• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
25 Маусым, 2014

ЮНЕСКО тізіміне енді

454 рет
көрсетілді

Осы күндері Катар астанасы Дохада ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар комитетінің 38-ші сессиясы өтуде. Онда Ұлы Жібек жолы БҰҰ-ның Білім, ғылым және мәдениет мәселелері бойынша бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілді. Орта ғасырларда Шығыс Азия мен Жерорта теңізіне дейінгі аймақты жалғаған керуен жолын ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне қосу мәселесін Қазақстан, Қытай және Қырғызстан тарапы көтерген болатын. Осыдан 3-4 мың жыл бұрын Қытайдың Ши-ан деген жерінен басталып, Шынжаң, Орталық Азия арқылы Таяу Шығысты жалғаған керуен жолы бағыты сол заманда сан халықты бір-бірімен жақындастырып, олардың мәдениеттерінің дамуына да өз септігін тигізгені анық. Ұлы Жібек жолы салған айшықты тарих дала жүзінде неше ғасыр бойы сайрап жатты. Тек кәрі құрлықтың су жолымен жүк тасымалдай бастауы тарихтың жаңа беттерін ашып, Жібек жолының сорабы дала бетінде көмескілене бастаған. Енді, міне, араға ғасырлар салып, Ұлы Жібек жолы ЮНЕСКО қорғайтын тізімге енгізілді. Біздің елімізден бұл тізімге 8 нысан кіріп отыр. Олар: Қойлық, Қарамерген, Талғар, Ақтөбе, Ақыртас, Құлан, Қостөбе, Өрнек және Степнинское мекендері. Бұдан бұрын Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен Тамғалы петроглиф тас кешені, сонымен қатар, 2008 жылы Орталық Азия бойынша алғашқы табиғи нысан ретінде «Сарыарқа – Солтүстік Қазақстан көлдері мен жазықтықтары» ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілген болатын. Сессияда сөйлеген ЮНЕСКО бойынша Ұлттық комиссияның Бас хатшысы Әсел Өтегенова номинацияға қатысуда қолдау көрсеткендердің барлығына алғысын айтып, біздің еліміздің Еуразияның кіндігінде тұрып, Батыс пен Шығысты, Еуропа мен Азия мәдениетін жалғастыруда көпір іспетті маңызды рөл атқарғанын айтты. Сонымен қатар, ол қазіргі күнгі «Жібек жолының» туризм және әлеуметтік интеграцияны дамытуда аса өзекті мәселе екеніне тоқталып, Қазақстан Республикасының аталған ескерткіштердің бұзылмай сақталуы мен танымалдығын арттыруға пейілді екенін білдірді және «Жібек жолы» тұжырымдамасын ЮНЕСКО-ның түрлі бағдарламалары аясында алға апарудың елдік мүдде тұрғысынан қажеттігіне маңыз берді. Бабалар салған «Ұлы Жібек жолының» сілемдері бүгінде бізді жаһанданған әлемде жұмыр жердегі сан жұртпен қатынастар орнатып, оны ел игілігіне жұмсауға үндеп жатқандай. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».