• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Еңбек 02 Наурыз, 2023

Жандану жолындағы жеңіл өнеркәсіп

310 рет
көрсетілді

Халықтың әл-ауқатын арттыру – мемлекеттің басым бағыттарының бірі. Осы тұрғыдан келгенде тұрғындардың әлеуметтік әлеуетін көтеру үшін бірінші кезекте азық-түлік өнімдерімен, одан кейін жеңіл өнеркәсіп тауарларымен қамтамасыз ету Үкімет назарында болуға тиіс. Қазір жеңіл өнеркәсіп саласының нарықтық бәсекелестікке қабілеттілігін таныта алмай отырған жайы бар. Осыдан отыз жылдан аса уақыт бұрын нарықтық экономикаға көшу кезеңінде, яғни тоқсаныншы жылдары тоқырауға түсіп, өндіріс көлемі мен жұмысшылар саны он есе қысқарған еді. Сол кездері әлемдік сауда сөрелерінен көрінген танымал өнімдердің орны арзан шетелдік тауарлармен толыққаны бар. Нәтижесінде, мақта өндірісі – 1,5 есе, мата – 4 есе, былғары – 6 есе, аяқкиім өндірісі 34 есе қысқарған болатын. 

Соңғы жылдары ел нарығында экс­порт­қа бағытталған жаңа брендтер мен ком­па­ниялар ашылып, қордаланып қалған же­ңіл өнеркәсіп жандана бастады. Бүгінде сала кәсіпкерлері өзекті мәселеге айналған ұлт­тық брендті жетілдіру ісі Үкімет пен ұлт­тық компаниялардың мүддесіне айналуын қалайды. Тауар өндірушілер кейбір шеттен келетін заттарға қарағанда отандық өнімдердің сапалы екендігін айтады. 2022 жылдың қорытындысы бойынша еліміздің жеңіл өнеркәсіп нарығындағы отандық өнім 8 пайызға азайып, заттай өнім өндіру көлемі бір жылда 6 пайызға өскен. Бұл – төмен көрсеткіш. Сондықтан саланың қарқынды дамуына мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуі қажет.

Осы ретте Алматы технологиялық уни­вер­ситетінде Индустрия және инфра­құ­­рылымдық даму министрлігінің қол­дауы­мен және «Qaz Textile Industy» (өзін-өзі реттейтін ұйым) жеңіл өнеркәсіп кәсіпкерлері ұлттық қауымдастығы және «Қазақстан жеңіл өнеркәсіп кәсіпорын­дары» қауымдастығының ұйымдас­ты­руы­мен Қазақстанның жеңіл өнеркәсіп кәсіп­орын­дарының жалпы съезі өтті.

Іс-шарада Алматы технологиялық уни­вер­ситеті ректорының орынбасары, техника ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Нұрахметов қатысушы деле­гаттарды құттықтады. «Қазақстанның қор­ғаныс өнеркәсіптік кешені кәсіпорын­да­ры қауымдастығының» атқарушы директоры Найзабек Олжабайұлы жиынды жүргізді.

Саладағы өндірістік проблемалардың ауқымы жылдан-жылға ұлғайып отыр­ған­­дығын, отандық өндірушілердің мүд­де­лерін қорғау мақсатында жеңіл өнер­кәсіп ісін тиімді дамытуға және кәсіп­орын­дардың күш-жігерін біріктіруге бағыт­тал­ған бірлескен қызмет аясында «Жеңіл кәсіпорындар қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі, қазақстандық жеке қорғаныс құралдарын өндірушілер» одағы және «Qaz Textile Industy» жеңіл өнеркәсіп кәсіпкерлері ұлттық қауымдастығы арасында Меморандумға қол қойылып, ұйым­дар­дың биылғы жұмыс жоспары бекітілді.

 

Бюджет қаржысы шетелдік тауарларға жұмсалады

«Жеңіл кәсіпорындар қауымдастығы» ЗТБ президенті Наталья Ахшабаева елі­міз­­де жеңіл өнеркәсіп саласындағы тігін өнімдері, оның ішінде мектеп формасы, республиканың қарулы күштері құ­ры­лымдарына, медицина және техника сала­сы­ның қызметкерлеріне арнайы киімдер импортталатын өнімдердің аналогтерінен кем емес екенін жеткізді. Дегенмен отандық киім және аяқкиім нарығында не­гізінен реттелетін сатып алулар мен мем­лекеттік қорғаныс тапсырысының қа­жет­­тілік­терін қанағаттандыруда нарық­қа шық­қан өнімдер өте аз.

«Отандық өнім дегенімізбен, оның өзі отандық шикізаттан тігілмейді, сәйке­сін­ше бағасы да жоғары. Сондықтан отан­дық киім өндірушілеріміз импортпен бәсе­кеге түсуге мәжбүр болып отыр», деді Н.Ахшабаева.

