• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Спорт 02 Наурыз, 2023

Сайтамада сайысқа түседі

114 рет
көрсетілді

20-26 наурыз аралығында Жапонияның Сайтама қаласындағы «Супер Аренада» мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионатының жалауы желбірейді. Бұл жарыста Қазақстанның намысын үш спортшы қорғайды. Атап айтсақ, Михаил Шайдоров мұздағы би бәсекесінде бақ сынаса, Гауһар Наурызова мен Бойсангур Датиев жұптық сайыста өнер көрсетеді. Сондай-ақ қосалқы құрамда Диас Жиренбаев есімді жас өрен бар.

Күншығыс еліндегі біздің басты үмітіміз Михаил Шайдоров екені еш дау туғызбаса керек. Ал сол спорт­­шы жайында біз не білеміз? Михаил 2004 жылдың 25 маусымында Алматыда дүниеге келген. Оның әкесі Станислав та осы спорт түрін серік етіп, кезінде Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы атанған. Кейіннен бапкерлік кәсіптің қамытын киіп, өзге жас өрендермен бірге өз ұлын да дүбірлі додаларға дайындады. Алатау баурайынан бастау алған жаттығу жұмыстары кейіннен Мәскеуде өз жалғасын тапты. Уақыт оза Шайдоров 1994 жылы Лиллехаммерде өткен Олимпия ойындарының жеңімпазы, әлем чемпионатының қола жүлдегері, Еуропа чемпионы Алексей Урма­нов­тың қол астында шеберлігін шыңдады.

Дарынды жас көп ұзамай өз қата­рының алды болды. Ол 2019 жылы жастар арасындағы Қазақстан біріншілігінде топ жарса, келесі жылы ересектердің ел чемпионатында бас жүлдені олжалады. Бұған қоса Шайдоров Мәскеудегі Рустер кубогі мен Ыстан­бұлдағы Бос­­­фор ку­­­богі және Гдань­с­кі­­дегі Гран-при сайы­сында кү­міс­­пен күп­­телді. Бол­­гарияның ас­та­насында ұй­ым­дастырылған «Sofia Trophy» турнирінде қолаға қол созды.

Жерлесіміз 2021 жылы Сток­гольмде өткен әлем чемпионатына да қатысты. Бірақ сақа спортшылар бас қосқан байрақты бәсекеде 16 жастағы жас өрен сенім үдесінен шыға алмай, көш соңында қалып қойды. Десек те бұл сәтсіздік Михаилдың жігерін жасыта алған жоқ. Ол тыңбай еңбектеніп, шеберлігін шыңдай түсті. Жаттығу үдерісіне жаңа элементтер енгізді. Нәтижесі жаман болған жоқ. Былтыр сәуір айында Таллинде жалауы желбіреген жастар арасындағы әлем біріншілігінде Шайдорин күміс медальді мойнында жарқыратты. Аталған жарыста ол тек АҚШ-тың жас жұлдызы Илья Малининге жол берді. Ал жапониялық Тацуя Цубоиға қола медаль бұйырды. Осылайша, оның есімі жастардың дүниежүзілік додасында жүлде алған Қазақстанның тұңғыш мәнерлеп сырғанаушысы ретінде тарихта қалды.

Жұптық сайыста сынға түскелі отырған спортшылар жайында айтар болсақ, 22 жастағы Гауһар Наурызова Ақтау қаласында дүниеге келді. 24 жастағы Бойсангур Датиев – Ре­сейдің тумасы. Олар 2016 жылдан бері бірге өнер көрсетіп келеді. Екеуі де Мәскеуде жаттығады. Алға­шында бұл жұп Александр Жулиннен тәлім-тәрбие алса, кейіннен Ан­желика Крылованың қол астына өтті. Бұл мамандардың да есімдері жанкүйерлерге жақсы таныс. Екеуі де – әр жылдары Олимпия ойындарында жүлде алып, әлем чемпионы атанған нағыз майталмандар. Әзірге Наурызова мен Датиев халықаралық аренада ауыз толтырып айтарлықтай табыстарға қол жеткізе алмағанымен, елішілік жарыстарда алдына жан салмай жүр.

Естеріңізге сала кетейік, былтыр Францияның Монпелье қаласында өткен әлем чемпионатында Жапония құрамасы өте тамаша өнер көрсетіп, төрт бірдей жүлдеге қол жеткізген еді. Атап айтсақ, Сема Уно (ерлер) мен Каори Сакамото (әйелдер) алтын тұғырға көтерілсе, Юма Кагиама (ерлер) мен Рику Миура/Рюити Кихара (спорттық жұп) күміс медальді ие­ленді. 1 алтын, 1 күміс және 3 қо­л­аны қоржынға салған АҚШ-тың спорт­шылары екінші орынға табан тіреді. Бұл елдің өрендері арасынан Алекса Книрим/Брэндон Фрейзер (спорттық жұп) алдына жан салмады. Үшінші орында – Франция. Жарыс қожайындарына жалғыз алтынды сыйға тартқан – Габриэла Пападакис/Гийом Сиезерон жұбы (мұздағы би). Сондай-ақ аталған жарыста Бельгияға бір күміс және Канадаға бір қола медаль бұйырды.