Оқыс оқиғаға ұшыраған немесе асқынған дерт бірден сыр берген сәтте маңайда медициналық мекемелердің болмауы, болса да қажетті көмек көрсетуге қауқарсыздығы жағдайды одан сайын ушықтырып жіберуі мүмкін. Мұндайда жедел жәрдем көліктерінен де қайран бола бермейді. Сондықтан іс насырға шаппас үшін дереу санитарлық авиацияның көмегіне жүгінуге тура келеді. Былтыр хал үстіндегі 4 420 науқасқа осы қызметтің септігі тиіпті.
Медициналық авиация желісі бойынша Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының көмегіне жүгінетін пациенттер – бұл республиканың медициналық ұйымдарында ауыр немесе аса ауыр жағдайда жүрген, облыстық немесе республикалық клиникаларда мамандандырылған немесе жоғары технологиялық емдеуді қажет ететін адамдар.
Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, өткен жылы 4 420 пациентке санитарлық авиацияның көмегі көрсетіліпті. Оның ішінде 1 468 (33%) патологиясы бар балаға, 730 (17%) жарақаттанған, жазатайым оқиғалармен және уланумен ауыратын пациентке, 859 (19%) акушерлік практикадағы шұғыл жағдайлар бойынша пациентке, 560 (13%) қанайналым жүйесі аурулары бар пациентке, 517 (12%) жаңа туған пациенттерге, 286 (6%) басқа аурулары бар пациентке медициналық көмек көрсетілді.
Жалпы, 2022 жылдың қорытындысы бойынша 5 230 медициналық қызмет орындалды. Оның ішінде медициналық ұйымдарға 2 381 пациент (45%) тасымалданды, 153 күндізгі консультация (3%) өткізілді, 205 операция (4%) орындалды, 2 491 (48%) қашықтықтан медициналық қызмет ұйымдастырылды.
Халыққа консультациялық және жедел медициналық көмек көрсету үшін Астана, Алматы қалаларының республикалық клиникалары мен медициналық ұйымдарынан 251 маман тартылды.
Медициналық авиация жұмысы пациенттерді тасымалдау, бетпе-бет консультациялар, операциялар жүргізу, қашықтықтан медициналық қызметтер көрсету, донорлық ағзалар мен биоматериалдарды тасымалдау сияқты бағыттарда жүргізіледі. Бүгінгі таңда республика бойынша орташа медициналық авиация тәулігіне 15 ұшуға дейін жүзеге асырылады.
Былтыр медициналық авиация нысанында қажетті қызметтер көрсету үшін Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының диспетчерлік қызметіне 2 985 өтінім келіп түсті. Оның 628-інен бас тартылды (метеожағдайлар, техникалық себептер, пациенттің жай-күйінің нашарлауы және т.б.).
2022 жылдың қорытындысы бойынша медициналық авиация 2 357 қызметті орындаса, оның ішінде тікұшақтармен – 470, ұшақтармен 1 887 рет ұшты. Бұл ретте 41 ұшуды Азаматтық авиацияның тұрақты рейстерінің әуе кемелері орындағанын атап өткен жөн.
Республика шегіндегі медициналық авиация рейстерінен басқа, шетелдердегі медициналық ұйымдарда аса ауыр жағдайда жүрген Қазақстан азаматтары мен қандастарды халықаралық тасымалдау жүзеге асырылады. Былтыр шетелдік клиникалардан медициналық авиация отандық медициналық ұйымдарда емдеуді жалғастыру үшін Қазақстанның 16 азаматын тасымалдады.
Ал донорлық ағзаларды алу жөніндегі мамандарды тасымалдау үшін 5 ұшу және биоматериалды 1 тасымалдау орындалды.
Медициналық авиацияның мүддесі үшін 2022 жылы 33 әуе кемесі, яғни 20 ұшақ және 13 тікұшақ пайдаланылды. Барлық пайдаланылатын әуе кемелері еліміздің Азаматтық авиация комитетінде сертификатталған.
Ахуалдық орталықтың қызметкерлері тәулік бойы күшейтілген режімде ауыр жағдайдағы пациенттер үшін телефон арқылы 33 143 консультация ұйымдастырды. Ахуалдық орталық тұрақты негізде елімізде болған төтенше жағдайларға күнделікті мониторинг жүргізеді.
Ел азаматтарына медициналық авиация нысанында шұғыл медициналық көмек көрсету тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде жүзеге асырылады.