• RUB:
    5.17
  • USD:
    515.89
  • EUR:
    536.32
Басты сайтқа өту
Әскер 02 Наурыз, 2023

Елді қорғауға дайынсың ба?

289 рет
көрсетілді

1-наурыздан бастап көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру басталды. Әскерге шақыру науқаны шілдеге дейін жалғасып, Қарулы Күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың қатарын 18 бен 27 жас аралығындағы 18 мыңнан астам сарбаз толықтырады.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Қарулы күштер бас штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің бастығы Бауыржан Артықов мәлімдеді.

«Жергілікті атқарушы органда­рының 195 әскерге шақыру пунктінде қалалық және аудандық әскерге шақыру комиссиялары өз жұмысын бастайды, оған әкімдердің орынбасарлары басшылық етеді. Әскерге шақырылуға тиісті ер азаматтарды хабардар ету дербес шақырту қағазын жолдау арқылы жүзеге асырылады. Шақырту қағазы олардың тұрғылықты мекенжайына немесе жұмыс орындарына жеткізіледі. Бұл ретте осы үдерісті автоматтандыру мақсатында 2021 жылдан бастап әс­керге шақырылушыларды SMS-ха­бар­лама жолдау арқылы да хабардар ету жалғасып жатыр», деді спикер.

Жалпы, Қарулы күштерге 7 мың­нан астам, Ұлттық ұланға 6 мыңнан астам, ҰҚК Шекара қызметіне 3 мың­­нан астам, Төтенше жағдайлар министрлігіне 300-ден астам, Мем­лекеттік күзет қызметіне 80-нен астам адам шақырылмақ. Жиында Қор­ғаныс министрлігі пилоттық режімде проактивті форматта әскерге шақыруды кейінге қалдыруды ұсын­ды. Мұндай жаңашылдық мем­ле­кеттік органдармен және Цифр­лық даму және аэроғарыш өнер­кә­сібінің «SmartDataUkimet» ақпа­раттық-талдау жүйесімен өзара іс-қимыл жасауды ұйымдастырудың нәтижесінде іске қосылған.

Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев мерзімді әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру және одан босату «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңның 35 және 36-баптарына сәйкес Электрондық үкімет порталы арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызмет екенін еске салды. «Егер бұрын азаматтар әскери комиссариаттарға барып, әскерге шақыруды кейінге қалдыруға құқылы екенін дәлелдеу қажет болса, биылдан бастап мемлекеттік органдардың дерекқорларын «SmartDataUkimet»-пен интеграциялау арқылы азаматтарды мерзімді қызметтен автоматты түрде босатуға мүмкіндік бар», деді спикер.

Қорғаныс вице-министрінің айтуынша, алынған мәліметтер негізінде «SmartDataUkimet» сегменттеуді жүргізеді және білім беру ұйым­да­рында жалпы орта білім алып жүрген азаматтарды; техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі немесе жоғары білім алып жүрген азаматтарды; некеде тұрған және бір және одан да көп баласы бар азаматтарды; мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында, орта (бастауыш, негізгі орта, жалпы орта), техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейін­гі білім беру ұйымдарында кәсіп­тік қызметін жүзеге асыратын педа­гогтерді автоматты түрде алып тас­тай отырып, потенциалды әскерге шақырылушылардың тізімін жасайды. «Студенттер бүгіннен бастап автоматты режімде әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыруға негіз бар екендігі туралы SMS-хабарлама алады. Олар бұған келісуі де, келіспеуі де мүмкін», деді спикер.

Қазіргі уақытта заңды түрде әс­кери қызметке шақыруды кейінге қалдыру құқығы бар 300 мыңнан астам студент анықталған. Мемлекет басшысы қойған міндеттерді іске асыру аясында Қорғаныс министрлігі мерзімді әскери қызмет өткерудің тартымдылығын арттыру бойынша бірқатар іс-шараны іске асырды. Ең алдымен, бұл мерзімді әскери қызмет сарбаздары қызмет өткергеннен кейін 2 жыл ішінде ЖОО-ға ҰБТ-сыз, конкурссыз оқуға түсу мүмкіндігі. «Былтыр Қорғаныс министрі жоғары оқу орындарының басшылығымен бірқатар кездесулер өткізді. Мерзімді қызметтегі сарбаздар үшін 3 мың грант беретін еліміздің 41 ЖОО-мен меморандум жасалды. Әскери борышын өтеу кезінде үздік нәтиже көрсеткендер жоғары оқу орындарына тегін түсу мүмкіндігіне ие болады», деді қорғаныс вице-министрі.

Сондай-ақ әскери кафедраларға конкурстан тыс түсу мүмкіндігі бері­леді. «Мерзімді әскери қызмет сар­баз­дарына тұтынушылық несие­лерді, шағын қарыздарды төлеу бойын­ша төлемдерді 13 айға кейінге қалдыру мүмкіндігі беріледі. 12 ай әскерде болу мерзімі және сарбаз жұмысқа орналасып, несиелері бойын­ша төлемді жалғастыра алуына 1 ай қарастырылған. Бүгінде 3,5 мың әскери қызметші осы мүмкіндікті пайдаланды, 5 мыңға жуық несие бойынша төлемдер кейінге қалдырылды», деді спикер.