Алғыс айту мерекесін Астана перзентханаларының дәрігерлері мен науқастары да атап өтті. Науқастар ақ халатты абзал жандарға алғыс айтып, жылы лебіздерін жеткізді, деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мейрам күнінде қаламызда 71 сәби дүниеге келді: оның 35-і - қыз, 36-сы - ұл бала.
«Алғыс күні – ізгі мейрам. Ең алдымен жауапты, ізгі іс атқарып жүрген әріптестеріме алғыс білдіремін. Бүгінгі акцияның мақсаты – сыйластық пен достық секілді халқымыздың игі құндылықтарын дәріптеу», деді дәрігер Анар Қыстаубаева.
Дәрігерлерге шексіз ризашылығын білдіріп, игілікті акцияға атсалысқан жандардың бірі Юлия есімді қала тұрғыны 5,2 келі ауыр салмақта батыр ұлды дүниеге әкелген. Ауыр асқынулармен түскен науқас ұлын аман-сау өмірге әкелуге бірден-бір кәсіби көмек көрсеткен ақхалатты жандарға ризашылығын білдірді.
«Маған ота жасап, қамқорлық танытқан дәрігерлеріме үлкен алғыс. Дәрігер атану — ұзақ әрі қиын, жауапты қызмет. Бұл жолды таңдаудың өзі – батырлық», деді ол.