Бұл күндері Ресей Федерациясының Кемерево қаласында қысқы спорт түрлерінен ІІ «Азия балалары» ойындары өтіп жатыр. Жас жеткіншектер додасына қатысып жатқан Қазақстан құрамасының өрендері сәтті өнер көрсетіп жатыр. Жерлестеріміз бүгінге дейін 7 медаль (1 алтын, 3 күміс, 3 қола) олжалап үлгерді.
Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі таратқан мәлімет бойынша, ел қоржынына алғашқы алтынды шаңғымен тұғырдан секіру спортының өкілі Илья Мизерных салды. К-40 (60 метр биіктен) санатындағы трамплиннен секіруде 239,3 ұпай жинаған отандасымыз қарсыластарынан оқ бойы ұзап, тұғырдың ең биік сатысына көтерілді. Сонымен қатар дәл осы санатта жарыс жолына шыққан тағы бір жерлесіміз Илья Шильников аттасынан 12 ұпай аз жинап, 227,3 ұпаймен күміс медальді мойнында жарқыратты. Қола медаль Қиыр Шығыс федералды аймағынан келген Дмитрий Серегинге бұйырды.
Қыздар арасындағы сайыста отандасымыз Софья Шишкина үздік үштіктің қатарынан көрініп, қола медальге қол жеткізді. Бұл сайыста Орал федералды аймағының спортшысы топ жарса, Беларусь өкілі Ева Бедрицкаяға күміс жүлде бұйырды. Бір айта кетерлігі, осыдан төрт жыл бұрын, яғни 2019 жылы Оңтүстік Сахалинде өткен алғашқы «Азия балалары» ойындарында Софьяның әпкесі Вероника Шишкина шаңғымен тұғырдан секіруде жұлдызы жанған еді. Осылайша, төрт жылда бір отбасының екі өкілі биік тұғырдан көрініп отыр.
Илья Мизерных пен қола жүлдегер Софья Шишкина ақпан айының басында Алатау баурайында өткен IV қысқы Жастар спорт ойындарында К-60 трамплинінде жеңіске жеткен еді. Ал Алёна Свериденко (ШҚО) қола жүлдені қоржынға салған.
Сондай-ақ «Азия балалары» ІІ қысқы ойындарына қатысып жатқан шорт-трекшілеріміз де жарап тұр. Мұз үстінде ойқастаған жерлестеріміз төрт жүлде жеңіп алды. Ерлер арасындағы жекелей сында Мейіржан Төлеген 1 500 метрге жүгіруде мәре сызығын екінші кессе, Малика Жолтабар дәл осы қашықтықтағы қыздар сайысында қола жүлдені қанағат тұтты.
Ал эстафета сайысында (3 мың метрге) құрамында Әліби Әлімгереев, Мадияр Мадихов, Ерасыл Шыңғысхан мен Мейіржан Төлеген сынды еліміздің ең үздік шорт-трекшілері бар Қазақстанның ерлер құрамасы күміспен күптелсе, Нұрия Алпысбай, Айзада Алтынбек, Айсара Лабиб пен Малика Жолтабардан құралған қыздарымыз 3 мың метрге жүгіруде үшінші болды.
Қазақстан делегациясы жалпыкомандалық есепте 1 алтын, 3 күміс, 3 қоламен 7-орынға жайғасты. Мәскеу қаласының спортшылары (9 алтын, 2 күміс, 4 қола) бірінші орында келе жатса, кейінгі сатыларға Орал (3 алтын, 4 күміс, 3 қола) мен Қиыр Шығыс федералды аймағы (3 алтын, 2 күміс, 3 қола) орналасқан.