Сыр диқандары егіс науқанына дайындықтың қамына кірісіп кетті. Санаулы күндерден кейін вегетация кезеңіндегі су лимиті анықталып, соған сәйкес егіс көлемі нақтыланады. Алдын ала жасалған жоспар бойынша биыл 195,6 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілмек. Мұның ішіндегі күрiш көлемі – 83,9 мың гектар. Қалғаны дәндi, майлы, мал азықтық дақылдар. Сондай-ақ қант қызылшасы, картоп, көкөнiс егіледі.
Жоспар бойынша былтырмен салыстырғанда егіс – 7000, мал азықтық дақылдар себілер алқап – 2,3 мың, картоп, көкөніс, бақша көлемі 222 гектарға ұлғайтылмақ. Одан бөлек, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жергілікті тұрғындардың картоп, көкөніс, бақша өнімдерін егуіне 3 мың гектар жер дайындалады.
Бірақ жылдан-жылға қиындап келе жатқан су тапшылығы «Үйдегі көңілді базардағы баға бұзадының» керін келтіріп отыр. 2022 жылмен салыстырғанда әлхамшүкір, «Шардара» су қоймасы мен «Көксарай» су реттегішінде осы күні 6,6 млрд текше метр су жиналып тұр. Бұл өткен жылдың осы кезеңіндегі көлемнен 2,3 млрд текше метрге артық.
«Қазір «Шардара» су қоймасына жоғарыдан 1000 текше метр су түсіп тұр. Бірақ бұл жаз бойы осылай бола береді деген сөз емес. Сондықтан үнемді пайдалануға тырысамыз. Осы жылы жаңбырлатып, тамшылатып суару арқылы 1,5 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарда бар. Былтырғы вегетациялық кезеңде 17,7 мың гектар күрішке су жеткізу оңай болған жоқ. Әсіресе су деңгейінен биік 8 800 гектар алқапқа биыл да күріш себілсе, шаруашылықтар қосымша 102 насос қоюы қажет», дейді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Қайратбек Сәрсенбаев.
Күріш, басқа да дақылдар тұқымынан тапшылық жоқ. Жалпы, көктемгі науқанға 19,8 млрд теңге қажет. Бұл қаржының дені инвесторлар мен шаруа қожалықтары есебінен жұмсалады.
Былтыр көктемгі науқанда минералды тыңайтқыш та таптырмай, бағасы аспандап кеткен еді. Биыл қажетті 61,2 мың тоннаның 53,2 пайызы жеткізілді. Басқарма аймаққа қажетті минералдық тыңайтқыштың айлар бөлінісіндегі кестесін жасап, «Қазфосфат», «Қазазот» зауыттарына жолдады. Басқарма мәліметінше, қазір «Жан-Арай» ЖШС қоймасында 670 тонна «Аммофос» тыңайтқышы бар. Егіс науқанына қажетті 3979 техниканың 75 пайызы жөндеуден өткен.
Көктемгі дала жұмыстары үшін 12,1 мың тонна арзандатылған дизель отыны қарастырылып отыр. Жергілікті операторлар арқылы ақпан айына белгіленген 7,5 мың тоннаның қаржысы толық төленді.
Егісті әртараптандыру бағытындағы бастама аясында биыл картоп, көкөніс, бақша көлемін 222 гектарға ұлғайту көзделіп отыр. Басқарма басшысының орынбасары осы өнімді өткізу жолдары да қарастырылып отырғанын жеткізді.
«Бұл өнімдерді өндірістік мақсатта еккен жағдайда субсидия мәселесін қозғауымызға болады. Ал әзірге біз сатып алу жөнінде «Байқоңыр» ӘКК» АҚ-мен келісім жасап жатырмыз. Осыған дейін Шиелі ауданындағы Бестам, Жақаев, Ботабай ауылдары, Сырдария ауданындағы Бесарық елді мекендері гектарлап картоп егіп келген. Бейнеттеніп еккеніңнен базардағы арзан болған соң, бұл кәсіпті тоқтатқандар нарықтағы баға көтерілген соң, қайта бастауға ниеттеніп отыр», дейді ол.
Қызылорда