Әлемдік додаларда бақ сынап жүрген жерлестеріміз командалық сайыстарға қарағанда, жекелеген спорт түрлерінде сәтті өнер көрсетіп жүргені жасырын емес. Жеке-дара көш бастауға ұмтылатын Жеке батырдың бүгінгі ұрпақтары әлі күнге дейін ұжымдық ойында ұйымшылдық таныта алмай-ақ қойды. Мәселен, күні кеше баскетболдан әлем чемпионатына іріктеу матчтары өз мәресіне жетті. Өкінішке қарай, жаһандық доданың жолдамасына бір табан жақын тұрған Қазақстан құрамасы шешуші екі ойынның екеуінде де жеңіліп, әлем біріншілігінен құралақан қалды.
Олег Киселев жетекшілік ететін Қазақстан баскетболшылары екі кезеңнен тұратын Азия аймағындағы іріктеу матчтарының алғашқысын сәтті бастап, баскетбол спортынан да жоғары орындарға үмітті екенімізді байқатқандай еді. D тобында Сирия, Иран және Бахрейн сияқты іргелі құрамалармен шеберлік байқасқан жерлестеріміз бес матчта жеңіске жетіп, тек біреуінде ғана жеңілістің кермек дәмін татуға мәжбүр болды. Осы көрсеткішімен отандастарымыз өз тобында көш бастап, іріктеудің 2-айналымына жолдама алды.
Атап айтқанда, елордада өткен алғашқы ойында біздің жігіттер Сириядан келген баскетболшыларды 84:74 есебімен тізе бүктірсе, жауапты матчта 81:71 нәтижесімен екінші рет жеңді. Кейінгі турда Иран баскетболшыларынан (73:69) басым түсіп, төртінші матчта Бахрейнді өз елінде тас-талқанын шығарды – 95:48. Ал 2022 жылдың шілдесінде Иранды 8 ұпай айырмашылығымен (68:60) ұтса, еш маңызы қалмаған соңғы турда Бахрейн құрамасына жол берді – 82:51 (29:24, 28:5, 12:10, 13:12).
Сөйтіп, әлем кубогінің екінші іріктеу кезеңіне шыққан жерлестеріміз бұл сында Бахрейн, Иран, Аустралия, Қытай және Жапония құрамаларымен бір топта ойнап, жаһандық додаға берілетін жолдамаларды сарапқа салды. Қазақстан баскетболшылары бірінші айналымда Бахрейн және Иран спортшыларымен бір топта ойнағандықтан, бұл жолғы іріктеуде аталған құрамалармен жолдары түйіспеді.
Іріктеудің алғашқы кезеңінде өрелі өнерімен көзге түсіп, жанкүйерлерді жарқын жеңістерімен қуантқан Қазақстан құрамасының баскетболшыларынан жоғары нәтиже күткен едік. Алайда екінші іріктеуде спортшыларымыз сол ерліктерін қайталай алмай, жанарымен жер шұқып қалды. Жоспарланған алты матчтың барлығында қарсыластарына жол беріп, тағы да әлем чемпионатының бәсекелерін теледидардан тамашалайтын болды. 2022 жылдың тамыз айындағы екі матчтың алғашқысында жерлестеріміз Қытай құрамасынан ұтылса (68:58), кейіннен Жапония баскетболшыларына есе жіберді (73:48). Ал қарашадағы матчтарда Аустралиядан – 97:50, Жапониядан 81:61 нәтижесімен оңбай ұтылды.
Қазақстан ойыншылары қатарынан төрт матчта жеңілсе де, Азия аймағындағы соңғы екі жолдаманың бірін еншілеуге мүмкіндігі сақталып қалды. Ол үшін Олег Киселёв шәкірттері соңғы екі матчтың бірінде Қытай немесе Аустралия баскетболшыларын жеңуге тиіс еді. Өкінішке қарай, біздің жігіттер бұл мүмкіндікті де пайдалана алмай, сан соғып қалды. Сырт алаңда өткен екі ойында да қарсыластарына есе жіберіп, жалғыз жолдамадан қағылды.
Гонконгтың «Цуэн Ван Стадиумда» спорт кешеніндегі маңызды матчтың алғашқысында ұлттық құрама өкілдері Қытай баскетболшыларынан 71:59 есебімен жеңілді. Кездесуді белсенді бастаған алаң қожайындары алғашқы айналымды 21:12 есебімен өз пайдасына жазса, үзілістен кейін де қарқынын бір сәтке бәсеңдетпеген олар 22 ұпайға қол жеткізді. Жерлестеріміз небәрі 10 ұпай ғана жинауға мүмкіндік алды. Үшінші кезеңде баскетболшыларымыз аздап ес жия бастады. Бұл 10 минуттықта олар 18:16 есебімен алға шықса, шешуші кезеңде 19:12 нәтижесімен қарсыластарының алдын орап кетті. Алайда матч қорытындысында бұл ұпайлар Қазақстан құрамасының жеңісі үшін жеткіліксіз болды.
Қытай құрамасымен өткен қарымта матчта жерлестерімізден Рустам Мырзағалиев кездесудің үздік ойыншысы атанғанын айта кеткен жөн. Ол төрт кезеңде 13 ұпай жинады.
Сөйтіп, шешуші екі матчтың алғашқысында ұтылған соң, біздің құрамада болмашы ғана үміт қалды. Өйткені соңғы турда әлемдік рейтингте үшінші, Азия құрлығында көш бастап тұрған Аустралия баскеболшыларынан ұпай алу тіпті мүмкін емес еді. Оның үстіне «Жасыл құрлық» өкілдері елордадағы матчта жерлестерімізді ірі есеппен (97:50) жеңіп кеткенін жанкүйерлер ұмыта қойған жоқ. Қарымта кездесуді өз алаңында өткізетін Аустралия біздің жігіттерге еш мүмкіндік қалдырмайтыны әу бастан белгілі болды. Көпшілік күткендей матч толық жергілікті спортшылардың басымдығымен өтті. Бірінші кезеңде 21:13 есебімен жеңіске жеткен аустралиялықтар екінші айналымда 25:14 нәтижесімен алға ұзап кетті. Ал үшінші кезеңде алаң иелерінің қарқыны тіпті қатты болды – 33:11. Соңғы 10 минуттықта Аустралия баскетболшылары белсенділігін бәсеңдеткенімен, жерлестеріміз бәрібір жеңіске жете алмады – 19:15. Қорытынды есеп – 98:53, Аустралия құрамасының пайдасына.
Осылайша, Қазақстан құрамасы екінші іріктеу кезеңінің барлық матчында жеңіліп, ел үмітін ақтай алмады. Ал Азия құрлығының соңғы екі жолдамасы Иран мен Иордания баскетболшыларына бұйырды.
Азия аймағынан бөлек, 23-27 ақпан аралығында өзге құрлық өкілдері де әлем чемпионатының іріктеу матчтарын өткізіп, әлем чемпионатына баратын құрамалар анықталды. Жалпы, Дүниежүзілік баскетбол федерациясының ережесі бойынша әлем чемпионатына Еуропаның – 12, Азия және Мұхит аймағының – 8 (жарысты ұйымдастырушы мемлекеттерді қоса есептегенде), Солтүстік және Оңтүстік Американың – 7 және Африка құрлығының 5 құрамасы қатысады.
Әлем чемпионатына қатысатын 32 құрама төмендегідей:
Еуропа: Грузия, Германия, Грекия, Италия, Испания, Латвия, Литва, Сербия, Словения, Финляндия, Франция, Черногория.
Оңтүстік және Солтүстік Америка: Бразилия, Венесуэла, Доминикан Республикасы, Канада, Мексика, Пуэрто-Рико, АҚШ.
Азия және Мұхит аймағы: Аустралия, Иордания, Иран, Ливан, Қытай, Жаңа Зеландия, Филиппин, Жапония.
Африка: Ангола, Мысыр, Кабо-Верде, Кот д’Ивуар, Оңтүстік Судан.
32 құраманың ішіндегі төрт мемлекеттің баскетболшылары биыл өз тарихында алғаш рет әлем чемпионатына қатысады. Олар: Латвия, Грузия, Кабо-Верде және Оңтүстік Судан.
Баскетболдан 2023 жылғы әлем чемпионаты 25 тамыз бен 10 қыркүйек аралығында бірден 3 мемлекетте – Индонезия, Жапония және Филиппинде өтеді. Қазақстан құрамасы 2019 жылы әлем біріншілігінің екінші іріктеу кезеңіне өткенімен, биылғыдай финалдық сайысқа жолдама ала алмаған еді. Сол жылы Қытайда жалауы желбіреген жаһандық додада Испания құрамасы жеңіске жеткен болатын. Пиреней түбегінің өкілдері финалда Аргентинадан басым түскен-ді – 95:75.