Ата тарихымызда Сырым Датұлы (1783-1791 ж.), Исатай-Махамбет (1836-1837 ж.), Кенесары Қасымұлы (1837-1847 ж.) бастаған ұлт-азаттық көтерілістер ұлтын сүйген жыраулардың жүрегін жайындай тулатып, Ұлт, Заман, Уақыт атынан жанартаудай күркіреп, сес сөзін селдеткен-ді. Ұлт-азаттық идеяны – ең басты, ең негізгі ой қазығына, қуатты сарынға, әлеуметтік-философиялық мазмұнға айналдырды. Әсіресе Бұқар жырау өнернамасы заманның тілі, үні, сыры деуге лайық. Академик-жазушы Сәбит Мұқанов «Қазақтың ХVІІІ-ХІХ ғасырдағы әдебиетінің тарихынан очерктер» дейтін кітабында (1942): «Бұқардың сөздері ХVІІІ ғасырдағы қазақ тіршілігінің энциклопедиясы» деп жазады. Рас сөз, жанды пікір.
Шоқан Уәлиханов «Абылай дәуірі қазақтардың ерлігі мен серілігінің ғасыры» деп, түйін жасайды. Иә, Абылай ханның бас кеңесшісі, ақылгөйі, заманның сәуегейі Бұқар жыраудың көріпкелдігін Шоқан Уәлиханов «ХVІІІ ғасырдағы батырлар туралы тарихи аңыздар» атты жазбасында айрықша атайды.
Заман келбеті, Отан тағдыры, болмыс шындығы, ел тұтқасын ұстаған асқан қолбасшы, біртуар баһадүр, үздік мәмілегер, зерделі мемлекет басшысы Абылай ханның жортуыл-жорық күндеріндегі іс-қимылдары, ұлттың ұлы мұраттар жолындағы ізгі, жалынды күресі жырау мұраларында шынайы шындықпен суреттеледі. Бұқар жырау толғауларында Ресей империясының отарлаушылық, басқыншылық саясаты, зұлымдық әрекеттері де мейлінше әшкереленеді.
Мысалы, «Қилы заман» толғауында мысықтабандап келе жатқан бұлдыр заманды елестетеді: «Күнбатыстан келер бір дұшпан, Ақырда шығар сол тұстан. Өзі сары, көзі көк, Діндарының аты – боп. Күншығысқа қарайды, Шашын алмай тарайды. Құдайды білмес, діні жоқ, Жамандықта міні жоқ, Затсыз, тексіз бір кәпір. Аузы-басы жүн кәпір. Жаяулап келер жұртыңа. Жағалы шекпен кигізіп, Балды май жағар мұртыңа. Жемқорларға жем беріп, Азды көпке теңгеріп, Ел қамын айтқан жақсыны Сөйлетпей ұрар ұртына. Бауыздамай ішер қаныңды, Өлтірмей алар жаныңды, Қағазға жазар малыңды, Есеп алар пұлыңа, Солдат алар ұлыңнан. Күндердің күні Абылай, Есе тимес өзіңе, Есіктегі құлыңнан».
Қазақ қоғамының шынайы сәнінен, мәнінен айырылатынын, дінінің, тілінің тозатынын, қабілетсіздер, көргенсіздер сұңғылаларды илеп билейтінін, шынайы дәрменсіздік жайлайтынын, марқасқалардың төбесінде қара бұлт үйірілетінін баяндаған.
Жыршының «Қилы заман» толғауының қашан, қалай туындағанын Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы өз жазбаларында түсіндіреді. Абылай хан бір салтанатты күнде, ат үстінде Бұқардан: «Асан қайғының қилы-қилы заман болар, қарағай басын шортан шалар дегені не тантық, суда жүрген шортан тауға біткен қарағайдың басына қайдан шығады? Миға қонбайтұғын сөз ғой», – деп сұрапты. Сонда Бұқарекең қырын қарай тұрып, атының басын бұрып, қамшысын ерінің үстіне тастай салып, көзіне жас алып: «Әй, хан! Бұл сөзді сен сұрамасаң керек еді, мен айтпасам керек еді!» – деп, осы толғауды тапқырлықпен туындатыпты.
