Орталық коммуникациялар қызметі алаңында қайта жасақталған «Гүлдер» ансамблі мен Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық драма театрының осы жылғы жоспарларына арналған баспасөз мәслихаты өтті.
Жиында Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық Қазақ музыкалық драма театрының директоры Айболат Жаудыр, режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Жұманиязов, «Гүлдер» ансамблінің көркемдік жетекшісі және дирижері Серік Дәулетов алдағы жоспарлар туралы баяндады.
Айболат Жаудырдың айтуынша, өнер ұжымы биыл 8 премьера жоспарлап отыр.
«Наурыз айының 3, 4, 5 күндері Еркін Жуасбектің «Үйлену» музыкалық комедиясының премьерасын ұсынамыз. Режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Жұманиязов. Композиторы – Серікжан Әбдінұров. Спектакль театрдың халық аспаптар ансамблінің сүйемелдеуімен өтеді. Дирижері – Маралжан Мырзақұлова. Сондай-ақ Сұлтанәлі Балғабаевтың «Қыз жиырмаға толғанда» туындысы желісімен қойылым дайындалып жатыр. Жанры – мелодрама. Режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәурен Серғазин. Премьерасы 11, 12 наурыз күндері өтеді. Одан бөлек, еркін шығармашылыққа арналған «Qalleki» театр зертханасы «Кешкі тоғыз» спектакль-концертінің премьерасын ұсынады. Режиссері – Бәзіл Сұлтанғазы. Зертхананың мақсаты – шығармашыл жандар үшін байланыс ортасын құру және өнерге өзгеше көзқарас жасап, тың дүниелерді сахналау», деді театр директоры.
Сәуір айында театр сахнасында Болат Ұзақовтың режиссерлігімен сахналанған «Жошы хан» тарихи драмасы да ұсынылады. Туынды авторы – Думан Рамазан. Оған қоса Қазақстанның халық әртісі Тілектес Мейрамовтың 75 жылдығына орай «Әке» спектаклінің премьерасы жоспарланып отыр.
М.Булгаковтың туындысы желісімен «Жендеттер», М.Хасеновтің шығармасы негізінде «Пай-пай, жас жұбайлар-ай» спектакльдері де көрерменді қуантпақ. Режиссері – Нұрлан Жұманиязов.
«Қазан айында Ж.Шайхисламұлы «Қыз Жібек» спектаклінің премьерасы ұсынылады. Жаңа қойылымды сахналау үшін Қазақстан, Ресей театр фестивальдерінің лауреаты, Ресей театр өнері институтының (ГИТИС) студенті, Д.А.Крымов пен Е.Б.Каменькович шеберханасында тәлім алып жүрген режиссер Әлібек Өмірбекұлы шақырылады. Құрманғазының 200 жылдығына орай халық аспаптар ансамблінің «Күй атасы – Құрманғазы» атты концерті өтеді. Театр ұжымы мамыр айының 2-8 күндері аралығында Алматы қаласына гастрольдік сапармен барады. Ал 19-25 маусым аралығында Петропавл қаласында аталған облыс әкімдігінің қолдауымен Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының XXІХ республикалық фестивалін өткізейін деп отырмыз», деді Нұрлан Жұманиязов.
Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры Ақтоты Райымқұлова «Гүлдер» ансамблінің тұсаукесер концерті жоғары деңгейде өткенін айтты.
«Алдағы жұмыс жоспары бойынша жаңа құрамдағы «Гүлдер» ән-би ансамблінің еліміздегі және шетелдердегі гастрольдік іс-сапары басталады. Қырғызстан, Өзбекстан, Мажарстан, Бельгия, Франция елдерінде өнер көрсетеді. Алдағы міндет – жаңа құрамдағы «Гүлдер» ансамблін және өзге де мәдениет жауһарларын халықаралық кәсіби ареналарға шығару, дүниежүзіне көрсету. Одан бөлек, ансамбльдің мұрағаттағы материалдарымен көп жұмыс істедік. Түрлі фотосуреттер, бейнематериалдар мен костюмдер, 6-8 деректі фильм табылды. Осы тұста атап өтететін жайт, ансамбльдің ардагерлері Қазақстанның халық әртісі Гүлжан Талпақова, Қапаш Құлышева, Алтынбүбі Омарбекова, Татьяна Ауталипова құнды жәдігерлерді күні бүгінге дейін көзінің қарашығындай сақтап, бізге аманат етті. Татьяна Қайырбайқызының арқасында Алтын қордан екі қойылым таптық. Олар – «Бипыл», «Асатаяқ» және «Малайзия», деді А.Райымқұлова.
Сондай-ақ спикер Алтын қордан алынған «16 қыз», «Су тасушы», «Куә бол» әуендеріне «Гүлдер» ансамблінің көркемдік жетекшісі Серік Дәулетовтің бастамасымен жаңадан аранжировка жазылғанын атап өтті.