• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Жәдігер 01 Наурыз, 2023

Құмтекейден табылған «Ана мен бала»

526 рет
көрсетілді

Алматы облысының Кеген ауылынан он шақырымдай жердегі ежелгі Құмтекей (аңыз бойынша Құмтөкей деп аталады) ескі қа­ла­шығынан тас мүсін табылды. Тыл­сым таста бауырына сәбиін басқан Ана мен бала мүсіні бейнеленген.

Мүсінді Айбек Оспанов есімді Кеген ауданының тұрғыны тауып алған. Ол осыдан төрт жыл бұрын Құмтекейдегі иен даладан тракторымен үйіне құм басып алып келеді. Құмды үйінің маңына әкеліп төккенде арасынан осы тас мүсін шыққан.

Сол уақыттан бері үйінде тұрған ерекше жә­дігерді ауыл тұрғыны қыстың соңғы күні ғана – 28 ақпанда аудандық тарихи-өлкетану музейі­не өткізген. Кеген аудандық тарихи-өлке­тану музейінің ғылыми қызметкері Меруерт Өржі­гітованың айтуынша, тас мүсіннің биіктігі – 38, ені – 35 см. Салмағы – 26, 929 келі екен.

Ерекше экспонаттың Құмтекейден табылуы да бекер емес. Ғалымдардың айтуынша, қалың құм басып кетсе де қалашық ежел­ден ірі болған. «Құмтекей, яғни Құм­төкей деген атаудың өзі тарихи мекенді құм басқаннан кейін пайда болуы әбден мүмкін. Мұны ғалымдар да жоққа шығармайды. Көптеген зерттеу жұмысында бұл мекен Үйсін мем­лекетінің астанасы Чыгу қаласы деп көрсетіледі. Бірақ кейіннен қала күйреп, елді мекеннің барлығын құм басып қалған», дейді Меруерт Өржігітова.

Үйсін қалаларының бірі болған бұл мекен­нің қойнауы тарихи құнды жәдігер­лерге толы. Ал музей қызметкерлері «тылсым тас зерттеуді қажет етеді» дейді. Қа­зіргі таң­да Алматы облыстық музейлер бірлестігі, Ш.Уә­лиханов атындағы Тарих және этнология инс­ти­туты және Есік археологиялық өлкетану му­зейі келіссөздер жүргізіп, тас мүсінге тың­ғы­­­лық­ты зерттеу жүргізу мәселелерін пысық­тауда.