Отарлаудың амалдарын қапысыз ойластырған Ресей империясы сахарада қара шекпенділер мен келімсектерді түпкілікті қоныстандыру үшін, алдымен, тұс-тұстан қалалар мен бекіністер салды. Нулы, сулы, шүйгінді, орманды жерлерден қазақтарды қырға ығыстырды. Атамекенінен, кәсібінен ажырап, абдырай бастаған, тағдыр тәлкегіне ұшыраған халқының күйігін Бұқар жырау былайша жоқтап зарлайды: «Өзің қонған Көкшетау Кәпір қала салды, ойла! Жарқайың деген жерлерге Шашылып шеті барды, ойла! Атбасар мен Қалқұтан Балығы тәтті су еді. Өзен бойын шаңдып ап, Сүзекісін салды, ойла! Қарқаралы деген тауларға Қарқарасын шанышты, ойла! Ұлытау, шеті Созақтан, Берекелі жерлерден, Көкорай шалғын көре алмай, Шұбырып қазақ кетті, ойла! Нұрада бар Ақмола, Есілде бар Қараөткел, Екі өткелдің аузынан Қараөткелді салды, ойла! Баянауыл, Қызылтау Оны да кәпір алды, ойла! ...Кетпейін десе жері тар, Қоршап алған кәпір бар. Ұйлыққан қойдай қамалып, Бүйірінен шаншу қадалып, Сорлы қазақ қалды, ойла!».
Бұқар жырау Қалқаманұлының (1668–1781) өмір тарихы мен өнернамасы, шын мәнінде, Абылай дәуірінің шарайнасы. Ұлтының тамаша рухани адамгершілік қасиеттерін бойына дарытқан көкірегі даңғыл, алмас тілді, дуалы ауыз кемеңгер ақылшы, данагөй, тілегі қабыл батагөй, толқынды топта тілдің майын тамызып, сөздің балын ағызатын, сұңқардай саңқылдайтын суырылған шешен, «хан шеше алмаған ауыр түйін, қиын жұмбақ, көмескі келешекті» бұлжытпай болжайтын, қапияда айрықша сәулетті ой-пікір өрбітетін әулие жырауды Абылай қасынан бір елі қалдырмаған. Ақыл-ойға кемел «көмекей әулие» Абылай ханның дұрыс шешім, парасатты пайым қабылдауына, қос бүйірдегі екі алып мемлекеттің арасында оңтайлы саясат ұстануына, әскери дипломатиялық қарым-қатынастарды реттеу барысында тамаша ықпал жасайды.
Бұқар жырау поэзиясының негізгі ерекшеліктерін, ішкі ағыс-толқындарын білімпаздықпен бажайлаған Мұхтар Әуезов: «Бұқардың толғауында екі түрлі күй, сарын бар. Біреуі... әлеумет қамын сөйлеу, екінші сол жайды сөйлегенде мұң-зармен, арманмен сөйлеу. Қайғылы пішін, қаралы көңілмен күңірентіп сөйлеу» дейді. Сайып келгенде, Отан қорғау, қорғаныс қабілетін күшейту, жер-суды жат қолынан сақтау, тыныштық бұзбау, ел билеу тәсілдерін мүлтіксіз меңгеру, ханның жақсы қадамдарын қолдап қуаттау, теріс істерін істетпеу, райынан қайтару, заман ағымын жете аңғару, тарих тағылымы мен тәжірибесін зерделеу, түзулікке, дұрыстыққа, әділеттілікке шақыру мәселесі, ұлттық мүддені, салт-дәстүрлерді, адамгершілік қағидаларын сыйлату жырау толғауларының саяси-әлеуметтік мазмұнын анықтайды. Арыстан туған азулы көреген жыраудың көкейкесті ойларына, тұжырымды, тұрлаулы толғаныстарында:
…Қарашы, мынау ойда
жатқан орысты,
Дін мұсылман жұртынан,
Шіркін, алған екен қонысты!
