Тұрғын үй, жол және әлеуметтік нысан секілді құрылыс кешенінің жедел дамуы цемент өнеркәсібінің жұмысын жандандырып жатыр. Оның үстіне халық өсімі мен адамдардың мегаполистерге қоныс аударуы цемент пен өзге де құрылыс материалдарына деген сұранысты арттырып отыр. Республика бойынша жыл сайын 17 миллион тонна цементтің 20 түрін өндіретін 15-ке тарта зауыттың жалпы қуаты мен орташа жүктемесі 60-70% болса, өткен жылдың қорытындысына сәйкес отқа төзімді цемент ерітінділері мен ұқсас қоспалар өндірісіндегі отандық зауыт үлесі 86,6%-ға (алдыңғы кезеңмен салыстырғанда 12,3 пайызға артқан) жетіп, құрылыс материалдарын өндіру көлемі 1,1 трлн теңгені құрап, соның ішінде цемент клинкерлерінің өндірісі 8 289 мың тонна болған. Еліміздегі технологиялық өндірістердің жаңғыруы арқасында цемент өндірісі 13 есе өскен.
Отандық цемент ішкі және сыртқы нарықта сапа жағынан бәсекеге қабілетті. Десек те ретсіз сауда орындарында көрші елдердің арзан цементі айналымға шығып жататыны да бар. Орын алған олқылықтарды дер мезгілінде тежеу үшін қадағалайтын уәклетті орган қандай шара қолданады? Осыдан төрт жыл бұрын Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің мамандары цемент саласы нарығының барлық қатысушыларымен бірлесіп стандарттау әрі реттеу құралдары туралы кешенді жоба дайындаған. Соның нәтижесінде «Ғимараттар мен құрылыстардың, құрылыс материалдары мен бұйымдарының қауіпсіздігі туралы» ҚР техникалық регламенті өзгерді. Оған ҚР СТ 3361-2019 «Сәйкестікті бағалау. Цементтердің сәйкестігін растау тәртібі» ұлттық стандарттар негізінде сәйкестікті міндетті растау жөнінде норма енгізілген.
Сапалы талдауларға арналған сынақ зертханасы
Осыған орай, тұтынушыларды қауіпсіз және сапалы өнімдермен қамтамасыз етуде аталған техникалық регламентке сәйкес жалған өнімдермен күрес жүргізуде импортқа арналған «сұр» сертификаттар саны 95%-ға азайған. Техникалық реттеу және метрология комитеті мен Қазақстан цемент және бетон өндірушілер қауымдастығы бірлесіп, «Сапа Интер Систем» ЖШС базасында ҚР-да құрылыс материалдары саласында сынақ зертханасын құрды. Оның мақсаты – ішкі нарықты жалған цементтен қорғау, бәсекеге қабілетті сапалы отандық өнімді шығару әрі саланы үздіксіз дамыту. Қазір бұған белсенді жол құрылысы, әлеуметтік тұрғын үй бағдарламаларын іске асыру ықпал етуде.
«Бірақ бұл көлемдер жеткіліксіз. Зауыттар толық жұмыс істеуі үшін экспортты да ұлғайту қажет. Тек Ресейге ғана емес, қазір ауқымды құрылыс жүргізіліп жатқан Өзбекстан мен Қырғызстанға да портланд-цемент сұранысқа ие. Техникалық реттеу құралдарынан бөлек, сала KazakhExport және QazTrade қызметтерін пайдалана алады», дейді зертхана директоры Асқар Әзірбаев.
Сарапшылар цемент өндірісі алдынғы жылдарға қарағанда жылына орта есеппен 6%-7%-ға артып, жаңа цемент зауыттарының ашылуына байланысты келешекте жылына өнім өндіру қуаттылығы 20 млн тоннаға дейін жетуі ықтимал дегенді айтады.
Бірақ бұл сала бойынша кейбір кәсіпорындар биылдың өзінде толық қуатта жұмыс істей алмауы мүмкін. Себебі көміртегі шығарындыларын азайтуға қатысты көмірқышқыл газы цемент өндірісіндегі табиғи өнімнің негізгі шикізаты әктас (СаСО3) күйдіру кезінде СО2 бөлетіндіктен Қазақстан Париж келісіміне сәйкес 2030 жылға қарай көміртегі шығарындыларын 1990 жылғы деңгейден 15%-ға қысқартуға міндеттеме алғаны бар. Былтыр үкімет СО2 шығарындыларына еркін квоталар санын 169,2 млн-нан 151,8 млн бірлікке дейін, ал 2025 жылға қарай 26%-ға қысқарту керектігін айтқан еді. Мұндай өзгертулер Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі әзірлеген 2022-2025 жылдарға арналған көміртегі шығарындыларына квоталар бөлудің ұлттық жоспары жобасында қамтылған.
«Цемент өнеркәсібі үшін бұл квота шегінде кәсіпорындар былтыр жалпы қуаттылығы жағынан 9 млн тоннадан 17 млн тоннаға дейін өндірсе, 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 38 пайызға, яғни 7,3 млн тонна көлеміне дейін төмендейді. Өйткені Батыс елдерінің нарығы Қазақстанда көміртегі бірліктерінің бағасы он есе өсетінін көрсетті. Қазір СО2 тоннасына 1,1 доллардан 35-50 долларға дейін жеткен. Еуропада көміртегі бірлігінің бағасы CO2 шығарындылары шегінен асқаны үшін айыппұлдан сәл төмен болып тұр. Өткен жылғы ұлттық деңгейде айқындалған салымдарды өзектендіру жоспарланып, парниктік газ шығарындыларын азайтудың 2022-2025 жылдарға арналған жол картасына қарағанда, кем дегенде СО2 тоннасы 50 доллар болады», деп болжайды Қазақстан цемент және бетон өндірушілер қауымдастығының директоры Ербол Ақымбаев.
