Өңірге жұмыс сапарымен келген Алтай Көлгінов әлеуметтік саланы дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалардың жергілікті жерде іске асырылу барысымен танысты.
Премьер-министрдің орынбасары алдымен облыстық ауруханаға барып, дәрігерлермен кездесті. Қостанайда көпсалалы заманауи аурухана салу жоспарланып отыр. Қазір ғимараттың орнын анықтау жұмыстары жүріп жатыр. Мұның сыртында, облыс орталығында жаңа перинаталдық орталық бой көтермек.
Алтай Көлгінов бұл мәселені Денсаулық сақтау министрлігімен кеңесе отырып шешуді тапсырды.
– Өңірлерде 12 жаңа перинаталдық орталық салу жоспарда тұр. Орталықтың қай жерде бой көтеретінін жергілікті билік белгілесін. Қосымша ұсыныстарыңызды Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе отырып шешейік. Біз тиісті қаражатты бөлеміз, ол жағынан қам жемеңіздер, деді Алтай Көлгінов.
Үкімет басшысының орынбасары одан кейін «Береке» шағын ауданында 2021 жылдан бері салынып жатқан үш қабатты мектептің құрылысымен танысты. Мұндағы құрылыс жұмыстары биыл мамыр айында аяқталуы тиіс. Осы мақсатта Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорынан тағы 1,3 млрд теңге қаржы бөлінеді.
Одан кейін А.Көлгінов Қостанай ауданына қарасты Жуков ауылының тұрғындарымен кездесті. Мұндағы мектеп ғимараты талапқа сай емес. Оның үстіне, ауыл халқының біразы орыстілді болғанымен, соңғы жылдары қазақ тілінде білім беретін мектеп ашылғанын қалайтын тұрғындар көбейіп келеді. Олардың айтуынша, мектеп ғимараты ескі. Оны күрделі жөндеуден өткізгеннен гөрі, жаңадан салған дұрыс.
А.Көлгінов аудан басшыларына бұл ауылда мектеп салу үшін алдымен оның жобалық-сметалық құжатын дайындауды тапсырып, мектептің жобасын әзірлегенде, 100 орыннан кем болмауын ескертті. Өйткені оқушы саны 100-ден кем болса, заң жүзінде мұндай шағын мектептер мемлекет тарапынан қаржыландырылмайды.
– Құжат дайын болған соң, біз бірден қаржы бөлеміз. Қостанай өңіріне жұмыс сапарым барысында облыс орталығынан қайтып кетпей, ауылға да ат басын бұрып отырмын. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың таяуда ауылдарды дамыту туралы Жарлыққа қол қойғанын білесіздер. Ең бірінші кезекте ауыл тұрғындарының табысы жоғары жұмысы болуы керек. Осы мақсатта «Ауыл аманаты» бағдарламасын қабылдадық. Бағдарлама аясында өздеріңіз сияқты ауыл тұрғындары жеке кәсіп ашып, оны әрі қарай дамытуға мүмкіндік алады, деді Алтай Көлгінов.
Премьер-министрдің орынбасары өңірге жұмыс сапарының соңында Ыбырай Алтынсарин кесенесіне барып, ұлы ағартушының рухына тағзым етті.
Қостанай облысы