылданды. Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру мақсатында Әділет министрлігі атқарушылық іс жүргізу жүйесін заңнамалық тұрғыдан қуаттады. Биылғы жылдың 15 қаңтарында «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»   Заңға қол қойылып,  күшіне енгізілді. Батыс Қазақстан облысы Сот актілерін орындау департаментінің басшысы Күнсәуле Аралбековамен әңгімеміз осы бағытта өрбіді. – Күнсәуле Айсағалиқызы, әңгіме­мізді қол қойылған заңның мән-маңы­зынан бастасақ. – Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар сот орындаушыларының мәртебесін жоғарылатып, сот шешімдерінің уақы­­­­тында орындалуына ықпалын тигізері анық. Егер Заңға енгізілген өзгерістер мен түзетулерді таратып айтар болсақ, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 524-бабына енгізілген өзгерту бойынша сот үкімін, сот шешімін немесе өзге де сот актісін және атқарушылық құжатты орындамаған жағдайда бес тәуліктен он тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алынады. Сонымен қатар, айыппұл мөлшері де өсіп отыр. Аталған кодекстің 551-2-бабына да өзгерістер енгізілді. Бұрын 525-бабымен – сот орындаушының талабын орындамау, 526-бабымен – алимент өндіріп алынатын адамның жұмыс орны өзгергендігін жасыру, хабарламау, 527-бабымен – лауазымды адамның атқару құжатын жоғалтуы бойынша сот орындаушы хаттама жасақтап сот қарауына жолдайтын еді. Енді жаңа заң бойынша атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті орган осы кодекстің 525-527-баптарында көзделген әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қарайды. Әкімшілік істер бойынша жаза қолдануды сол уәкілетті органның басшысы, орынбасары, аумақтық бөлім басшылары жүзеге асырады. Бұрын әкімшілік іс құжаттарын сотқа апарып жүргенде сот орындаушының тұтастай бір жұмыс күні кететін еді. Аталған әкімшілік істерді атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті органның қарауына беруі тағы бір мәрте сот орындаушының мәртебесін арттырып отыр. Заңның 85-бабында аукцион өткізілмеді деп жарияланған жағдайда өндіріп алушыға бастапқы бағасы жиырма пайызға төмендетілген бағамен мүлікті өзінде қалдыру құқығы беріледі десе, жаңа заңда өндіріп алушыға мүлікті бастапқы құны бойынша өзінде қалдыру туралы ұсыныс, ал бас тартқан жағдайда қайталама сауда-саттыққа қатысу құқығы беріледі, екінші голландық әдіспен өтпеген жағдайда жиырма пайызға төмендетілген бағамен ұсынады. Өндіріп алушы мүлікті қабылдаудан бас тартқан кезде, яғни борышкердің басқа мүлкі болмаған жағдайда сот орындаушысы оны қайта бағалау және одан әрі өткізу жөнінде шаралар қабылдайды делінген. Көп жағдайда екінші деңгейдегі банк­терге мүліктерін жиырма пайызға төмен­детілген бағамен ұсынған кезде ұзақ уақыт жауап берілмей, атқарушылық құжаттың орындалуына кедергі келтіретін еді. – Сот үкімін, сот шешімін орын­­­дамаған борышкерлер қандай жауап­кершілікке тартылады? – Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 362-бабымен сот үкімін, сот шешімін орындамаған борышкерлерді қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін ішкі істер органдарына ұсыныс жолданады. Жаңа өзгерістер бойынша, сот актісін алты айдан астам орындамау, мұны дәл осындай әрекет жасағаны үшін бір жыл ішінде әкімшілік жаза қолданылған адам жасағанда бір жүз сексен сағаттан екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыс­­­тарға тартуға, не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Билік өкілі, мемлекеттік қызметші, жергілікті өзін-өзі басқару органының қызметшісі, сол сияқты мемлекеттік мекеменің, коммерциялық немесе өзге де ұйымның қызметшісі жасаған теріс әрекеттер – бес жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымды атқару немесе бір қызметпен айналысу құқығынан айыруға не бір жүз сексен сағаттан екі жүз қырық сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не үш жылдан бес жылға дейін бас бостандығынан айыруға жазаланады. Сонымен қатар, 362-бап бойынша қозғалған қылмыстық істерді алдын ала тергеуді ҚІЖК-нің 192-бабы 2-бөлігі бойынша ішкі істер органдарының тергеуші­лері жүргізеді. – Өзгерістер мен толықтырулар енгізілген жаңа заңда әкелік борышын өтеуден жалтарғандарға жауапкершілік қатаңдатылған сияқты. – Жаңа заңда борышкер әкелер өз міндеттерін үш айдан астам уақытта орындамаған жағдайда, бір жүз жиырма сағаттан, бір жүз сексен сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмысқа тартылады, не болмаса екі жылға дейінгі бас бостандығынан айырылу жазасына кесіледі. Кәмелетке толмаған балаларға төленетін алимент бойынша берешектің мөлшерін алимент төлеуге міндетті адамның алимент өндіріп алынбаған кезеңдегі жалақысы мен өзге де кірісін негізге ала отырып, сот орындаушысы айқындайды. Егер алимент төлеуге міндетті адам осы кезеңде жұмыс істемеген болса немесе оның табысы мен өзге де кірісін растайтын құжаттар тапсырылмаса, алимент бойынша берешек сол берешекті өндіріп алу кезінде республикалық орташа айлық жалақы мөлшерімен есептелінеді. Борышкер сот орындаушысына атқарушылық іс жүргізу кезеңінде жұмыс орнының, тұратын жерінің өзгергені туралы, сондай-ақ, жаңа кіріс және мүлік көздерінің пайда болғаны туралы көрсетілген мән-жайлардың пайда болған сәтінен бастап үш жұмыс күні ішінде жазбаша хабарлауға міндетті. Егер, борышкерде берешекті өтеу үшін жеткілікті ақша болмаған жағдайда ол борышкерге тиесілі басқа мүліктен өндіріп алынады. Заңды тұлғалардың және кәсіпкерлік қызметпен айналысатын жеке тұлғалардың дебиторлық берешегін анықтау үшін сот орындаушысы борышкерден, заңды тұл­ғалардан және кәсіпкерлік қызметпен айна­лысатын адамдардан өзіне қажет бух­­гал­терлік құжаттаманы талап етуге құқылы. – Күнсәуле Айсағалиқызы, мұнан бірер жыл бұрын елімізде жеке сот орын­даушыларының институты құрыл­ғаны белгілі. Бұл жөнінде не айтар едіңіз? – Иә, Қазақстан ТМД елдері арасында бірінші болып жеке сот орындаушылары институтын қолданысқа енгізді. Осынау институттың қазақстандық үлгісінің ерекшелігі, жеке сот орындаушыларының мемлекеттік сот орындаушыларымен бірдей деңгейде қызмет атқаратындығы. Олардың еңбек ақылары ай сайын қанша жұмыс атқаруына байланысты төленеді. Бүгінгі таңда облыс бойынша 11 жеке сот орындаушысы қызмет атқаруда. Олардың 9-ы Орал қаласында, 2-еуі Бөрлі аумақтық бөлімінде қызмет етіп жүр. – Халықтан түсетін арыз-шағым көп пе? – Өткен жылы біздің департаментке Сот актілерін орындау комитеті арқылы заңды және жеке тұлғалардан 67 арыз-шағым келіп түсті. Соның барлығына да уақы­тылы жауап берілді. Арыз-шағым­­дарды мейілінше азайту мақсатында күнде­лікті атқарушылық өндірістер бойынша қабыл­дау ұйымдастырылады. Қабылдау барысында атқарушылық өндіріс зерттеліп, орын­далуға жататын іс-әрекеттер айқындалып, арыз иесіне нақты жауап беріледі. Әңгімелескен Фатихолла Маштахов, журналист.