• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Бизнес 01 Наурыз, 2023

Бизнес биігінен көрінген нәзік жандар

195 рет
көрсетілді

Шағын және орта бизнес саласындағы әйелдер үлесі артып келеді. «Бизнестің жол картасы – 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында және «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасы шеңберінде әйелдер еңбек нарығының талабына сай біліктіліктерін арттырып, кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгеріп отыр.

Соңғы уақытта бизнестегі бас­шылық қызметтерді де әйелдер қауымы сенімді атқара бастаған. Форумға қатысушылардың ай­туын­ша, бұған бірінші кезекте әйел­дер­дің жауапкершілігі мен тәртібі себеп.

«Әйелдер кәсіпкерлігі – отан­дық бизнестің маңызды бөлігі. Әйелдер қатысатын бизнесте қам­­қорлық, жауапкершілік, тәр­тіп көзге ұрып тұрады. Менің де ең сенімді әріптестерімнің қа­та­рын­да әйелдер көп. Күнбе-күн кез­десетін түрлі қиындықтарға қара­мастан әйелдер кәсіпкерлігі өте белсенді дамып жатыр. Өткі­зі­ліп отырған форум – жаңа идеялардың туындауына тамаша мүмкіндік беретін шара. Бұл ретте әйелдер бизнесіне мемлекет тарапынан қолдау – грант, жеңілдетілген кре­дит және субсидиялау қажет», деді «Атамекен» ҰКП басшысы Раимбек Баталов.

Оның сөзінше, көптеген бизнес әйелдің тынымсыз еңбе­гі­нің арқасында жұмыс істеп тұр.

«Соңғы жылдары өңірлерде әйелдер тарапынан бизнеске деген қызығушылықтың өсіп келе жатқанын аңғарып отырмыз. Бірақ кәсіпкерлікке бару керек пе, жоқ па деген күмән де жиі кез­­деседі. Бұл ретте әйелдерге кө­мектесу қажет. Ондай қолдау ин­фра­құрылымы бізде бар. Қа­зірге дейін 7 мыңға жуық әйел түрлі бағдарлама бойынша оқу курстарынан өтті. Нау­­рыз­да «Ата­ме­кен» өз құрылымын өзгер­теді, оның ішінде палатада әйелдер кәсіпкерлігіне арналған жеке департамент ашылады», деп атап өтті Баталов.

Halyk Bank басқарма төрағасы Үміт Шаяхметованың айтуынша, қаржы институты әйелдер кә­сіп­кер­лігіне айырықша назар ауда­рады.

«2018 жылдан бері Halyk Bank «Бизнестегі әйелдер» жеке бағ­дар­­ламасын қаржыландырып келе жатыр. Аталған бағдарлама ая­сында қыз-келіншектер 530 кәсіпке жылдық 5 па­йыздық мөлшерлемемен 5 млрд тең­геге жуық несие алып үлгер­ді. Осы жылдың басында тағы 1 млрд теңге бөлетінімізді жа­рия­­ладық. Осылайша, Halyk Bank әйелдер бизнесін қолдау мақ­­сатында 6 млрд теңге бөліп отыр. Осы ретте әйелдердің банк алдындағы міндеттемесін орын­дау тұрғысынан да ерекше жауап­кер­шілікке ие екенін атап өткім келеді. Мысал ретінде «қара тізім­де» әйелдер санының еркектерден әлде­қайда аз екенін айтсам болады», дейді ол.

Форумның модераторы және Қазақстан іскер әйелдер Кеңесінің төрағасы Ақеркін Ералиеваның айтуынша, елдегі тіркелген шағын және орта бизнес субъектілерін басқару саны бойынша әйелдер үлесі 43,5 пайызды құрайды (2022 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай). Әйелдер кәсіпкерлігі шағын және орта бизнестегі 31 пайыз жұмыс орнын қамтамасыз етіп отыр. Бұл – республика ішкі жалпы өнімінің 14,6 пайызы.

АҚШ-тың Қазақстандағы Бас консулы Кэролайн Сэвидждің айтуынша, егер дамушы елдердегі бизнесте әйелдер мен ерлердің үлесі тең болса, онда мемлекет экономикасының аяққа тұруы тезірек жүзеге асады. Оның пайымдауынша, бұл 2025 жылға таман 38 трлн долларлық өсімге бастайды. Бұл дегеніңіз АҚШ пен Қытай ІЖӨ-сімен бірдей көрсеткіш. Ал Қазақстан ІЖӨ-сін 53 млрд долларға жеткізуге бо­лар еді.

«Атамекен» ҰКП іскер әйел­дер кеңесінің басшысы Ләззат Рама­занованың айтуынша, ке­ңес кәсіпорындарға гендерлік экс­пертиза жүргізіп, гендерлік тең­­дік сер­тификатын беретін қа­уым­­­дас­тық құрған.

«Былтыр мұндай сертификатты алғаш болып «Казцинк» компаниясы алды. Ірі бизнес тарапынан сертификатқа деген сұраныс өте жоғары. Бұл сертификат өз еліне және өз бизнесіне тікелей инвестиция тартуға көмектеседі. Қазіргі уақытта бизнеске тек жаз­да кезде емес, зейнеткерлік кезеңде де кіруге болады. Бір ай бұрын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірігіп консультация өткіздік және олар іскер әйелдер кеңесіне мынадай ұсыныспен қайырылды: егер кәсіпкер оны жұмысқа алатын болса, онда мемлекет зейнетке шығуына бес жылдан аз уақыт қалған әйелдердің жалақысына субсидия жасайды. Бұл бизнесвумендер үшін тәп-тәуір мотивация. Мұны тек әйел кәсіпкерлер ғана емес, ер адамдар да пайдаланса болады», дейді Ләззат Рамазанова.

Форум барысында арнайы қонақ – «Украина табысты әйел­дер клу­бының» өкілі Илона Бор­дян­ның пікірі де татымды шықты. Ол соғыс басталғаннан кейін той көй­лектері сатылымын қалай сақтап қалғанын айтып берді.

«Біз өз нарығымызды жо­ғал­тып алдық», дейді Илона, «Клиент­теріміздің 90 пайызы Ре­сейден келетін. Содан қабыр­ға­ға әлем картасын іліп тастап, жаһан нарығын зерттеп көрдік. Онлайн-сатылымды іске қостық, менеджерлермен хабарластық, түрлі елдерде кездесулер бойынша келісім жасастық. Қазір өз бизнесіміздің ауқымын кеңейттік және 100 пайызға ұлғайттық. Клиенттеріміздің арасында Швей­цария, Германия, Мажарстан, Румы­ния, Болгария, Мексика, АҚШ және Испания елдері бар. Соғыс бізге көп нәрсені үйретті, соның ішінде тек өз нарығыңда қайнай бермей, сыртқа шығу керектігін де ұғындырды. Халықаралық нарыққа мойын бұру қажет. Егер бір елде нарық төмендесе, онда басқа есікті қағып көру керек. Басқа елдермен байланыс орнатып, тәжірибе алмасуда мұндай форумдардың маңызы өте зор», деді украиналық бизнесмен.