• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Бокс 02 Наурыз, 2023

IBA ашық айқасқа кірісті

2941 рет
көрсетілді

Әлемдегі саяси жағдайға байланысты туындаған әуесқой бокс төңірегіндегі дау қайта өрши түсті. Өткен айда бірқатар мемлекеттің бокс федерациялары қыздар (Үндістан) мен ерлер (Өзбекстан) арасындағы бокстан әлем чемпионатына қатысудан бас тартқаны белгілі. Соның қарымтасы ретінде бірер күн бұрын Халықаралық бокс ассоциациясы (IBA) Ресей мен Беларусь былғары қолғап шеберлерінің дүниежүзілік додада өнер көрсетуіне қарсы болған федерация басшыларына қатысты тәртіптік іс қозғады.

«IBA тәуелсіз этика комитеті АҚШ, Канада, Чехия, Швеция және Жаңа Зеландия бокс феде­рацияларының өкілдеріне IBA Конституциясын және оның тәртіп пен этика кодексін бұзғаны үшін шағым түсірді», делінген IBA-ның ресми сайтындағы хабарламада.

Атап айтқанда, IBA АҚШ бокс фе­дера­ция­сының бас директоры Майк Ма­кэт, Ка­на­да бокс феде­ра­ция­­сының пре­зиденті Райан О’Ши, Че­­хия бокс ассо­циа­ция­­сы­ның пре­зиденті Ма­рек Шима, Швеция бокс ассо­циациясының төрағасы Пер-Аксель Шехольм және Жаңа Зеландия бокс фе­дерациясының президенті Стив Хартлиге қа­тысты тәртіптік іс қозғады. Со­нымен қатар тәуелсіз этика комитеті өзге де ұлттық федерация басшыларының бойкотқа қатысы бар-жоғын тексеретінін де мәлімдеді. Осылайша, IBA жасырын түр­де өздеріне қарсы шық­қан ұлттық феде­ра­циялар­мен ашық ай­­қасқа кі­ріс­кенін бай­қатты.

«Бокста кемсітушіліктің қан­дай да бір түріне орын жоқ және IBA мұндай жағдайды бол­дырмауды өзінің миссиясы деп санайды. Сонымен қатар Ха­лықаралық бокс ассоциациясы халықаралық аренадағы өзі­нің адалдығы мен беделіне нұқ­сан келтіретін белгілі бір топ өкіл­дерінің қаралауына жол бер­мейді», делінген хабарламада.

Естеріңізде болса, 2022 жыл­дың қазанында IBA президенті Умар Кремлев Ресей мен Бела­русь спортшылары 2023 жылы өтетін бокстан қыздар мен ерлер арасындағы әлем чемпионаттарында өз тулары астында өнер көрсететінін мәлімдеген бо­латын. Халықаралық Олим­пиада комитеті (ХОК) тарапынан салынған санкцияларға (өз туы астында жарыстарға қатыстырмау) қарамастан, IBA-ның қабылдаған осындай даулы шешіміне жоғарыда аттары аталған мем­ле­кеттің бокс фе­де­ра­­циялары өз на­ра­зылықтарын біл­діріп, бірінен соң бірі әлем чемпионаттары­на бойкот жария­лай бастады. Сон­дай-ақ АҚШ бокс фе­де­рациясы халықаралық бокс ұйымының қаржылық бас­қаруы ашық түрде жарияланбайтынын және санкция салынған компаниялармен тығыз жұмыс істеуі бойкот жа­рия­лауға себеп болғанын мә­лім­деген еді.

Әлемнің оннан аса мемлекеті бокс бәсекелеріне қатысудан бас тартатындарын айтса да, IBA президенті Умар Кремлев ха­лықаралық федерациялар мен ХОК талабын орындауға бәрібір ниетті емес екенін жеткізді. Атап айтқанда, ол әр спортшыға өз елінің туы астында рингте өнер көрсетуіне және мемлекетінің ән­ұранын шырқатуға мүмкіндік беретініне уәде берді. Сонымен қатар Кремлев спортшыларды мұндай мүмкіндіктен айырып отыр­ған шенеуніктер мен саясат­керлерге спортта орны жоқ екенін де жеткізді.

...Бірінші раунд барысында екі «боксшы» да ринг ортасында бір қарыс артқа шегінбей, өз мүддесі үшін ашық айқастан аянып қалған жоқ. Қазірше үзіліс. Екі тарап рингтің екі бұ­рышында «бапкерлерінің» ақыл-кеңесін тыңдап, екінші раундта ұстаздарының берген тапсырмаларын бұлжытпай орындау үшін дайындалып жатыр... Бұл тартыста кімнің жеңетіні әзірге белгісіз. Бірінші раундтан кейін таразы басы тең түсіп тұр.

Айта кетейік, Үндістан астанасы – Нью-Делиде жалауы жел­бірейтін әйелдер арасындағы әлем чемпионаты 15-31 наурыз, Өзбекстанның Ташкент қаласындағы ерлер бәсекесі 1-14 мамыр аралығында өтеді деп жоспарланған.