Петропавлда мектепке балтамен келген оқушыны ұстап, басқаларды арашалаған жасөспірімдер марапатталды, деп хабарлайды Egemen.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Естеріңізге сала кетейік, оқиға 13 ақпанда №4 Петропавл мектебінде болған. Маска киіп алған 9-сынып оқушысы сабаққа балта әкеліп, оқушыларға шабуыл жасаған. Шабуылдан үш бала зардап шегіп, олардың екеуі жансақтау бөліміне түсті. Жақында олар ауруханадан шығарылды.
Оқиға кезінде шабуыл жасаған оқушыны ұстаған жасөспірім мен оның ата-анасы «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының алғыс хатымен марапатталды. Оған көмектескен екі бала да марапатталып, алғыс хатқа ие болды.
Нұрислам Сандыбай не болғанын түсінбей қалғанын айтады.
«Бала кенеттен тоқтап, қызды артқы жағынан ұра бастады. Алғашында мұны әзіл деп ойладық және жай қарап отырдық, бірақ қыз отырып жылай бастады. Мен бірден бірдеңе дұрыс емес екенін түсіндім де, артынан жүгіріп барып, баланы ұстай бастадым. Осыдан кейін 10-сыныптағы Алдиар келді, ол балтаны тартып алды. Дәрігерлерді алғашқы көмекке шақыруға асықтым», деді Нұрислам.