Кейінгі кезде мектептегі зорлық-зомбылық пен әскердегі суицид көбейіп кетті. Тіпті аптасына болмаса да, айында мұндай жантүршіктірерлік жағымсыз ақпараттарды көзіміз шалып жүр.
Әрине, бұл бүгін пайда болған нәрсе емес. Француз ғалымы Антуан Лоран Лавуазьенің «Жоқтан бар болмайды, бар нәрсе жоқ болып кетпейді» деген тәмсілі тәрізді, бұл да – сол баяғыдан өркениет көшімен бірге ілесіп келе жатқан жайт. Тек оны бүгінгі ақпараттық технология ашып берді.
Әзірге жыл сайын мұндай оғаш оқиғаның қаншасы тіркелетіні жайлы дерек аз, тіпті оны зерттейтін арнайы орын жоқтың қасы. Мұндай жаңалықтардың көп болғаны да жақсы емес, айтуға да, жазуға да ауыр. Әйткенмен қоғамдағы мұндай мерезді жасырып қалғанымызбен, ол жоғалып кетпейді. Бірақ үнемі жарыса жариялаудың да қаншалықты зияны барын бүгінгі БАҚ ескермей жататыны белгілі.
Психология ғылымында «бейсаналы ақпарат» деген ұғым бар. Мысалы, біздің қоғамда мынандай жаңалықтар жыпырлап жатады: «бір әйел жаңа туған сәбиін қоқыс жәшігіне тастап кетті» немесе «өз өзіне қол салды», т.б. Осы тұста «өз өзіне қол салу, жұмсау» сөздері орыс тілінен тіке аударылған калька екенін ескере кеткеніміз жөн. Халықаралық түсінік бойынша суицид немесе «өзін өзі өлтіру» деген дұрыс. Бұл жайт басқа бір адамның бейсанасына әсер ететінін де ескеруді ұмыт қалдырамыз. Мәселен, бір адам әлдебір қиын жағдайға тап болып, тұйыққа тірелді делік, оның ойына әртүрлі ситуация оралады. Егер ол адамның миында ондай тығырықтан шыққан жайлы ақпарат басым ба, әлде дәл ондай жағдайда суицидке барғаны туралы ақпарат басым ма? Міне, осы тұста бейсана әсер етеді дейді зерттеушілер. Бұл – жағымсыз ақпараттар ауада қалықтап жүреді де, жігері жасыған біреуге желмен жабысады деген түсінік. Мұны ғылымда «жел синдромы» дейді екен. Ғылыми тұрғыда зерделеніп, ат қойылып, айдар тағылғаны болмаса, бұл халқымызда бұрыннан бар түсінік. Бұрын үлкендер «асыл ауру ұшып жүреді» дейтұғын. Бұл жердегі «асыл» деп отырғаны асылу, өзін өлімге қию дегенді білдіреді. Бұған қоса халықтық фольклорымызда бәдік өлеңдер бар. Онда адамдағы, малдағы ауруды қуалайтын түрлі салт-жоралар кездеседі. Мысалы, «ей, аусыл, көш, көш, желмен көш!» дейді. Яғни бойдағы дертті желмен қуалау түсінігі болса, оның дәл сол секілді желмен жабысады деп түсіну де қисынды. Әрине, мұның бәрі – психологиялық сенімдерге байланысты болғанымен, адамзаттың тарихи тәжірибесінен екшеліп өткен, қажетіне жарап келе жатқан салт-жоралар. Сондықтан оны бірсыпыра негізсіз дей алмаймыз.
Қазір бізде көп айтылатын ақпараттың бірі – «Қазақстан әлемде суицид бойынша алдыңғы үштікте тұр». Мұның қаншалықты расталған ақпарат екеніне ешкімнің көзі жетпейтін дүдәмал дүние. Өйткені ондай орасан зор болса, біздің айналамызда ең кемі 100 таныс адам бар делік, соның қаншасы мұндай дауасыз дертке душар болғанын ой елегінен өткізіп көруге болады. Әрине, жоқ емес, бірақ мыңнан бір. Мейлі, ол көрсеткіштердің басқа да сүйенетін өлшемдері бар шығар, бұл деректерді рас делік. Бірақ оны дабыралатудың дұрыстығы қайсы? Бұл адамның қиындықтан шығатын жалғыз жолы суицид дегенге әкеліп соқпай ма? Ақпарат ағыны адамды түбі соған сүйрелеуге әсер ететінін ғылым да айтылып отыр.
Мұндайда жазушы Альбер Камюдың «біз бәріміз жанама кісі өлтірушілерміз» деген лебі салқын лепесі еріксіз еске түседі...
Біздің бұл ой-жосынымызды Лондонда оқитын білімпаз әріптесіміз Әсия Бағдәулетқызы былай бекіте түседі:
– Әлемде 40 секунд сайын бір адам өзіне қол жұмсайды. Қазақстанда 29-ға дейінгі жастар арасындағы өлім-жітімнің негізгі себебі жол-көлік оқиғасы болса, суицид – содан кейінгі екінші орында. Ұлыбританияда, мысалы, (жалпы әлемде де) орта жастағы ер адамдар қауіпті категория саналады; ал өзіне қол жұмсайтын жеткіншектердің (әсіресе оқушылардың) мұндай көп болуы – аномалия. Бюрода жүргенде басшылықтың тапсырмасымен Ұлыбритания Денсаулық министрлігінің Суицидтің алдын алу бөлімімен, Samaritans сияқты ірі қайырымдылық ұйымдармен байланыста болдым. Психикалық саулық пен суицидтің алдын алу мәселесін біраз зерделедім дей аламын. Сондықтан әріптестерімді қарапайым қағидаларды сақтауға шақырар едім, – дейді журналист Әсия Бағдәулетқызы.
ДДҰ статистикасына сәйкес, Қазақстан суицид саны бойынша 20-орында тұр, ал 10-19 жас аралығындағы жанын қиған жасөспірімдердің саны жағынан 10-орынға шықты.
– Бес жыл бұрын ДДҰ өз өзіне суицидтің алдын алу үшін әлемдік деңгейде жаңа бастамаларды қолға алды. Онда суицид туралы БАҚ хабарларына тікелей байланысты жүзден аса зерттеулер жүргізілген. Мамандар өз өзін өлімге қиятындарды үнемі ашық жариялау суицидке итермелейтін мінез-құлық қалыптастыратынын айтады. Өз өзін өлтірудің қазіргідей таралуы және құрбан болғандардың туыстарынан сұхбат алу, суицидтердің егжей-тегжейлі сипатталуы оны қарапайым күнделікті, үйреншікті құбылыс ретінде қабылдауға итермелейді, – деді Қазақстан Медиа альянсының мүшелері.
Сондықтан мұндай сұмдық оқиғаларды жариялауда масс-медиа үлкен жауапкершілік арқалайтыны түсінікті. Бұл ретте блогерлердің де «бүлдіретіні» аз емес көрінеді. Жамандық айтқан жерден аулақ! Біздің ой – жазарманды жауапкершілікке шақыру, әйтпесе ешкімді жазғыру ойымызда жоқ.