• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қаржы 06 Наурыз, 2023

Оффшордан оралған қаржы мемлекеттің инвестициялық климатын сауықтыра ала ма?

220 рет
көрсетілді

Алматыда CFO Summit бағдарламасы мазмұнды және ауқымды болды: 10-шы мерейтойлық саммиттің ерекшелігі өзіміздің қаржылық мүмкіндігімізге назар аударуымен есте қалды. Жыл басынан бері қоғам «іштен шыққан қаржы магнаттарының шетелге ауып кеткен қаржысын қалай қайтарамыз?» деген сұраққа жауап күтіп, іштен тынып тұр. Қаржыны қайтара салу оңай емес. Әр жылдары елден кеткен қаржы оффшорлардың түбінде шөгіп жатыр.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров өткен жылы журналистермен кездескен кезде 30 жылда шетелге кеткен қаражатты қайтарудың бірнеше тәсілі қарастырылып жатқанын айтып берген. Қазақстанға тікелей инвестициялар 30 жыл бұрын келе бастағанын, осы кезге дейін 400 миллиард доллардан астам ақша құйылғанын айтқан министр сыртқа кеткен ақшаны да осылай есептеу керектігін ескерткен. «Осы уақыт аралығында 100 миллиард доллардан көп ақша кетті деуге болады. Шетелге шығарылған ақшаны қайтарудың салықтық және салықтық емес деген секілді бірнеше тәсілі бар. Мәселен, біз қазір осындай жағдай қайталанбасын деп түрлі салықтық кедергі келтіріп отырмыз. Бұдан былай, адамдардың ақшаны сыртқа шығаруы қиындайды. Оған қоса, инвесторларға осы уақытқа дейін берілген дивидендтерге қатысты жеңілдіктерді алып тастаймыз», деді Әлібек Қуантыров.

Сең қозғалды. Анығы, шетелге заңсыз кеткен қаржы аз емес екені айқындалып қалды. Сарап­шы­лар­дың сөзіне ден қойсақ, «кері қайтарылып жатқан қаржы қайда жұмсалады» деген сауалға толыққанды жауап жоқ. Сауал көп. Пікірлер де әртүрлі.

Саммит спикері – «Ракурс» экономикалық-сараптамалық орталығының директоры Ораз Жан­до­сов­тың сөзімен айтқанда, сыртқа кеткен қар­жыны инвесторды шошытып алмай, қайтарудың тетігін қарастыру керек. Ол үшін мемлекет бұл қар­жыны ашық жекешелендіру арқылы жеке сек­тор­ға қайтаруға ниетті екенін дереу көрсетуі керек. Мемлекет ұстанымы арқылы инвестициялық климатты сауықтыруға болады.

Ораз Жандосовтың айтуынша, мемлекет бұл қадамға дайындықпен келді. Барлық әрекет кезең-кезеңмен жүріп жатыр. Бас прокурордың бірінші орынбасары Т.Тәшімбаев бастаған Қазақстан делегациясы АҚШ-қа барып, АҚШ Әділет департаментінің басшылығымен, ФТБ және Дүниежүзілік банк өкілдерімен кездесу өткізді. АҚШ Әділет де­партаментінің өкілдері қылмыстық активтерді іздеуге және заңсыз шы­ға­рылған ақшаларды АҚШ-тан Қазақстанға қай­та­руға қолдау көрсететінін мәлімдеді. Өткен жылы сол кездегі Мәжіліс депутаты Мақсат Раманқұлов Қаржы мониторингі агенттігіне осы мәселе бойынша жолдаған сауалында депутаттар 10 жыл бойы «Панама тізімі», «Парадис досье» сияқты Швейцария банктеріндегі қазақстандық есепшоттарға қатысты бірнеше рет сұрақ қойды. Tax Justice Network халықаралық ұйымының мәліметін дереккөз ретінде алға тартып, соңғы 25 жылда елімізден шетелдік оффшорларға шамамен 140-160 млрд доллар шығарылғанын ашып айтты. Бұл бүкіл елдің жылдық ішкі жалпы өнімі мен оның сыртқы қарызына тең қаржы.

Ал еліміздің құқық қорғау органдары соңғы 5 жылда шетелге капиталды заңсыз шығару фактілері бойынша 200-ден астам іс қозғаған деген мәлімет бар. Алайда бұл жұмыстың нақты нәтижелері күңгірт. Шетелге нақты қанша қаражат шығарылғаны, оның артында кімдердің тұрғаны туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ. Шетке кеткен қаржыны қайтару тақырыбы Қазақстан үшін де, барлық посткеңестік республикалар үшін өте өзекті. Ораз Жандосовтың айтуынша, бұл мәселеге бір реттік деп қарауға болмайды. Қаржыны қайтармастан бұрын ішкі нарықтың инвестициялық жағдайын сауықтыру керек.

Қоғам кімдердің қаржысын бірінші кезекте қайтару қажеттігін біліп-сезіп отыр. Ораз Жан­досовтың айтуынша, егер активтер қайта­ры­латын болса, оны заңда нақты көрсетілген процедуралар бойынша, нақты белгіленген мерзімде ашық түрде және үкіметтік комиссияда қаралған барлық материалдарды құпия ұстамай, жария түрде жүргізу керек. «Егер ескі Қазақстанда мемлекеттік активтерді жекешелендіру кезінде заңдар бұзылған болса, онда қаржыны қайтаруға мүмкіндік бар шығар. Менің түсінуімше, бұл үшін арнайы комиссия құрылды», дейді О. Жандосов.

Сарапшының пайымдауынша, елге қайтқан қаржының қайда жұмсалатыны туралы Үкіметтің ұстанымы қазір күңгірттеу болып тұр. Елге қайтқан қар­жыны Үкімет мемлекеттің меншігінде емес, оны ашық жекешелендіру арқылы жеке секторға қайтаруға ниетті екенін дереу көрсетсе ғана қай­тарылған қаржы берекелі болады. Барынша ашық жүр­гізілген саясат қана инвестициялық кли­мат­қа оң әсер ете алады. Сыртқа кеткен қаржы арқылы экономикалық немесе әлеуметтік жағдайды сауықтырып аламыз деп үміттеніп қалуға болмайды.

 Осы тақырыпқа қатысты пікір білдірген Халық банкінің басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова да қайтарылған активтерді қайтару мәселесіне «өте мұқият қарау керек» екеніне «елдің инвестициялық ахуалын бұзудың қажеті жоқ» екеніне назар аударды. «Осыдан 15-20 жыл бұрын қолданыста болған заңнамалық актілерді ретроспективті түрде қайта қараудың қажеті жоқ. Мұндай жағдайда жергілікті инвесторлар мен компанияның құрылтайшылары бизнесінің объективті бағаланатынына күмәндануы мүмкін. Бұл келген капиталдың кері кетуіне, сонымен бір мезгілде елдегі капиталдың сыртқа кетуіне алып келеді. Біз алдағы екі-үш жылда экономикамыздың қалай дамитынын болжай алмаймыз. Сол себепті әрбір инвестор қаржысының болашағына, оның қайтарымына алаңдайды. «Қазақстан халқына» қорына өткен жылы 130 млрд теңге түсті. «Бұл қаржы қай салаға салынды» деген сұрақтың жауабы маңызды», дейді Ү.Шаяхметова.

 

Алматы