«Qaz Textile Industy» жеңіл өнеркәсіп кә­сіпкерлері ұлттық қауымдастығының бас­қарма басшысы Гүлмира Уақитова ел­дегі жеңіл өнеркәсіпке көбінесе мем­ле­кеттік тапсырыс беру арқылы қол­дау көрсетілетінін, соның нәтижесінде кә­сіп­орындардың жұмысы әупірімдеп іл­ге­рі­леп келе жатқанын атап өтті. Мемле­кет­тік сатып алуға қатысушылар тапсырыс берушінің бағасының төмендігіне қарай сапасыз импорттық тауарларды алатындықтан отандық кәсіпкерлердің өнімі нарықта қарқындылық таныта алмай отырғанын жеткізді. Яғни еліміздің бюджет қаражаты өзге елдердің экономикасын дамытуға үлес қосып отырғанын көруге болады.

«Қазақстан жеке қорғаныс құралдарын өндірушілер» одағының басшысы Надежда Шабаеваның айтуынша, компа­ния жеке қорғаныс құралдарын енгізу нарығына қатысушыларды біріктіру және қызметін үйлестіру мақсатында ерікті негізде құрылған. Ол өнімдерді өндіру, әзірлеу, жеткізу саласындағы жаңа технологияларды енгізуде және еңбекті қорғау, қызметкерлердің еңбекке қабілеттілігі мен денсаулығын сақтау, әлеуметтік сая­сат, кәсіпкерлікті құру бөлігінде стандарттар мен құжаттарды бекітіп, отандық инно­ва­циялық әзірлемелерді қолдауға және енгі­зуге арналған инфрақұрылымды құру туралы бастама көтерді.

 

Жоғары қорғаныс киімдері шығарылмайды

Саладағы өндірістік проблемалардың ауқымы жылдан-жылға ұлғайып келеді. Іске кіріскен кәсіпорындарда өндірісті жаң­­ғырту жұмыстары жүргізіліп жатқа­ны­­мен, қазақстандық өндірушілер түрлі қиындықтарға тап болып отыр. Мә­се­лен, Қазақстанда электр доғасына қар­сы сертификатталған комбинезондар, жоғары қорғаныс класындағы ме­­тал­­лург­терге арналған костюмдер ш­ыға­рыл­­майды. Нарықтағы ішкі сұра­ныс­тың айтарлықтай жоғары болуына қа­­ра­­­мастан ел аумағында өнімдерге сы­нақ орта­лықтарының жоқтығы тағы бар. На­рық­қа қатысушылар жабдық өн­діру­­шілердің шетелде жинақтаған тәжірибесін пайдалана отырып, бастап­қы­да тәуекелдерді анықтауды, инженерлік құжаттамаларды дайындауды, оқытуды ұйымдастыруды, қажетті жабдықты орнатуды және оған қызмет көрсетуді қамтитын аталған бағытта кешенді тәсіл құруы қа­жет. Бұл үшін кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, электр доғалық кос­тюмдер үшін сынақ орталықтарын ашу, кадр даярлау және халықаралық сертификаттаудың салалық жүйесін құру сала­дағы кәсіпорындарды кешенді бас­қа­ру үшін барлық бизнес-процестерді автоматтандырудағы салалық стратегия­ны әзірлеу ұсынылды. Бұл ұсыныстар орын алған келеңсіздіктің алдын алуға, өндірістегі тәуекелдерді тиісінше азайтуға, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және ел эко­номикасында лайықты орын алуға мүм­кіндік береді.

Сонымен қатар «Қазақстан жеңіл өнер­кәсіп кәсіпорындары» қауымдастығы және UPC FIZ арасында «Qazaqstanda Jasalgan» экономикалық ұлттық қозғалысы арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Бірлестікке қатысушылар, қа­зақ­стандық өндірушілерді қолдау үшін нақты өзгерістерге қол жеткізуді көз­­деп отырғандығын айтқан қозғалыс жетекшісі Айбек Барысов жаңа қоғамдық бір­лестікті ұйымдастырушылардың қата­рында осы сала бойынша 100 мың жұ­мыс­шының мүддесін қорғайтын бизнес өкілдері қазақстандық өндірушілерді қол­дау қажеттігін, мемлекеттік органдар үшін басымдыққа айналуға тиіс екендігін атап өтті.

«Жиһаз және ағаш өңдеу өндірісінің кә­сіпорындары» қауымдастығының пре­зиденті Қанат Ибраев жұртшылық назарында жүрген жетістіктер мен озық технологиялар арқылы жұмысын дөңгелетіп отырған салада жиһаз өндірісін дамыту, дизайнды жетілдіру де күн тәртібінде тұрған өзекті мәселенің бірі екенін атап өтті.

 

Қолдау тетіктері қандай?

Осыдан екі жыл бұрын қазақстандық өнімді экспортқа шығару кезінде қол­дау және 2019-2021 жылдарға ар­нал­ған жеңіл өнеркәсіпті дамыту жөніндегі бекітілген Жол картасында кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ету, тауарлардың заңсыз айналымымен күресу, қазақстандық қамту үлесін арттыру сияқты экономикалық ынталандыру мен жүйелі қолдау шаралары бойынша 52 іс-шара қарастырылған болатын. Десек те түрлі мемлекеттік бағдарламалар болғанымен, кәсіпкерлер екінші деңгейлі банктерден жиі несие алуға мәжбүр.

«Кезінде қирандысы ғана қалған Қара­ғанды облысындағы Абай фабрикасы бүгінде тамаша тоқыма бұйымдарын шығаруда. Өнімдері табиғи сұрыптаудан өтіп, сапалы жұмысымен танылып отыр­ған фабриканы Kaspi Bank-тен несиеге сатып алдық. Бүгінде табысы мемле­кет­тік тапсырыстардың 0%-ын құрап отыр», дейді Қарағанды облысы Абай қала­сындағы тігін фабрикасының басшысы Нұрхан Жұмабек.

Былтыр жыл соңында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жеңіл өнеркәсіпті дамытудың 2022-2025 жылдарға арналған жол картасын әзірлеп, бекітті. Онда шикізат базасын дамыту, шикізатты қайта өңдеу, отандық өндірістің қуатын арттыру, инвестиция тарту, әлемдік тәжірибені енгізу және экспортты дамыту жөніндегі шаралар қарастырылған. Жалпы, жеңіл өнеркәсіпте 2025 жылға дейін мақта бойынша отандық шикі­затты қайта өңдеуге, сондай-ақ иіріл­ген жіп, мата, тоқыма бұйымдарын өнді­ру­ге бағытталған 7 негізгі жобаны іске асыру жоспарланған.

Өткен жылы елімізде жеңіл өнеркәсіп­тегі өндіріс көлемі 6%-ға артып, 178 млрд теңгеге жеткен. Тоқыма бұйымдарының өндірісі – 5,3%-ға, киім өндірісі – 7,8%-ға, сондай-ақ былғары және онымен байланысты өнімдердің көлемі 3,7%-ға өскен. Сонымен қатар мақта, жүн, тері және былғарыны өңдеу мәселелеріне ерекше назар аудару, бұдан бөлек отандық бренд­тер­ді ынталандыру бойынша ұсы­ныс­тар қарастырылды.

«Анықталған табысты бағыттар мем­ле­кет­тік шығынды азайтып, бірақ сала өндірісіне айтарлықтай әсер ететін киім өндірісі сегменттерін дамытудың мүм­кін­дігін көрсетіп отыр. Осыған орай шетелде отандық мамандарды оқытуға субсидия беру және отандық брендтердің мем­ле­кет­тік деңгейде ақпараттық сүйемел­де­уін қамтамасыз ету мәселесін пысықтау қажет. Қазір Қазақстанда жеңіл өнеркәсіп саласы бағытында жұмыс істейтін 1 420 кәсіпорын тіркеліп, шамамен 30 мың адам еңбек етеді», деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Жеңіл өнеркәсіп басқармасының басшысы Айжан Әділова.

 

Кадрларды қалай даярлайды?

Қазақстан жеңіл өнеркәсіп саласындағы кәсіпкерлердің басын қосқан 65 жылдық тарихы бар Алматы технологиялық университеті – тағам, қайта өңдеу, тоқыма және жеңіл өнеркәсіп салалары, бизнес, инжиниринг, IT, қызмет көрсету индус­­­триясы және қонақжайлылық бағыттарда мамандар мен ғылыми кадрлар даярлайтын Қазақстан мен Орталық Азияның жетекші жоғары оқу орындарының бірі. Университет ректорының орынбасары Бауыржан Нұрахметовтің айтуынша, білім ордасында 2005 жылдан ИСО 9001-2015 халықаралық стандарттар талап­тарына сәйкес сертификатталған сапа менеджменті жүйесі (СМЖ) жұмыс істейді.

Қазір жеңіл өнеркәсіп саласы бо­йынша елімізде Алматы технология университеті, М.Әуезов атындағы Оң­түс­тік Қазақстан мемлекеттік уни­вер­ситеті, М.Х.Дулати атындағы Тараз мем­ле­кеттік университеті, Шәкәрім атын­дағы Семей мемлекеттік уни­вер­си­теті, Рудный индустриялық инс­титуты, Қазақ технология және бизнес университеттерінің «жеңіл өнеркәсіп бұ­йымдарының технологиясы және құ­ры­лымдастыру», «тоқыма материалдары технологиясы және оны жобалау» ма­мандықтары бо­йынша білім алу­шы­лар­ға кәсіптік тәжірибе мен тағы­лым­дамалардан өтуге жағдай жасалған. Де­ген­мен осы салаға мамандар даярлайтын оқу орындары жеткілікті екендігіне қарамастан, көп­те­ген түлек еңбек жағдайы мен жа­ла­қының аздығына байланысты өз мансабын өндіріспен байланыстырғысы келмейді. Бұл да қазіргі күннің өзекті мәселесінің бірі.