Қазақ поэзиясында өршіл, өміршең өлеңімен Алаш жұртын баураған Төлеген Айбергеновтің шығармашылығы қазір исі қазаққа таныс. Айбергенов десе, көптің жадында айдарынан жел ескен сұрапыл, сұңғыла ақынның бейнесі жаңғырады...
Бүгінде ақынның туған жерінде, табаны тиген өлкелерден бөлек, бірнеше қалада құнды естеліктері сақтаулы. Астана қаласындағы Т.Айбергенов атындағы №16 орта мектептің музейін шағын демесеңіз, ақынның өмірі мен шығармашылығын танып-білемін дегенге азық боларлық дүниелер сақтаулы тұр.
Жуырда осы мектепке барып, ақын құрметіне ашылған музейді тамашалаудың сәті түскен еді. Әр жылдары осы музейге өз ісін жетік білетін, поэзияға жанашыр ұстаздар жетекшілік етсе, қазір сол аға буын әріптестердің аманатын қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гауһар Жүсіпова арқалапты. Мектеп 1979 жылы ашылса, 2001 жылы білім мекемесіне Т.Айбергеновтің есімі берілген. Содан араға аттай алты жыл салып, 2007 жылы 23 желтоқсанда көптің ұсыныс-тілегімен Айбергенов музейі ашылыпты. Міне, 2000 жылдардың бас кезінен-ақ мектеп ұжымы «Бір тойым бар» деп жырлаған ақынның туған күнін атап өтетін дәстүр қалыптастырды. Айта кетейік, мектеп ұжымы 2018 жылы қалалық мектеп музейлерінің байқауына қатысып, бас жүлде жеңіп алған.
– Өзім 2017 жылдан бері музей жетекшісімін. Ақын атындағы мектеп музейіне жетекші болған соң, бірер жылда Айбергенов поэзиясын тереңірек түсініп, қал-қадірімше соны жас өскіндерге жеткізуді мақсат тұттым. Музей ашылған жылы мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ақбота Есаматова Төлеген Айбергеновтің қызы Айнар Төлегенқызымен бірге іссапарға шыққан. Ақтөбе, Шымкент, Алматы, Ташкентке барып, біраз құнды дерек жинаған. Төлеген Айбергенов білім алған Ташкенттегі Низами институтында да ақынның естеліктері сақталған. Осы тұста музейдің ашылуына ықпал етіп, рухани шаңыраққа жетекші болған ақын Ерсайын Нарымбаевтың еңбегін естен шығармағанымыз дұрыс деп ойлаймыз. Ол кісімен біз күні бүгінге дейін байланыстамыз. Музейге жиі келіп тұрады, – дейді Гауһар Жүсіпова.
Мектептің музейге апаратын дәлізінде Айбергеновтің суреті, өлең жолдары, қаз-қатар тізілген кітаптары көзге оттай басылады. Көп ұзамай музейге кіре бергенде төрдегі Айбергеновтің суретін байқадық. Сол суреттің маңдайында «Сағынып келіп, сағынтып кеткен ақын» деген бір ауыз сөз шоқтығы биік ақынның талантын айқындай түскен. Мұнда ақынның көз қарашығындай сақталған құнды жәдігердің бірі ретінде үйіндегі сағаты, ыдыс-аяқ және қолжазбаларының көшірмесін айтуға болады. Музейдің сол жақ бұрышында ақынның туған жері Қарақалпақстанның Қоңырат ауданындағы, кейінгі студенттік жылдары өткен Ташкенттегі, мектеп директоры болып қызмет еткен Сарыағаштағы, шығармашылығын шыңдаған әсем қала Алматыдағы жылдары жайында кең мағлұмат бар. Сондай-ақ шығармашылық жолда дос-сырлас болған қазақтың белгілі ақын-жазушылары мен композиторлары, сонымен бірге, Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың лауреаттары жөнінде де мәліметтермен танысуға болады. Мұнда ақын өлеңінің орыс, ағылшын тіліне аударылған нұсқасын электронды форматта оқуға да мүмкіндік бар.
Мектеп ұжымы жыл сайын Айбергеновтің туған күніне орай шығармашылық кеш, қала деңгейінде әдеби және ғылыми жобалар байқауын, музей сағаты, поэзия сағаты, тіпті спорттық іс-шара ұйымдастыруды дағдыға айналдырған.
Ал мектептің мәжіліс залына апаратын дәлізде ақынның өлең жолдарындағы пейзажды шебер суреттеп, қағаз бетіне түсірген оқушылардың еңбегі ілулі тұр. Бұл ақынның 85 жылдық мерейтойында дарынды оқушылар салған таңдаулы суреттер екен.
Төлеген Айбергеновтің мұрасын сақтап отырған мектеп ұжымы әуелі ақынның шығармашылығын насихаттауға басымдық беретіні сөзсіз. Сондықтан кез келген сыныптың оқушысы ақынның кем дегенде бір өлеңін жатқа біледі.