Астана қаласының коммуникациялар қызметі алаңында Байқоңыр ауданының даму жоспары туралы жан-жақты мағлұматқа қанықтық. Аталған аудан әкімі Ерлан Жаулыбаевтың айтуынша, көгалдандыру жұмыстарына баса көңіл бөлінеді.
Спикердің айтуынша, Байқоңыр ауданының жалпы ауданы 18 129 га құрайды. Тұрғындар саны – 233 375 адам. Аудан аумағында «Өндіріс», «Кирпичный», «Казгородок» тұрғын алаптары және 12 саяжай қауымдастығынан тұратын «Қоянды» саяжай алабы орналасқан. 2022 жылы 55 аула абаттандырылды, оның ішінде «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 15 ауланы абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Абаттандыру барысында 13 футбол алаңы, 3 баскетбол алаңы, 1 хоккей корты, 304 көше тренажерлері, 600 шағын сәулет нысандары, 70 жарықтандыру бағанасы, 30 мың шаршы метр төсеніш жабыны, 45 мың шаршы метр асфальтбетон жабыны, 7 қоғамдық кеңістік орналастырылды.
Ал 2023 жылы 8 қоғамдық кеңістікті, 25 ауланы, оның ішінде «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 15 ауланы абаттандыру жоспарланып отыр. Жарықтандыру жабдықтарын орнату бойынша жұмыстар ауданның барлық көшесінде жүргізілді. 446 көппәтерлі тұрғын үйдің кіреберістері, балалар алаңдары, орамішілік кіреберістер мен өтпелер жарықтандырылды, жарықтар саны – 1 251.
Сонымен қатар биыл Алаш тас жолы, Әл-Фараби даңғылы, Пушкин көшелерінде ұзындығы 18,81 км болатын 10кВ кабель желілері ауыстырылады. Бұған қоса Уәлиханов көшесі, Пушкин көшесі, Иманов көшесі, Кенесары көшесі, Жаңажол көшесі, Әл-Фараби даңғылы, Алаш тас жолы көшелерінде уақытша әуе кабель желілері жаңаланады.
Ал көгалдандыру жұмыстарына келсек, биыл 10 200 түп ағаш отырғызылады.
– Жол және көлік инфрақұрылым бойынша көшелер саны – 216. Оның ішінде асфальт төселгені – 177 көше (194 км), 39-ы – асфальтсыз (32 км). 2022 жылы 11 көше, ұзындығы 6,426 км жолдар орташа жөндеуден өтті. Осы жылы ұзындығы 11,7 км құрайтын 11 көше жөнделеді. Аудан аумағын санитарлық тазартуды 21 мердігерлік ұйым жүзеге асырады. Жиналатын аумақтың жалпы ауданы – 16 млн шаршы метр. Даңғылдар, көшелер, тұйық көшелер – 216. Даңғылдардың, көшелердің, тұйық көшелердің, орамішілік өткелдердің ұзындығы – 309,3 км. Арнайы техника саны – 257 бірлік. Жол жұмысшыларының саны – 403 адам. Шұңқырлар саны – 48 бірлік. ҚТҚ жинауға арналған нүктелер саны – 599 бірлік. Қоқыс контейнерлерінің саны 2 399 бірлікті құрайды. 2022-2023 жылдардағы қысқы кезеңде 114 900 текше метр қар шығарылды, – дейді Е.Жаулыбаев.