• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өнер 05 Наурыз, 2023

Сүйектен түрлі бұйым жасайтын ақтөбелік шебер

505 рет
көрсетілді

Қобда ауданының Талдысай ауылындағы орта мектепте еңбек ететін ұстаз - өңірге танымал шеберлердің бірі. Көркем еңбек пәнінің мұғалімі Бірлік Сұлтан сүйектен түрлі бұйым жасап, ел арасында ұмыт қалған қолөнер түрін қайта жандандырып жүр, деп хабарлайды Egemen.kz «Хабар24» арнасына сілтеме жасап.

Қолөнер шебері арнайы үйірме ашып, балаларды да ұлттық өнерге баулиды. Төрт түліктің сүйегі мен мүйізі шебердің қолына түскеннен кейін түрленіп шыға келеді. Сойылған малдың сүйектерін тастамай, оны қайнатып, өңдеуге әзірлеп қоюды әдетке айналдырған. Қажетті пішіні қалыптасқаннан кейін лак жағып, көздің жауын алардай етіп безендіріледі,

«Пышақты алатын болсақ, оның сырты ешкінің мүйізінен жасалған. Әртүрлі бұйымдармен безендірілген. Ою салынып, енді ұлттық нақышта болғаннан кейін әртүрлі оюлар салынады. Мына тарақты біз арамен кесеміз, ал мына сиырдың бейнесі шығуы үшін егеумен ысамыз», деді оқушы Аслан Орынғалиев.

Бұл кәсіпті Бірлік атадан қалған мирас дейді. Сүйек пен ағаш ойып, тұрмыста қолдану – қазақ халқының ұлттық өнері. Қызығушылығы бар балаларды баулып, шәкірт тәрбиелеуді борыш санайды. Сондықтан мектеп бағдарламасынан тыс үйірме ашып, білгенін үйретіп жүр.

«Қазір мектеп үйірмесінде 20 оқушы бар. Енді бәрі бірдей келе береді деп айта алмаймын. Бірақ қызығушылықтары бар. Сүйекті өңдеген уақытта кішкене шыдамдылық керек. Шеберлік керек оған. Мейірімділік керек. Нәзік қой сүйектер. Сондықтан оған әр уақытта шыдамдылық керек», деп ойын білдірді көркем еңбек пәнінің мұғалімі Бірлік Сұлтан.