Әулиеата өңірінде жер қатынастарына қатысты былықтың беті ашылып жатыр. Қолында билігі барда белден басқандардың әрекеті әшкере болды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Қуаныш Ахметқалиев хабарлады.
– Жер қатынастары саласында жалпы бағасы 238 миллион теңге сомасындағы 3,56 гектар жер учаскелерін заңсыз берген Тараз қаласы әкімдігінің лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық іс аяқталды. Сот шешімімен жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылып, облыс әкімдігі жүргізген келісім нәтижесінде, қайтарылған жер учаскелері мектеп пен көппәтерлі тұрғын үй құрылысына беріледі. Аталған фактілерден басқа, мемлекетке ауыл шаруашылығына арналған 12 846 гектар жер учаскелері қайтарылғанын айта кеткен жөн, – дейді Қ.Ахметқалиев.
Департамент тарапынан тиісті жұмыстар атқарылып жатқанына қарамастан, қылмыстық жауапкершілікке тартылған жауапты адамдардың саны азаяр емес. Мәселен, 2022 жылы 68 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылса, оның 16-сы түрлі деңгейдегі басшылық қызметте отырғандар екен.
– Қылмыстық істі тергеп-тексеру аяқталғаннан кейін міндетті түрде Қылмыстық-процестік кодекстің 200-бабына сәйкес мемлекеттік органдарға ұсыныстар жолданады. Осыған байланысты 2022 жылы мемлекеттік органдарға жолданған 59 ұсыныс қаралып, қарау нәтижелері бойынша облыстағы әртүрлі ведомствоның 35 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды, – дейді ол.
Айтпақшы, департамент тарапынан жолданатын ақпараттық хаттардың кейбір мәселелердің алдын алуда айрықша рөл атқаратыны да белгілі болып отыр. Хаттың дер кезінде жолдануы арқылы бірқатар кемшілік дер кезінде қалпына келтірілген.
– Агенттік бюджет қаражатын жымқыру және сапасыз құрылыс, жөндеу жұмыстарының алдын алу мақсатында мемлекеттік органдарға ақпараттық хаттарды жолдау бойынша ведомстволық бақылау алгоритмін бекіткен. Мәселен, Тұрар Рысқұлов ауданының Қарақат ауылындағы мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде сапасыз құрылыс жұмыстары жүргізілгені және атқарылмаған жұмыстарға 80,8 миллион теңге сомасында қаражат төленгені анықталды. Осыған орай облыс әкімдігіне аталған дерек бойынша шара қолдану туралы ақпараттық хат жолданды. Осы нысан бойынша жұмыс тобы құрылып, қысқа мерзімде мектептің күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, бюджет қаражатын жымқыруға жол берілмеді. Оқу үдерісі дер кезінде ұйымдастырылды, – дейді ол.
Қалай алып қарасақ та, өңірде құқық бұзушылықтың азаймай тұрғаны кімді де болсын ойландырмай қоймайды. Бауыржан Момышұлы туған өңірде: «Тәртіпке бас иген құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деген батырдың сөзіне бас ауыртатындар аз болып тұрғаны өкінішті.
Жамбыл облысы