2019 жылы құрылған, бұл күндері 17 аймақта филиалы бар «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» – еліміздегі жол сапасына жауап беретін бірегей мекеме. Кәсіпорынның негізгі қызметі – жол салу, реконструкциялау, жөндеу және күтіп ұстау жұмысын адалынан атқару. Сонымен қатар материал сапасына сараптама, жолдарға диагностика да жүргізеді. Осы орайда аталған орталықтың басшысы Замир Сағыновпен кездесіп, сұхбат құрған едік.
– Замир Садықұлы, алдымен мекеме атқарып жатқан жұмыстардан хабардар етсеңіз?
– Еліміз бойынша 157 мың шақырымға жуық автожол бар болса, соның 25 мың шақырымы халықаралық және республикалық маңызға ие. Ал 70 мың шақырым жол облыстар мен аудандарды жалғайды. Сондай-ақ оларға 62 мың шақырым көше жолдарын қосыңыз. Жыл сайын 16 мың шақырымнан астам халықаралық және республикалық маңызы бар магистральдерге диагностика жүргіземіз. Ал жол-құрылыс материалдарына 220 түрлі жан-жақты зертханалық зерттеу жасаймыз. Мекеме инспекторлары қызмет еткен үш жылда республика жолдарына 44 мыңнан астам рет тексеру жүргізді. Былтыр халықаралық және республикалық маңызы бар 16,9 мың шақырым жолды диагностикадан өткізді. Еске салайын, бұл кәсіпорынды құру үшін Дүниежүзілік даму банкпен арнайы келісім жасалған еді. Бүгінде сол келісімнің аясында көптеген маңызды іс-шараны жүзеге асырып жатырмыз.
– Транзиттік автожолдардың жағдайы туралы не айтасыз?
– Республика аумағындағы жолдардың жақсы сапасы тек өзімізге ғана емес, алыс-жақын шетелдің бәріне керек десек қателеспейміз. Өйткені елімізде 25 мың шақырымға жуық халықаралық және республикалық маңызы бар транзиттік автомагистраль желілері бар екенін жоғарыда айттық. Бұл транзиттік магистральдің басым бөлігі Батыс пен Шығыстағы алпауыт елдерді жалғап, екі құрлық арасындағы тауар тасымалы айналымын еселеп арттыратыны мәлім. Ал қазақ еліне транзиттік магистральдан ағылатын пайда еселене көбейетіні айтпасақ та түсінікті.
– Замир Садықұлы, автожолдың сынға жиі ілігетіні белгілі. Сыннан қалай қорытынды шығарамыз? Жол сапасын түзеудің тиімді шешімі бар ма?
– Оныңыз рас. 2022 жылдың қорытындысы бойынша отандық БАҚ-та жол сапасына қатысты 900 сыни материал жарияланыпты. Шағымдардың басым бөлігі жергілікті жолдармен байланысты. Әрине, біз сынды дұрыс қабылдап, оң нәтиже шығаруға дайынбыз. Бірақ саланың дамуын тығырыққа тіреп тұрған түйткіл көп. Соның бірі – маман тапшылығы. Автожолдағы кейбір кәсіп иелері мүлде жоқ деуге болады. Себебі қазір республика бойынша автожолшы мамандығын небәрі 607 азамат оқып жатыр. Саладағы өзге компаниялар да тап осы түйткілді айтып, дабыл қағады. Егер автожол мамандарын даярлау шарасы бүгіннен бастап қолға алынбаса, таяу болашақта жолдарды салатын және оларды жөндеп отыратын бірде-бір адам қалмайды. Әлбетте, өзіміз де қол қусырып отырған жоқпыз. Үш жылда 5000-ға жуық мектепті аралап, балалармен танысып, автожол мамандарының жұмысын, қызметін жан-жақты түсіндіріп жүрміз. Автожолда тек кетпен-күрек ұстаған қара жұмысшы мен ауыр техника механизаторлары ғана емес, басқа да түрлі кәсіптер бар екенін ұғындырып жатырмыз. Астанадағы, Алматыдағы және өңірлердегі Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушыларын, жолға қатысты колледж студенттерін зертханаларымызға шақырып, жол жасаудың, оны салудың ғылыми негіздерін көрсетеміз. Жолдың тұтас бір ғылым екеніне, керемет кәсіп иелері бар екеніне көзі жеткен шәкірттер осы салаға мойын бұрып жатыр.
Студенттерді тәжірибеден өтуге шақырып, оларға 70-80 мың теңге жалақы төлеп тұрамыз. Келіп, жұмыста қалып жатқандары да бар.
– Қазіргі уақытта еліміздегі қай оқу орындары автожол мамандарын даярлайды?
– Бүгінгі күні елімізде автожол мамандарын даярлайтын 8 жоғары оқу орны бар. Олар – Л.Б.Гончаров атындағы Қазақ автомобиль жолдары институты, Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті, Сәтбаев университеті, Қазақ жол-байланыс университеті, Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті, Мұхамед-Хайдар Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Логистика және транспорт академиясы, Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті. Былай қарасақ, оқу орны аз емес. Бірақ ол оқу орындарының бәрінде дерлік бізге қажет мамандар жанама ғана оқытылады. Соның салдарынан жол жұмысында ақаулар саны артып барады. Салада кадр тапшылығы өткір сезіліп жүр деп дабыл қағып отырғанымыздың сыры да осында. 2004 жылы «Жолдар, көпірлер және тоннельдер құрылысы» және «Ғимараттар мен құрылыстар құрылысы» мамандықтары бір мамандыққа біріктірілді. Бұл жол мамандығына қажетті біліктілік деңгейінің төмендеуіне әкеліп соқты. Өкініштісі, бұрын жоғары оқу орындарына түсуге гранттар мамандықтар бойынша бөлінсе, қазір білім беру бағдарламалары бойынша топтарға бөлінеді. Бұл өз кезегінде топ ішінде білім гранттарының біркелкі бөлінбеуіне жол береді. Мысалы, «Қала құрылысы, құрылыс жұмыстары және құрылыс» тобында жалпы құрылыс саласының мамандарын даярлайтын 23 жоғары оқу орнының арасында орта есеппен 10-15 бағдарлама бойынша гранттар бөлінеді.
– Салаға ғылыми көзқарас қажет екенін айтып қалып едіңіз. Институт, университеттерден кейін білім-білігін әрі қарай жоғарылатып жатқандар бар ма?
– 2010-2022 жылдар аралығында, Қазақстанда автомобиль көлігі мамандығы бойынша магистратураны небәрі 253 адам ғана бітірді. Ал докторантураға бірде-бір мемлекеттік грант бөлінбеді. 10 жылдан астам уақыттағы нәтиже осы. Бүгінде алыс-жақын шетелдерде жол құрылыстары дамып келеді. Күнде болмаса да, ай сайын, әйтпесе жыл сайын салаға жаңа технологиялар енгізіліп жатыр. Біздің де қатарымызға келген дарынды жастарды әлемнің кез келген оқу орнында оқытып алуға ниетіміз де, жағдайымыз да бар. Былтыр ол ықыласымызды жүзеге асырып, бірнеше баланы Германияға жіберіп, білім-білігін арттырып келуіне мүмкіндік жасадық.
– Еліміз мамандарды ілгеріде қалай даярлап келген? Әлде одақтың өзге елдерінде оқытатын ба еді?
– Еске алсам, еліміз жол саласында дәл осындай кадр тапшылығын өткен ғасырдың орта шенінде де бастан кешірген. 1950-1960 жылдары жол құрылысшысы мамандығы өте тапшы болды. Негізі Қазақстандағы жол білімінің тарихы 1958 жылдан басталады. Одан кейін салаға арнайы мамандарды Өскемен құрылыс-жол институты даярлады. Республикадағы жалғыз жол профилі бар жоғары оқу орны болғандықтан, әрине, нарық сұранысын өтей алмады. 1978 жылы сол кездегі Алматыда жалпы техникалық факультет ашу туралы шешім қабылданып, оған бірден 200-ге жуық студент қабылданды. 1991 жылы Алматы автомобиль-жол институты ашылды, ол 5 жылда жоғары білікті жолшылардың тұтас галактикасын шығара алды: тек ААЖИ-дің 1-курсында 200 студент, жалпы саны 5 курста 1000 студент оқыды.
Сала үшін ең жақсы білім беру дәуірі осы кез болды.
1996 жылы осы университет Алматы темір жол инженерлері институтымен бірігуінің нәтижесінде Мұхамеджан Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясы құрылды. Жол құрылысшысы мамандығының беделі басылып қалды.
Болон жүйесі жылдарында мамандықтар мен белгілі бір біліктілік көрсеткіші жойылды. Бейінді оқыту, әсіресе пәндік бөлім қысқартылды. Білім саласындағы осынау шалағайлықтардың кесірінен біздің сала зардап шегіп қала берді.
– Саланы қайта сауықтыру үшін не амал жасамақ керек?
– Мәселені толыққанды шешу үшін жан-жақты әрекет ету керек. «Көлік құрылысы» оқу орнының жеке бағытын ашып, оны «Автомобиль жолдары мен аэродромдар құрылысы», «Темір жолдар құрылысы», «Көпірлер мен көлік тоннельдерінің құрылысы», «Газ бен көлік құрылысы» топтарына қайта бөлген абзал. Біздің жайымызды Еуропамен салыстырып қарайықшы. Керемет автобандарымен әлемге әйгілі Германияда «құрылыс және көлік техникасы» деген нақты бөлім бар. Жалпы, Еуропада жол салаларындағы білім ошақтары өте беделді саналады. Онда сапалы білім алуға барлық жағдай жасалған.
Ал бізде студенттерді оқытуға өндіріс қызметкерлерін де тарту керек. Себебі еліміздегі жоғары оқу орындарында практикалық білім жетіспейді. Білім беру өндіріс үдерісіне бағытталғаны дұрыс. Дайын жол салушы маманды ешбір оқу орны шығара алмайды. Сондықтан жол профиліндегі білім беру ұйымдарында өндіріс қызметкерлері дәріс оқып, зертханаларда тәжірибелік тапсырмалар жүргізіліп, бітіру емтихандарында жұмыс берушілердің сөзі шешуші рөлді атқаруы керек. Өйткені сапалы жолды ең алдымен өндірісші ғана сала алады.
– Жол салуға дайындық жұмыстары қалай жүргізіледі? Қандай материалдар пайдаланылады?
– Жолды бастау – өте күрделі үдеріс. Жер бедерін зерттеп, нақты бір шешімге келу кейде тым көп уақытты қажет етеді. Әуелі жобалау кезеңінде жер бедері тиянақты зерттеледі. Кейде бірден бірнеше климаттық аймақтар, ландшафт, геология және гидрология мәселелері зерделенеді. Жолды жақсы жобалау болашақ проблемаларды болдырмайды. Сондықтан болашақ маршруттың жобасын жасамас бұрын, жолақтардың негізін және жабынның санын дұрыс есептеп, қозғалыс қарқыны мен көлік ағынын болжау қажет. Бұл ретте көптеген фактор ескеріледі: аймақтың климаттық-географиялық жағдайы, қоршаған ортаны қорғау, жануарлардың қоныс аудару жолдары, маршрут жоспарының геометриялық элементтері, автомобиль жолының бойлық және көлденең профилі, жол құрылымдары, желі тұғыры және байланыс тіректері талапқа сай болғаны ләзім. Осы шаруаларды атқарып алғаннан кейін ғана бір шешімге келуге болады.
Дайындықтың келесі кезеңі – дала. Мұнымен геодезистер айналысады. Олар жекелеген учаскелердің көлемін, қандай көлбеу бұрышы қажет екенін, қандай геологиялық және ландшафттық ерекшеліктерді ескеру керектігін, нөсер ағындарын қайда орналастыру керектігін, жолдағы бұрылыстардың санын, жер жұмыстарының көлемін анықтайды.
Болашақ жолдың сапасы мен қауіпсіздігі көбіне осы есептеулердің дұрыстығына байланысты. Дайындықтың барлық кезеңі аяқталғаннан кейін жер жұмыстары басталады. Жолдың басты жауы – су, сондықтан оның жойқын әсерін болдырмау үшін қажетті жерлерге су өткізгіш құбырлар төселеді. Ал мұнда гидрологтердің қатысуы өте қажет. Тек осы дайындықтардан кейін ғана жолды төсеуді бастауға болады.
Топырақты тығыздау жолдың беріктігін қамтамасыз етеді. Қазір топырақпен жұмыс істеуді білетіндер тым аз. Жоғары оқу орындарының өзінде бұл материалдың қасиеттері туралы терең білім бермейді. Осы мәселені білім ошақтары назарға алса деген тілек бар. Келесі материал – битум. Бүгінгі таңда бүкіл әлем жолдағы ұлғайған жүктемелерге төтеп бере алатын жоғары сапалы битумға мұқтаж. Бұл материалдың барлық ерекшеліктерін түсіну – жол салушылардың міндеті. Бірақ өкінішке қарай, бүгінгі мамандар оның техникалық және физикалық мінездемесін толық ұқпайды.
Автомобиль жолдары мен аэродромдар құрылысының маманы жолдарды жобалау, салу, реконструкциялау, жөндеу және күтіп ұстау бойынша жұмыстардың бәрін толық атқара алады. Бүгінгі білім беру жүйесінде бейіндік оқытуды қысқарды. Соның салдарынан елімізде жол құрылысымен көбіне біліктілігі жоқ мамандар айналысады.
– Жол саласындағы жұмысшы-қызметкерлердің қанша пайызы кәсіби мамандар деп айтуға болады?
– Соңғы сараптамалық зерттеулерге қарағанда, Елімізде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімдері мен бөлімшелеріндегі барлық қызметкерлердің тек 10 пайызының ғана арнайы білімі бар екен. Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбекті дамыту орталығы жүргізген зерттеулерге зер салсақ, елімізде ең көп сұранысқа ие бос жұмыс орны – жол маманы.
2022 жылы сұранысқа ие мамандықтардың үштігіне құрылыс-монтаж жұмыстарының шеберлері кірді. Онда 1,7 мың жұмыс орны бос тұрған. «Атамекен» ҰКП мәліметінше, өткен жылы құрылыс саласында маман тапшылығы 8 256 адамды құраса, басқа салаларда сұраныс бірнеше жүзден де аспаған екен.
– Рахмет.
Әңгімелескен
Нұрбай ЖОЛШЫБАЙҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»