Футболдан ел біріншілігінің бірінші тур бәсекелері тосын нәтижелермен аяқталды. Алматының «Қайраты» чемпионаттағы алғашқы ойынын өз алаңында өткізіп, «Атыраумен» ұпай бөлісті.
«Орталық» стадионда өткен кездесудің бірінші таймын алаң иелері сәтті бастады. Матчтың 17-минутында Артур Шушеначев жеке шеберлігінің арқасында қарсылас команданың төрт ойыншысын алдап өтіп, допты қақпа торында тулатты. Арада бес минут өткенде Гүлжігіт Алықұлов «Атырау» қорғаушыларының қателігінен кейін есепті еселеді. Таблодағы көрсеткіш 2:0-ге жеткен соң, жергілікті жанкүйерлер өз командасының жеңісіне сенімді бола бастаған еді. Алайда ойынның 36-минутында қонақтар сапынан Демир Имери есеп айырмасын қысқартса, екінші таймның 66-минутында Евгений Козлов таразы басын теңестіріп кетті – 2:2. Осылайша, «Қайрат» маңызды екі ұпайынан айырылды.
Ал 5 наурызға жоспарланған тағы екі кездесуде «Мақтаарал» өз алаңында Көкшетаудың «Оқжетпес» клубынан 1:0 есебімен жеңілсе, «Қайсар» да Қызылордада дәл сондай есеппен «Қызылжарға» жол берді. «Оқжетпес» сапынан Шоқан Абзалов гол соқса, «Қызылжардан» Рафаэль Сабино дәлдік танытты. Екінші тур ойындары 9-10 наурыз күндеріне жоспарланған.