Ең алдымен CO2 бағаның өсуі көміртегі несиелерінің негізгі сатып алушысына көмірмен жұмыс істейтін электр стансалары ұсынған еліміздің энергетикалық секторына әсер етіп, электр энергиясының бағасы көтерілуі мүмкін. Бұл да зауыт пен технологияға байланысты өзіндік құнынан электр энергиясының үлесі 15-25%-ды құрайтын цемент бағасының өсуіне әкеледі.
«Бір жағынан CO2 бағасының өсуі, екінші жағынан электр қуатының қымбаттауы байқалады. Оның үстіне, қор биржасында баға белгілеу секунд сайын өзгеруде. Бағаның өзгеруін болжау мен өндірісті жоспарлау мүмкін емес. Қазақстандағы кәсіпорындарға миллиардтаған инвестиция салған шетелдік инвесторлар мұндай реттеу кезінде өндірістің артуына күмән келтіруде. Құрылыс нарығындағы сұраныстың ұлғаюы, отандық цемент құнының қымбаттауынан импорттық цементтің үлесі өсіп, біздегі кейбір кәсіпорындардың банкротқа ұшырауына әкелетіні сөзсіз», дегенді айтады қауымдастық басшысы.
Қалдықтарды өңдейтін зауыттар тиімді ме?
«Әдістеме шеңберінде коэффициенттерді қайта қарау және цемент өнеркәсібіне арналған квоталарды тіптен 1%-ға арттыру өндірушілерге нарықта өзін сенімдірек сезінуге және Қазақстандағы барлық құрылыс нысандарын отандық цементпен қамтамасыз етуге мүмкіндік беруі тиіс. Квоталарды ұлғайтумен қатар, цемент өнеркәсібі өзінің көміртегі ізін азайту үшін қосымша шешімдер ұсынып, қалдықтарды жағу зауыттарының орнына қалдықтарды өңдеу зауыттарын салу тиімдірек болар еді. Бұған цемент өндірісінде жағылатын көмірдің үлесін қалдықтарымен ауыстырған жағдайда қол жеткізуге болады. Ол үшін қоқысты полигондарға көмбей, қалдық өңдейтін зауыттарда сұрыптап, кептіріп, ұсақтап, брикеттерге буып тастау керек. Қалдықтарды жағу зауыттары қоқысты бір кВт/сағ 175 теңгеге бағаласа, мұны біз тегін жасауға дайынбыз», дейді Е.Ақымбаев.
WCA мәліметіне сәйкес осы жылы цементке әлемдік сұраныс артпайды, бірақ цемент бағасы құнының жоғарылауына байланысты екі таңбалы санға өсуін жалғастырады.
«Дүниежүзілік цемент» қауымдастығының (WCA) директоры Эмир Адыгүзел бағаның өсуіне қарамастан ең арзан цемент Түркияда екенін айтқан болатын. Лондонда өткен Дүниежүзілік цемент қауымдастығының бас ассамблеясында өнеркәсіп шығындарының өсуі күн тәртібіндегі мәселе екендігін, цемент өндірушілерінің кіріс шегі қысымда тұрғандығын, аталған өнімді өндірушілер, әсіресе дамыған елдер нарығында бәсекелестіктің артуы мен өндіріс шығындарының қалыптан тыс өсуі, энергия құнының жоғары ауытқуы цемент секторы сияқты энергияны көп қажет ететін өнеркәсіптік мекемелерде қиындықтар туғызатындығы талқыланды.
«Цемент елдің дамуы үшін өте қажет. Бұл бүкіл әлемдік өсімнің ең маңызды стратегиялық элементі болса, Түркия, Үндістан және Африка елдеріндегі өндірушілер инвестицияларын қарқынды түрде жалғастырып жатқанда, батыс елдеріндегі кейбір трансұлттық цемент компаниялары жұмыстарын тоқтатты. Бұл трансұлттық цемент компаниялары дамып келе жатқан нарықтағы өздерінің цемент активтерін сатуды жалғастыруы мүмкін», деген еді Дүниежүзілік цемент қауымдастығының директоры.
Кеңес кезінде үздіксіз жұмыс істеген Өскемен, Қарағанды және Шымкент өңірлеріндегі цемент зауыттарының қатары кеңейіп, жаңа өндіріс орындарымен толығуда. 2006-2007 жылдары импорттық цементтің үлесі 35-38% көлемін құрап, елдегі құрылыс материалдарына деген сұраныс артқан. Аталған жайлар аяқсыз қалмай Маңғыстау облысында қуаттылығы жылына 0,8 млн тонна өндіретін «KaspiCement» зауыты іске қосылды. Оған Heidelberg Cement 200 млн еуро салған. Өскемендегі Бұқтырма цемент өнеркәсібінің жылдық қуаттылығы – 1,3 млн тонна. Бұдан бөлек, жалпы қуаттылығы 2 млн тонна болатын Қарағанды облысындағы Орталық Азия Цемент және Карцементті, малайзиялық холдингтің «Восток-цемент» өндірісі мен «Семей-цемент» және «Шымкент-цементті» қуаттылығы 0,3 млн тоннаны құрайтын «Жамбыл Недр» шағын өндірісі мен Ақмола облысындағы қуаттылығы 2,0 млн тонналық «Көкше-цемент», 2006 жылы құрылған, қуаттылығы 1,0 млн тонналық Шығыс Қазақстан облысындағы «Қазақ-цементтерді» атауға болады.