Аяғыңнан шалысты,
Күндердің күнінде
Басыңызға салып жүрмесін зор істі!
Тарих сахнасында суырылып шыққан айтулы жыраулар тайпа көсемі, әскербасы, батыр, жорық шежіресі ретінде көрінеді. Бұл орайда Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Жиембет, Ақтамберді, Бұқар жыраулар толғауларында ұлттық сана-сезім, күрескерлік рух, әлеуметтік сарын, философиялық дүниетаным, азаматтық әуен басым. Мемлекет тағдыры мен мәртебесі, кемелденуі мен келешегі, тұтастығы мен бірлігі алаңдатады.
Бұқар жырау есілтіп-төгілтіп отырады. Бұған:
Еліңнің қамын же – сана,
Есіліп кеңес айт – сана, –
деген лебізі куә.
Кейде сәуегей абыздық тұспалмен, ишаратпен, тәсілмен сөйлейді. Оның қапияда шығарылған философиялық-дидактикалық сипатқа бөленген құдіретті ой-толғаныстары, тапқыр билік-келісімдері толғау түрінде беріледі. Жыраудың ересен шығармашылық қабілеті, ой-санасы, көңілі реттілікке, жүйелілікке, ырғақтылыққа бейім болғандықтан, әрі жыр мен сырдан жаралғандықтан, қиыннан қиыстырылған құрыштай тастүйін сөздер, қанатты кесек ойлар, пайымды терең байламдар белгілі бір нақысты мақаммен, түйдектете, толқындата айтуды қалайды.
Бұқар жырау дәуір, өмір, тұрмыс-тіршілік құбылыстарын және олардың себеп-салдары мен түп-тамырынан қозғап қана қоймаған, білгір дана қиял қанатында самғап, келешек заманның кереметін де көре білген, көрегендікпен болжай таныған.
Әлемді түгел көрсе де,
Алтын үйге кірсе де,
Аспанда жұлдыз аралап,
Ай нұрын ұстап мінсе де,
Қызыққа тоймас азамат!
Ілімді түгел білсе де,
Қызығын қолмен бөлсе де,
Қызықты күні қырындап,
Қисынсыз күйге түссе де —
Өмірге тоймас азамат!
Жақындап ажал тұрса да,
Жанына қылыш ұрса да,
Қалжырап көңіл қарайып,
Қарауытып көзі тұрса да —
Үмітін қоймас азамат!
Ұлы ойшыл-философ сөзін де, пікірін де ойнатып, жайнатып, етек-жеңі жинақы, ықшам, жүзіктің көзінен өткендей, күндей көрікті, сырлы да сұлу, мінсіз түйдек әкелген. «Әлемді түгел көру», «Аспанда жұлдыз аралап, ай нұрын ұстап міну» деген данышпандық толғамдары есіңде сақтарлықтай есті сөздер.
Жырау толғауларының сыртқы сымбаты мен ішкі қасиет — қуатында, көркем ойлау процесінде шиыршық атқан жалынды шешендіктің де буы, асқақ қаһармандық рухтың да лебі білінеді. Негізінен, толғаудың құрылысы күрделі ой ағымына, пікір еркіндігіне, ауызекі сөйлеу стиліне бағынады. Тармақтар 7-8 буынды, ұйқастары еркін. Тегінде толғау музыкалық аспаптардың (қобыз яки домбыра) сүйемелдеуімен орындалады.
Бұқар жырау толғауының поэтикалық сәулеті, артықша қасиеті және оның сөз қолдану ерекшелігі де өзгеше.
