• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Пікір 02 Наурыз, 2023

Қариялар қадірі

1979 рет
көрсетілді

Бұрынғының қариялары туралы әңгі­ме қозғағанда аузымыздан жаман сөз шық­пайды: «Шіркін-ай, кешегінің қарттары қандай еді, әрқайсы бір-бір тұлға еді ғой!» деген сыңайдағы сөздерді айтып жатамыз. Дұрыс-ақ, оған дау жоқ, бұрынғының үлкендері кесек мінезді, кісілік келбеті келісті, көшелі келетін. Сондай үлгі аларлық үлкендердің шет жағасын көрдік те...

Ал бүгінгінің қариялары қандай? Бұл сұраққа жауап бергенде көпшілігіміздің аузымыздан оңды сөз шыға қоймайды. Сынап-міней жөнелеміз. «Ой, бүгінгінің оңған қариясы жоқ, бәрі ондай, бәрі мұндай» деп, бас жоқ, көз жоқ қызыл сөзге ерік беріп, еліріп кетеміз. Кейбір үлкен кісілердің әлеуметтік желілерде арагідік байқалып қалатын өрескел іс-әрекеттерін қарап, қазақтың бүкіл қарияларын қарақтап шыға келеміз. Көпке топырақ шашуға болмайтынын мүлде ұмытамыз. Көп түгілі, бір адамның сыртынан ғайбат сөйлеу мұсылманшылық жолы емес екенін қаперге алмаймыз.

Бүгінгінің қариясы кім? Ол сенің әкең, анаң, ол сенің атаң, әжең. Басқа ешкім емес. Олар жа­ман болса, сенің кім болғаның?.. Бүгінгі жас ұр­­пақты осы күнге жеткізген қазіргі қариялар емес пе? Басқа кім? Солардың төккен маңдай те­рі­­мен елдігіміз екшеліп, ертеңгі күнге үмітпен қа­рап, алдымызды бағдарлап жүргеніміз өтірік пе?

Бұрынғылардың бүгінгі қариялардан айырмашылығы бар шығар, бәсі де биік болар. Бірақ әр заманның өз адамы, әр дәуірдің өз дауысы, әр кезеңнің өз талабы болатынын ескеруіміз керек.

Бізге аңсар болған бұрынғының ақсақал-қарияларының ел ішінде беделді, өз қоғамына сөзінің өтімді болуы болмыс-бітіміне байланысты шығар, бірақ олардың қолында билік болғанын да қаперге алуымыз керек. Кәдімгі атқарушы билік. Иә, өткен кезеңдердегі қазақ қоғамының, рулардың тізгіні ақсақалдар институтының қолында болды. Қарапайым жұрт соларға жүгінген, өзін толғантқан мәселесінің түйінін үлкендер арқылы шешкен. Міне, бұл жағдаят ел ішінде ақсақалдардың беделін биіктетіп, мәртебесін өсірер негізгі себептердің бірі-тін. Бұл шын мәнінде қазақ қоғамындағы ақсақалдардың қолындағы мықты көзір еді.

Қазір қоғамдық қатынас, заман реңі басқа. Бұрындары ақсақалдардың қолында болған ел тізгіні кейін заманауи атқарушы биліктің қолына өткелі қашан... Содан бері ақсақалдар институтынан мәніс кетті. Ауылдық жерден бас­талатын көп сатылы ресми билік бар. Қағазға хатталған заң шеңберінде өмір сүру талабын да есепке алыңыз. Міне, мұның бәрі уақыт ағы­мы­мен өңмеңдеп енген өзгерістерден туын­дай келіп, ақыр соңында қазақ қоғамындағы ақса­қалдар институтын әлсіретіп, тіпті мүлде ысы­рып тастады. Мұндай жағдайда ел ішіндегі үлкен­дер жағының, яғни бұрын қоғамды өзіне қара­та білген ақсақалдар қауымының беделін түсі­ріп жіберді. Ал енді осындай жағдай нық орнық­қанда қазіргі қариялардың беделіне, қоғам­дағы мәртебесіне қарап сын айту қажет пе?

Кешегі қаймағы бұзыла қоймаған қазақ ортасында өмір сүрген қариялар мен сыртқы және ішкі рухани агрессиядан бірнеше ғасыр зардап көрген бүгінгі қазақ қоғамының қарияларын салыстыра отырып, біріншісін мақтап, идеал көре берейік, бірақ соңғысын жаппай даттау жөн бола қояр ма екен?

Зейнеткерлік деген бір белес бар. Зейнеткер­лік жасқа келген соң отбасы, ошақ қасына байланады. Жастарға кезек беру ұраны мен алпыстан асқанды «артық» көру қағидасының «қылышынан қан тамып тұр». Өмір көрген, тәжірибесі мол адамның әлеуетін мына нарықтық заманда қоғамдық жұмыстарға салу арқылы пайдаланамын деу ақылға сыйымсыз. Ақылы маңдайынан «асып-төгілген», қолында ресми және бейресми билік бар жас буынға ақсақалдарың бедел емес, жай ғана «несібесіне» ортақтасушы. Қарапайым халыққа қолында билігі жоқтың сөзі өтімсіз, өзі сүйкімсіз. Содан келіп, бүгінгі қариялар бұрынғылардай емес, беделі төмен деп езеурейміз.

Бүгінгінің қарияларын уақыт екпіні жиын­дарда бата беруші, ағайынның арасындағы оны-мұны, майда-шүйдеге араласып, ақыл беріп, телі мен тентекке басу айтушы ғана етіп қойды. Халық маңызды шаруалары үшін атқарушы билік, заң орындары тұрғанда, қарияларға жүгіне қоймайды.

Қариялар азайып бара жатыр дейміз. Халық барда қариялар ешқашан азаймайды, тек «елу жылда ел жаңарады». Бір буынның орнын келесі буын басады... Кеше келмеске кеткен үлкендердің орнын толтырған бүгінгі қариялардың бағасын біліп, қадіріне жетуді ұмытқан қоғамда көзі тірі қарияларын сынау жалғаса береді. Бұл жақсы үрдіс емес.

Бұрынғы заманғы қарияларға ыстық ықыла­сымыздың астарында қаймағы бұзылмаған қазақ қоғамына деген сағыныш тұр. Оларға арналған құрмет осы сағыныш-аңсардан туын­дайды. Сол сияқты бүгінгі қарияларымыз да ертеңге үлгі-өнеге. Олар да келер ұрпаққа бедел, идеал бола алады. Осыны ұмытпайық, ағайын.