Қазақстанның жұптық сындағы бірінші ракеткасы Анна Данилина Астанада өткен «ITF World Tennis Tour» санатындағы «BeeTV 40 Women’s» турнирінің жеңімпазы атанды.
Елордадағы жарыстың жұптық сынында Беларусь өкілі Ирина Шимановичпен бірге жұп құрап өнер көрсеткен жерлесіміз турнирде қарсылас шақ келтірген жоқ. Осы доданың бірінші ракеткасы болып тіркелген Қазақстан-Беларусь жұбы финалда кореялықтар – Хан Лэ Хань мен Су Джон Чанмен бас жүлдені сарапқа салды.
Аса тартысты өткен матчтың бірінші партиясында Анна мен Ирина 6:4 есебімен басым түскенімен, екінші сетте қарсыластары мықтылық танытып, таразы басын теңестіріп кетті – 7:6 (10:8). Супер тай-брейкте Анна Данилина мен Ирина Шимановичтің бағы жанды – 10:7. Бұл – Данилинаның биыл жеңіп алған алғашқы титулы.