Қара суды теріс ағызған Абылай ханды «Ай, Абылай, сен бір он бір жасыңда», «Күпшек санды күреңді» дейтін толғауларында «Қара судың бетінде, Шайқалап аққан сең едің... Алтын тонның жеңі едің», «Алтын тұғыр үстінде, Ақсұңқар құстай түледің... Бақ үйіне түнедің» деп, «Айбалтасын алтынменен булатқан», «Періштесін жұрт үстінен дулатқан», «Жасыл көлге мәслихатқа келтіріп, Зәмзәм суын мыс табаққа толтырған. Қазығын қалайыдан қақтырып, Тоқпағын сом алтыннан соқтырып, нақыра күміс шаптырып... Орындығын оймыштан, Ою нақыш салдырған, сандығын сары алтынға малдырған» деген поэзиялық сипаттаулары, ердің ері Бөгенбай батырды «Қазақтың қамал қорғанына», «Бұтақты мүйіз бұғысына» ұқсатуы, жыраулардың пірі «Мен – Арғын деген арыспын, Азуы кере қарыспын. Сен – бұзау терісі шөншіксің, Мен – өгіз терісі талыспын» деген метафоралық салыстырулары яки өзінің образдық — көркемдік бейнесін сомдауы келісті, кесек. Немесе: «Бірі етек, бірі жең болған», «Найзасының ұшы алтын» тәрізді кестелі, келісті, көркем суретті сөйлемдер жыраулар поэзиясының музыкалық архитектоникасын, образдылық-бейнелілік табиғатын анықтайды.
Осылардың баршасы Бұқар жыраудың жаратылысты, дүниені, ғаламды жан-жақты ұғып-түсінуден, танып-білуден, «тұрмыс қазанында қайнап піскен» сөз-ұғымдарды, сөз-образдарды жаңғырта, көркейте түсер шығарымпаздық қабілетінен, философиялық көзқарасынан туған деуге болады.
Бұқар жырау поэзиясында ақындық даналықтан, тапқырлықтан нәр алған әсерлі, көркем теңеулер де кездеседі. Мысалы, «Ұрғашының жақсысы, Абжыландай есіліп... Бозжорғадай бұлғаңы», «Ормандай көп орта жүз», «Қорғасындай балқыған», «Киігін қойдай қайырған», «Құланы құлындай тулаған, Түлкісі иттей шулаған», «Буыршындай тіздесті», «Ағып жатқан бұлақтай», «Жарға ойнаған лақтай», «Ерттеп қойған құр аттай», «От орнындай тұяқтым... Саптыаяқтай еріндім, сарымсақтай азулым... кекілін қыздай тараған» және т.с.с. Бұлар ұлттық поэзия тілінің құлпыра құбылып түсуіне, сырты сұлу, іші ну оюлы, өрнекті сөздердің молая беруіне жойқын ықпал жасайтындығы даусыз.
Бұқар толғауларының танымдық-эстетикалық мәні, сұлулық әлемі индивидуалды-авторлық айқындаулардан да байқалады. Айталық, «сегіз қиыр шартарап», «төсі аршынды сұлу», «құрсағы жуан боз бие», «алпыс басты ақ орда», «еңсесі биік кең сарай», «құбылып тұраған бәйшешек», «ардақталған сұлулық», «ойнай басқан аяқтым», «қиғаш қамыс құлақтым», «шұбар кесе сары аяқ», «қоспақ өркеш сары атан», «тостаған көзді торыны» және т.б.
