• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Өнер 07 Наурыз, 2023

Бибаят дизайны

281 рет
көрсетілді

Қазір әлемді әдеміліксіз елестету әсте мүмкін емес. Жер әлемдегі адамдардың барлығы әсемдікке, сәнге құштар. Сондықтан көктемнің керемет мерекесі 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні, әдемі кәсіпті игеріп, елімізде дизайн өнерінің дамуына өзінің қомақты үлесін қосып жүрген, халықаралық деңгейдегі «biвayat fashion» киім брендінің негізін қалаушы Бибаят Үсенова туралы айтқымыз келеді.

Астанадағы «Сарыарқа» ойын-сауық орталығының бі­рінші қабатында дизайн және тігін цехы орналасқан Бибаят апайға арнайы барып кездесіп, төл мерекесімен құттықтадық. Әңгіме барысында ұққанымыз, кейіпкеріміз бұрымы желбіреген кү­нінен бастап көңілі әдемілікке, тігіншілік өнерге құштар болыпты. Бақытына орай мектептегі еңбек сабағынан дәріс жүргізген ұстаздары осы саланың тәп-тәуір шеберлері екен. Мектептегі ұстазының арқасында сәндік өнердің бастауын меңгеріп, әдемі арман, қиялдарын жүзеге асырудың жолы ашылған. Әйт­се де, әке-шешесі дарынды қыз­дарының бұл өнердің соңына түскенін қаламаған. Бірақ «өткір кездік қын түбінде жатпайды», анасының тыйым сал­ғанына қарамастан, тігін машинасын айналшықтауды тастай алмады.

Бүгінде жасы егде тартқан апайымыз: «Ол заманда, яғни кеңес одағы кезінде қарапайым ауыл, ауданда сән өнеріне деген көзқарас пен жалпы түсінік тым төмен болатын. Сондықтан мектеп бітіргенде басқа мамандықты таңдауға мәжбүр болдық», дей­ді. Алматыда оқып, журналистикада қызмет істеген Би­баят апай студент шағында да, жұмыс істеп жүрген кезінде де тігіншілікті, дизайнды бірде-бір рет тоқтатпағанын айтады. Той-жиынға баратын қыз-ке­лін­шек­терге ерекше сәнді киімдер ті­гіп беретін. Бұл тірлігінен табыс тап­паса да жаны рахатқа бө­ле­нетін.

Қазіргі Ұлытау облысының «Жезқазған туы» газе­тінде корректор болып жұмы­сын бас­тап, әрі қарай жур­налис­ти­ка­ның қызығы мен шы­жығы көп дүниесіне еніп кетті. Жезді өңір­дің тұрмыс-тіршілігі туралы талай татымды, танымдық мақалаларды дүниеге әкелді. Бірақ бәрібір жан-жүрегі қалаған тігіншілік пен сәндік өнері өзіне тартып тұратын. Журналистика саласында жауапты хатшының орынбасарлығына дейін кө­те­рілген Бибаят апай Жезқазған об­лысы таратылып, елордасы Сары­арқа төріне көшкен жылдары отбасымен Астанаға қоныс аударды. Жасы 55-ке келгенде әйел кісіге жаңа жерден жұмыс табу оңай ма? Әйтсе де, Бибаят апай оған мойымаған. Отағасына бала күнгі арманын айтып, жаңарған заманда жаңа кәсіп бастауды ұсынады. Өкінішке қарай, ол кезде тірлігі де, табысы да көмескі тігіншілік пен дизай­нерлік кәсіппен айналысуды отағасы құптай қоймады.

Оған қараған Бибаят апай болмады. Тәуекелге бел буып, іске кірісіп кетті. Жаны қалаған жұмысы ә дегеннен-ақ талабы мен арманын тез-ақ алға жетелеп алып кетті. Дизайнын өзі жасап тіккен киім үлгілері көпшіліктің көңілінен шықты. Той-жиынға арнап тіккен сәндік көйлектері көздің жауын алатын. Содан өзінің кәсібін ашып, көп жетістіктерге қол жеткізді.

