Заңды күшіне енген сот шешімін орындамағаны үшін қала әкіміне айыппұл салынды, деп хабарлайды Egemen.kz Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Атап айтсақ, сот шешімімен жауапкердің жер учаскесінің нысаналы мақсатынын өзгертуден бас тартуы заңсыз деп танылып, жердің нысаналы мақсатын өзгертуді, яғни бір ай ішінде ЖШС-нің пайдасына қолайлы әкімшілік акт қабылдау міндеттелген.
Алайда, осы уақытқа дейін сот шешімі орындалмаған, жеткілікті уақыт өтсе де қала әкімі қолайлы акт қабылдауға ешқандай шара қолданбаған.
Әкімшілік кодекстің талаптарына сәйкес, сот шешімдерін орындаудан жалтару 50 АЕК мөлшерінде ақшалай өндіріп алуға әкеп соғады.
Нәтижесінде, сот ұйғарымымен Ақтау қаласының әкіміне қатысты 50 АЕК мөлшерінде, яғни 172 500 теңге айыппұл салынды.
Әкім айыппұлды 5 күн ішінде төлеп, сот шешімін 10 күн ішінде орындауы керек. Әйтпесе, ақшалай өндіріп алу 10 АЕК-ке ұлғайтылған мөлшерде қайта қолданылады.