Сөз кестесі мен бунақталу тәртібінің әуенін, орайын, шырайын түрлендіріп келтіруге меруерттей мөлтілдеген фразеологиялық оралымдардың бір-бірімен әсем қиысып, табиғи құйылып отыруы — жырау поэзиясының басты ерекшелігі. Мәселен: «өкпеңменен жарылма», «омыртқасы үзілген», «өлетұғын тай үшін, қалатұғын сай үшін», «тар құрсағын кеңіткен, тас емшегін жібіткен», «назыменен күйдірген, қылығыменен сүйдірген», «қайғысыз ұйқы ұйықтатқан, қайырусыз жылқы бақтырған», «Екі қара көзді алар, Ауыздағы сөзді алар, Бойыңдағы әлді алар, Бетіңдегі нұрды алар, Бойыңдағы шырды алар, Аузыңдағы тісті алар, Қолыңдағы істі алар», «Еңкейіп орақ орарға, Тоңқайып масақ терерге».
Бұқар жырау ой-пікірін, лебізін құйқылжыта, тамылжыта жеткізуде бірінен-бірінің артықшылығын, айырмашылығын көрсетуде мағынасы қарама-қарсы құбылыстарды шендестіре суреттейді: «Айналасын жер тұтқан, Айды батпас демеңіз. Айнала ішсе таусылмас, Көл суалмас демеңіз». Не болмаса: «Құландар ойнар қу тақыр, Қурай бітпес демеңіз. Қурай бітпес құба жон, Құлан жортпас демеңіз».
Заманның сөзін сөйлеген Бұқар жырау шығармаларында замандар бойы мысқалдап жиналып, ақыл-ой таразысынан даналық қорытындысы, адамгершілік ереже-қағидасы іспетті нақыл-ғибрат сөздер мол. Әсіресе белгілі бір құбылыстарды, заттар мен нәрселерді тізбелеп, салыстырып айтатын «Қара құлаш жүйрік деп», «Ежелгі дос жау болмас», «Бағаналы орда, басты орда», «Жар басына қонбаңыз», «Көкте бұлт сөгілсе», «Алыстан қызыл көрінсе», «Биік тауға жарасар», «Қорғанды шаһар қаласын», «Жал құйрығы қаба деп», «Асқар таудың өлгені», «Ақсаңнан биік тау болмас» секілді термелерінде неше алуан мақал-мәтелдер мен ділмар сөздерді келтіруге болады. Мысалы: «Тар пейілді кеңімес, Кең пейілді кемімес», «Ер жігітке жарасар, Қолына алған найзасы. Би жігітке жарасар, Халқына тиген пайдасы».
Жырау шығармаларының тақырыптық аясы, шеңбері – жақсылық пен жамандық, елдік пен ерлік, ізгілік пен зұлымдық, әділдік пен әдептілік, жастық пен кәрілік, татулық пен араздық, достық пен дұшпандық, адалдық пен арамдық, тектілік пен азғындық, тұтастық пен бірлік. «Бұқарекең сөйлеген уақытында сөзі мұндай жүз есе, мың есе шығар. Бізге келіп жеткен тамыры ғана. Бұл кісінің сөзін түгел жазамын деушіге Нұқтың өмірі, Айыптың сабыры, Аплатононның ақылы керек» – дейді жыраулардың тұңғыш библиографы Мәшһүр Жүсіп Көпей.
Қазақ тарихындағы баһадүрлердің дүрі Қаракерей Қабанбайға Қызыр Ата:
Кім жетер Қабанбайға дуа қонған,
Үзілмей тұқымына қуа қонған, – деп ұлы тілегін жеткізген деседі. Тегіне, затына үңілсек, ақ арғымақ мінген ақсақалы – орман абыз-батырдың киесі екен. (Қондыбай С. Жауынгерлік рух кітабы. Алматы, «Нұрлы Әлем», 2006. 146-147 беттер).
Заманның сөзін сөйлеген Бұқар жыраудың Қаракерей Қабанбайдың дүниеден озғанда айтқан даналық ғибратының тарихына да тоқталайық. Бірде эпос тілін зерттеуші Есет Құдайбергенұлы Жұбанов «Тұмарда сақталған бата» дейтін журналист Көбжан Жолдыбаевтың мақаласын («Ақтөбе» газеті, 1996 жыл, 1 маусым, № 71) жіберген-ді. Мақалада Бұқар жыраудың мына бір ел аузындағы толғауы берілген:
Бірінші тілек тілеңдер,
Бір Аллаға жазбасқа.
Тағы да тілек тілеңдер,
Еш пендеден қарғыс алмасқа.
Екінші тілек тілеңдер,
Өзіңнен туған ұл мен қыз,
Ағайын тума, жекжат, жұрағат,
Бауырлас адамдар қисық
жолды баспасқа!
Үшінші тілек тілеңдер,
Жастарың жетпей үшкүлсіз
көйлек кимеске.
Төртінші тілек тілеңдер,
Төрде төсек тартып жатпасқа!
Бесінші тілек тілеңдер,
Жас бала шырылдап,
Жетім қалмасқа.
Алтыншы тілек тілеңдер,
Ағайын-тума, жекжат, жұрағат,
Қисық ауыз, қиғаш қабақ болмасқа.
Жетінші тілек тілеңдер,
Желпілдетіп ту алып,
Жер қайысқан қол келіп,
Қырғын соғыс болмасқа!
Сегізінші тілек тілеңдер,
Дінімізден, тілімізден, ар-ұят,
Адамгершілігімізден айырылып,
Мәңгүрт болып қалмасқа.
Тоғызыншы тілек тілеңдер,
Еңбектеген бала мен емпеңдеген
қариялар
Бағусыз далада қалмасқа.
Оныншы тілек тілеңдер,
Оймақ ауыз, қиғаш қас,
Жас жұбайлар бір-бірінен
айырылып,
Зарлап жесір қалмасқа.
Он бірінші тілек тілеңдер,
Некесіз бала тумасқа.
Он екінші тілек тілеңдер,
Некеде талақ болмасқа.
Он үшінші тілек тілеңдер,
Сары жамбастар мен сүр
бойдақтар болмасқа!
Үш жүздің баласына арналған жұбатудың тарихы былайша өріледі: Автор Алға елді мекенінің 1910 жылы туған 86 жастағы шежіреші қариясы Нұржан Битқариннің аузынан естіген: «Қазақ төңкерісінен бұрын – дейді Нұржан атай, – Назардың Бертіс деген аталығында бізге тумалас Абдолла Көздібаев деген би болды. Менің әкем Битқара елге сыйлы ақсақал Абдолламен құрдас екен. Абдоллада ер бала болмапты. «Өмір бар жерде өлім бар» деген, егер екеуіміздің біріміз олай-бұлай бола кетсек, артымызда бабаларымыздың айта жүрерлік бір батасын сенің бір балаңа қалдырайық», депті сұңғыла би.
Сонымен аталы-баталы нұсқалы сөздер жазылған қағазды тұмар етіп, мақпалмен көмкеріп, бешпенттің жағасының астарына тіктіріпті. Бұл 1917 жыл екен.
1928 жылы Нұржан Битқарин Ақтөбе педагогика училищесіне қабылданады. Үздік оқымысты-филолог Құдайберген Жұбановтың үйімен туысқаны болғандықтан араласып тұрады.
Бірде кеңестік саясаттың кесір-кесапатын болжаған оқымысты Ленинград қаласынан келген Қ.Жұбанов: «Желкеңдегі күдірейіп тұрған не зат?» – дейді де: «Жатқа төгілтіп айтатыныңды ешкімге сездірме, ми-санаңа сіңіріп алыпсың!» – деп, ақыл-кеңесін беріп, жағып жіберіпті. Сонан соң: «Бұл – Бұқар жыраудың Қаракерей Қабанбай батыр көз жұмғанда жаназаға жиналған үш жүздің баласына берген батасы екен», – депті.
Задында, Бұқар жыраудың даналықты ғибратнамасы – ғасырлардың кәусар бұлағы. Сондай-ақ ХХІ ғасырдың геосаяси жағдайында өзгеше өзекті!
Серік НЕГИМОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор