Қазіргі кезде топырақтың және топырақ жамылғысының экологиялық проблемасы бізде ғана емес, жаһандық көлемде де өткір тұр. Табиғи ресурстарды ретсіз пайдалану топырақты тоздырып жіберді.
Пайдалы қазбаларды ашық әдіспен өндіру топырақ жабындысына және қоршаған ортаға орны толмас залал келтіреді. Мұндай әдістің салдарынан пайда болған карьерлер мен үйінділер эрозия үрдістерінің орталығына айналып отыр. Қоршаған ортаға ауыр металдар мен басқа да ластаушы дүниелерді шығару арқылы кен байыту фабрикалары мен зауыттарының маңындағы топырақ жабындысы эрозияға ұшырайды. Ауыр металдар топыраққа шөгеді де, өсімдік жамылғысына зиянын тигізеді. Кей жағдайда өсімдіктерді жойып, эрозияның етек алуына жол ашады. Мұның соңы түрлі апаттық жағдайға әкеліп соғады. Сондықтан бұл мәселелерді кейінге қалдыруға болмайды. Көптеген елде техногендік-бүлінген, ластанған жерлер қалпына келтіріледі.
Қаратауға жақын Жамбыл және ішінара Оңтүстік Қазақстан облыстарында фосфорит кен орындары шоғырланған. Қазақстан әлемдік фосфор қорының 90 пайызына ие әлемдегі бес елдің қатарына кіреді. Қаратаудың 12 кен орнының ішінде ең ірілері – Жаңатас, Көкжон, Көксу, Шұлақтау және Ақсай. Қаратау фосфорит кен орындары негізінде Қазақстанда фосфор өнеркәсібі құрылды. Ол республикамызда химия өнеркәсібінің бағыт-бағдарын айқындап берді және Қаратау-Жамбыл аумақтық-өнеркәсіптік кешенінің қалыптасуына негіз болды. Кешеннің құрамына «Қаратау» және «Химпром» фосфорит өндіру және қайта өңдеу өндірістік бірлестіктері, Жамбыл суперфосфат және Жаңа Жамбыл фосфор зауыттары, Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Фосфор» өндірістік бірлестігі кіреді. Елдегі топырақ төңірегіндегі экологиялық проблемаларды шешуде әр аймақтың табиғат заңдылықтарын және табиғи-климаттық жағдайларды ескере отырып әзірленген әрі ғылыми тұрғыдан негізделген әдістер керек.
Қазақстанның жер қоры 261 173,8 мың гектар. Республикада бүлінген жерлердің жалпы ауданы 184 693,0, қазбаланған жерлер 51 912,5, қалпына келтірілген жерлер 2 923,5 гектарды құрайды. Қазіргі күні Жамбыл облысы аумағында 67 млн тоннадан астам өнеркәсіптік қалдық жиналған. Оның ішінде радиоактивті қалдықтар 33,1 млн тонна, химиялық уытты қалдықтар 14,1 млн тонна, тау-кен өнеркәсіптік қалдықтар 14 млн тонна, шламды қалдықтар 1 млн тоннаны құрап, облыстағы жер көлемінің 3,3 мың гектарын алып жатыр. Облыс бойынша 6 388 гектардан астам жер бүлінген жерлердің қатарына жатады. Олардың 2 008 гектардан астамы қайта қалпына келтірілген.
Өкініштісі, 1996 жылдан бастап Жамбыл облысында бүлінген жерлер қалпына келтірілмеген. Өңірдегі мұндай жерлердің көлемі жылдан-жылға ұлғайып келеді. Орта есеппен бір жылда өңірдегі жер көлемінің 0,004 пайызы бүлінеді. Еліміздің Экология кодексінде пайдалы қазбаларды игеру кезінде бүлінген жерлерді қайта қалпына келтіруге жерді пайдаланушы міндетті екені, сондай-ақ беткі қабатынан қазып алынған құнарлы топырақты сақтау, оны дұрыс пайдалану және жерді қорғау мемлекеттің қатаң қадағалауында болатыны жазылған. Алайда қазіргі кезде тау-кен жұмыстары барысында жер астындағы қазба байлықты игерушілер кен орындарындағы бүлінген жерлерді қалпына келтірмейді. Салдарынан бүлінген жерлердің аумағы жылдан-жылға артып келеді.
Шөл және шөлейтті аймақтардағы ашық тау-кен жұмыстарының әрекетін ерекше атап өту керек. Көкжон фосфорит кен орындары табиғи климаттық жағдайы қатал шөлейтті аймақта орналасқандықтан, бүлінген жерлерді қалпына келтірудің теориялық міндеттері туралы мәселе алғаш рет күн тәртібіне қойылып отыр. Атқарылған жұмыстар алғаш рет шөлейтті жағдайда мұндай жұмыстарды ғылыми негіздеуге және аумақтарды тиімді қалпына келтіру үшін іс-шара ұсынуға жағдай жасайды. 2009 жылдан бастап Ө.Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институты Топырақ экологиясы бөлімінің қызметкерлері биология ғылымдарының докторы, профессор Фарида Қозыбаеваның жетекшілігімен Қаратау фосфорит кен орнының техногендік бүлінген жерлері ғылыми зерттеліп келеді. Институттың іргелі зерттеулерінің басым бағыты – топырақ пен топырақ жамылғысының жағдайын бағалаудың ғылыми негіздері; антропогендік жүктеме жағдайларында олардың қалыптасу заңдылықтары; топырақ ресурстарын тиімді пайдалану және биологиялық өнімділігін арттыру; топырақ үрдістерін басқару негізінде топырақ құнарлығын жаңғырту және экологиялық таза әрі экономикалық негізделген технологиялар.
Жаңатас кен орындарының үйінділеріндегі ғылыми зерттеу жұмыстары 2009-2017 жылдары «Елдің зияткерлік әлеуеті», «Ғылыми зерттеулерді гранттық қаржыландыру» бюджеттік бағдарламалары аясында жүргізілді. Бекітілген жобаға сәйкес зерттеу жұмыстары Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми зерттеу институты мен Ресей Ғылым академиясы Сібір бөлімінің Топырақтану және агрохимия институтының ғалымдарымен бірлескен ынтымақтастық туралы шарт шеңберінде орындалды. Барлық ресурс негізінен өндіруші кәсіпорындардың қолында екені белгілі. Сондықтан ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізбес бұрын, ең алдымен, мұндай кәсіпорындардың аумағында ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуге рұқсат алу керек.
Ол үшін «Қазфосфат» ЖШС басшылығын ғылыми жобаның мақсат-міндетімен және алынатын нәтижемен таныстырдық. Компанияның сол кездегі бас директоры М.Искандиров, Жаңатас қаласында орналасқан «Қаратау» тау-кен өндіру кешенінің сол кездегі басшысы М.Сәрсенов, «Қаратау» тау-кен өндіру кешенінің сол кездегі бас экологі Ж.Шәріпов біздің институттың ғалымдарын құшақ жая қарсы алып, көмектерін аямай, ғылыми жобаның орындалуына атсалысты. «Көкжон» кен орнының үйінділерінде биологиялық қалпына келтіру үшін сенбілік ұйымдастырып, екі гектар жерге ағаш және шөптесін өсімдіктер отырғызуға көмектесті. Отырғызылған ағаштарды суаруға арнайы көлік бөліп, ғылыми зерттеу жұмыстарына барлық жағдай жасады. Жұмыстарының көптігіне қарамастан, біздің шаруамызға көңіл бөліп, қамқорлық көрсетті. Зерттеу жұмыстары әрі қарай жалғасады және экологиялық жағдайы тұрақсыз аймақтағы топырақ-экологиялық проблемаларды шешуде жергілікті әкімдікпен, «Қазфосфат» басшылығымен ынтымақтастығымыз өз жемісін береді деп үміттенеміз.
2022 жылдың күзінде «Қазфосфат» ЖШС бас директоры Евгений Шибанов мырза біздің осы аймақтағы ғылыми зерттеу жұмысымызбен жеке танысып, қызығушылық танытты. Тараз қаласы маңындағы фосфогипс үйінділеріне техникалық және биологиялық қалпына келтіру жайын ақылдасып, ғалымдардың ұсыныстарымен танысты. Фосфогипстi кәдеге жарату проблемасы әлемдiк кеңiстiкте өзектi. Қоршаған ортаны қорғау, Тараз қаласында тұрғындардың санитарлық-гигиеналық жағдайын жақсартуға бағытталған нақты iс-шаралардың бiрi – фосфогипс үйiндiлерiн қалпына келтiру. Осы жылдан бастап фосфогипс үйінділеріне қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу «Қазфосфат» ЖШС басшылығы тарапынан қолдау табады деген сенімдеміз.
Туған өлкеміздің табиғатын қорғауға жұдырықтай жұмылу – парыз. Ақын Өтебай Тұрманжановтың «Топырақтан өмір иісі шығады, Оны денең тиіп кетсе, ұғады. Еңбегіңді есесімен беретін, Жақсылық та топырақтан шығады» дегенін үнемі қаперде ұстайық, ағайын.
Гүлжан БЕЙСЕЕВА,
Ө.Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институты Топырақ экологиясы бөлімінің бас ғылыми қызметкері, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы