• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Пікір 05 Наурыз, 2023

Саяси бәсекеге жол ашады

209 рет
көрсетілді

Елдің саяси жүйесіндегі басты оқи­ғалардың бірі – сайлау науқаны. Себебі, сайлау науқанында саяси жүйенің легитимділігі мен сайлаушылардың жүйеге қатысты көңіл күйі анықталады. Ақтөбе облысы – еліміздің экономикалық және әлеуметтік жағынан қарқынды дамып келе жатқан алдыңғы қатарлы өңірлерінің бірі.

Еліміздің өндірістік, меди­циналық саласын кәсіби мамандармен қамтамасыз етіп келе жат­қан аймақта демографиялық жағынан да тұрақты өсім бар. Оның үстіне, өңір тұрғындарының сая­си белсенділігі жылдан-жылға артып келеді. Сондықтан да болар орталық биліктің Ақтөбе аймағына назары өзгеше. Орталық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша бүгінде Парламент Мәжілісіне депутаттыққа Ақ­төбе облысынан бірмандатты сайлау округі бойын­ша 16 үміткер тіркеуден өткен. Оның 6-сы әйел, 10-ы ер адам. Үміт­керлердің орташа жасы – 54-те. Ал облыстық, қалалық жә­не аудандық мәслихаттарға 686 үміткер тіркелді.

Президент Қ.Тоқаевтың бас­тамасымен жүзеге асырылып жатқан саяси реформалар ай­мақ­тардың саяси белсенділігін арттыруды көздеп отыр. Соның бір көрінісі – ел болашағына бей-жай қарамайтын белсенді азаматтар өздерін сайлау органдарына үміткер ретінде ұсынуға мүмкіндік алды. Елімізге мажоритарлы сайлау жүйесінің қайта оралуы, яғни Мәжілістің 30 пайызы бірмандатты округтерден сайланған депутат­тардан жасақталуы – азаматтардың саяси өмірге араласуына кең жол ашады әрі елдегі саяси бәсекелестік пен күрестің шынайы демократиялық мәнін көрсетеді. Бұл – бір. Екін­шіден, Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауына жаңадан құрылған саяси партиялар қа­тысады. Бұл партия­лар қазіргі таңдағы өзекті мәселелерді қозғап, Парламенттен орын алмақ ойы бар. Олардың мақсаты қаншалықты жүзеге асатындығын алдағы сайлау көрсетеді. Деген­мен біздің ойы­мызша қазіргі жағдайда олар­дың мүмкіндігі жеткілікті. Себебі, олар саяси жүйедегі жа­ңа ойыншылар ретінде сай­лаушылардың таңдауына ықпал етеді. Үшіншіден, пропорционалды сайлау жүйе­сіндегі пайыздық кедергіні 7-ден 5-ке түсіру саяси партиялар үшін үл­кен жеңілдік және басты мүм­кіндік болды. Өз кезегінде бұл қоғамдағы демократиялық үрдістердің әрі қарай дамуына ықпал етері сөзсіз. Төртіншіден, сайлау бюллетеніне «барлығына қарсымын» графасының енгізілуі сайлаушылардың көңіл күйін анықтауға жол ашады. Осы арқылы саяси партиялардың қо­ғамдағы алатын орны мен рөлін көруге болады. Бесіншіден, Конституцияға және Сайлау туралы заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар сай­лаудың өтуіне де бірқатар өз­ге­шеліктер алып келеді. Демек, сай­лау ба­рысындағы үгіт-насихат жұ­мыс­тарында бәсекелестік кү­шейе­ді.

Тұжырымдарымды ортаға сала отырып, сайлаудың шынайы әрі демократиялық нормаларға сай өтуі тек ғана билікке емес, со­нымен қатар сайлаушыларға да тікелей байланысты дегім келеді. Сол себепті ел тұрғындары сайлау күні өз дауыс беру учаскелеріне келіп, азаматтық таңдауын жа­сағаны жөн.

 

Асхат КЕҢЕСОВ,

саяси ғылымдар кандидаты, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының доценті

 

Ақтөбе