Қазақтың ұлттық киімдерін­дегі айрықша нақыштарды заманауи киімдермен үйлестіріп жасаған дизайндары жұрттың назарын бірден аударды. Киім тігіп, жаңа брендтер жасап отыратын әлемдік алпауыт фирмалардың киімін қалталы адамның кез келгені алып кие беретіні мәлім. Ал Бибаят апайдың ұлттық на­қышпен әдіптеп жасаған бі­регей дизайндары ескімен жаңаның астасуы арқасында ерекше үйлесім тапқан, басқа еш жерден табылмайтын жаңа бренд еді. Оны 2018 жылы Франция астанасы Парижде өткен Global Fashion Startur көрмесіне қатысқанда еуропалық киім дизайнерлері жоғары бағалады.

– Сіздердің көне ұлттық дизайн өнерлеріңіздің сақталып қалғаны қандай жақсы. Ұлттық ою-өрнек нақыштарыңыз өте әдемі екен. Ұлттық әдіптеумен үйлесім тапқан мына киім үл­гілеріңіз, сіздің өзіңіз тұрмақ біз­дің де жа­нымызға тым жа­қын сияқты. Ал біз ұлттық дәс­түрден қол үзіп қалған соң, ерте дәуірден жалғасып келген көп өнерден айы­рылып қалдық, – дегенді сонда еуропалық киім дизайнерлері.

Ұлтымыздың түрлі ою-өр­негін пайдаланумен қатар, Бибаят апайдың бренд киімдер коллекциясында құ­рақ үлгіде тігілген киімдерді көріп таңғалдық. Біздің білуімізде қазақта құ­рақ көрпе, құрақ жастық бола­тын. Десек те, құрақ үлгіде тігілген көйлектері керемет әде­мі шыққан. Оны көрген қыз-келін­шектердің кө­ңілі еріксіз ауатыны анық. Бұл үл­гіні сән әлеміне қосылған мүл­де жаңа дизайн деп атауға лайық.

Дизайн саласындағы же­тістігі мен осы өнерді дамы­туға қосқан еңбегі үшін еура­зия­лық дизайн одағының медалі­мен марапатталған кейіпке­ріміз Aspara fashion week халық­аралық байқауының тұрақты қатысу­шысы. Сондықтан салада­ғы тынымсыз ілгерілеу, ба­рын­ша жаңарып, даму ісі бір сәтке де іркілген емес. Нәти­же­сінде, «Атамекен» ҰКП-ның кә­сіп­кер­­лік ұсыныстар бойын­ша «Биз­­нес Кеңесші» жобасы сер­тификатының және Президенттің «алтын сапа» сыйлығы серти­фикатының иегері болды.

Жаны сүйген кәсібімен шұғылданып, осыншама жетіс­тікке жетіп жүрген Бибаят апайы­мыздың да көңілінде алаң бар. Ол салаға мемлекеттік көзқарастың оңалмай тұрғаны және ине мен жіпке, киім дизайны мен сәнге қазақ жастарының жақындағысы келмейтіні.

«Әрине жұмысы қи­ын, табысы да тым көп емес. Егер тігін саласына мемлекеттік тұр­ғыда көңіл бөлінбесе, осы мимырт тірлік жал­ғаса бермек. Қазір елімізде дизайн, тігінші мамандары дайындалғанымен, олардың барып жұмыс істеп кететін жері жоқ. Оқуды жаңа бітірген жастардың бәрі де жеке кәсіп ашып кете бермейді ғой. Республиканың әр-әр жеріндегі қадау-қадау бірлі жарым тігін­ші-кәсіпкерлер ешқашан өз күштерімен Қытайдан, Өзбек­­станнан, Қырғыз Респуб­лика­сы­нан ағы­латын арзан киім-кешек ағын­дарына бәсекелес бола алмайды. Осыны дұрыс түсініп, тігіншілер мәселесі мемлекеттік деңгейде қарастырылып, шеші­мін тапса, көптеген жасқа жұмыс орындары ашылар еді», деп ойын жеткізді Бибаят апай.

Кәсіпкердің көтеріп отырған мәселесі өте орынды. Енді үкі­меттегілер еліміздегі жеңіл өнер­кәсіпке мойын бұрып, жақсы тілекті қаперге алса құба-құп!