Әйел затының жаратылысы нәзік дегенімізбен, бүгінде қайсар да, қайратты аруларымыз үшін кез келген сала жат емес. Тіпті бұрымдылар меңгермеген мамандық жоқ десек, артық айтқандық болмас. Соңғы жылдары спорт саласында да қыздардың үлесі артып келеді.
Әлемде ең көп тараған кез келген спорт түрін алып қарасаңыз, барлығында да аруларды кезіктіресіз. Әйел затына тән емес дейтін шайбалы хоккей, ауыр атлетика, күрес, регби, бокс, ережесіз жекпе-жек сынды спорт түрлеріне де қыздарымыз «ауыз салып» үлгерді. Десе де қазіргі таңда қыздардың қолы жетпеген бір ғана спорт түрі бар. Ол – грек-рим күресі. Иә, әйелдер де бозкілемде белдеседі, бірақ «қуанышымызға қарай», қыздардың еркін күресі «әйелдер күресі» деп аталып кетті де, грек-рим күресі ескерусіз қалды. Әйтпесе, аруларымыз бұл жерден де табылар еді.
Сондай-ақ кейінгі жылдары әйелдер де бапкерлікке бет бұра бастады. Бұрындары жаттықтырушылық жұмыс тек ерлерге ғана тән мамандық деп есептеліп, бұл салада әйелдерді елестетудің өзі мүмкін емес еді. Бірақ «Заманына қарай – адамы» дегендей, бұл күндері әйелдердің де шәкірт тәрбиелеуге әлеуеті жетіп жатса, неге өз білгенімен бөлісіп, жаттықтырушы болмасқа? Рас, әлемдік спортта әйел жаттықтырушылар бұрыннан болғанымен, тек санаулы спорт түрінде ғана еңбек ететін. Бұл әлемдік үрдіс елімізге де жетіп, бұрымдыларымыз ерлермен қатар қиындығы көп футбол, дзюдо, бокс, теннис, шайбалы хоккей секілді спорт түрлерінен де жаттықтыра бастады.
Мәселен, біраз жыл бұрын футболдан Қазақстан әйелдер құрамасының тізгінін даңқты футболшымыз Рәзия Нүркенова ұстаған еді. Еліміздегі әйелдер футболын жаңа деңгейге көтеруді мақсат еткен жаттықтырушы арманына жете алмай, 2020 жылы әлемді шарпыған індеттің салдарынан дүниеден өтті.
Қарағанды қаласында туған Рәзия Төлеуқызы карьерасын «Қарағанды-Олимп» командасында бастап, ерекше талантымен мамандардың көзіне түсті. Алдымен ол Қазақ КСР құрамасына қабылданып, кейіннен кеңес одағының құрамасында да өнер көрсетті. Кеңес одағы ыдыраған соң Александр Соловьев пен Виталий Шашков сынды бапкерлерінің шақыруымен Ресейдің Самара қаласындағы жергілікті ЦСК ВВС командасында доп тепті. Осы клубта жүріп отандасымыз үш рет Ресей чемпионы атанып, бірнеше мәрте жүлдегерлер қатарынан көрінді.
2000 жылдары карьерасын аяқтағаннан кейін бапкерлікке бет бұрды. Шәкірт тәрбиелеуде жолы болған отандасымыз жаттықтырушылық карьерасында Ресейдің жасөспірімдер және жастар құрамасына 16 ойыншы даярлады. Сонымен қатар бүгінде есімі Ресей жанкүйерлеріне жақсы таныс Валентина Орлова мен Анастасия Поздееваларға Ресей ұлттық құрамасының жейдесін кигізіп, өзі халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанды. 2006-2013 жылдар аралығында Ресейдің жасөспірімдер құрамасын жаттықтырып, тәжірибесін одан әрі шыңдай түсті.
Рәзия Нүркенова бапкерлік қызметте жоғары табысқа қол жеткізуіне ФИФА нұсқаушысы, Нидерланд әйелдер құрамасының бас бапкері, 2010-2013 жылдары Ресей футбол одағында әйелдер құрамаларының техникалық директоры болған Вера Паув маңызды рөл ойнағанын айтады. «Оның жетекшілігімен еуропалық әйелдер футболының заман талабына сай әдістемелік жаттығулары жөнінде терең білім алып, бапкерлік деңгейімді көтердім», деген еді Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметіне берген бір сұхбатында.
Сондай-ақ саналы ғұмырын спортқа арнап, өміріндегі барлық жетістікті спортпен байланыстыратын тұлғалар көп. Соның бірі – Гүлжан Исанова. Көпшілік дзюдошы ретінде жақсы танитын Г.Исанова спорттық мансабын аяқтап, бүгінде Қазақстан әйелдер құрамасының жаттықтырушысы ретінде еңбек етіп жүр. Жылдар бойы татамиде жинаған тәжірибесін жас буынның бойына сіңіруді қолға алған.
1983 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданында дүниеге келген Гүлжанның дзюдо спортында бағындырмаған белесі жоқ. Атап айтар болсақ, Азия ойындарының екі дүркін (2006, 2010), Азия чемпионатының үш дүркін қола жүлдегері (2007, 2008, 2011), Қазақстан спартакиадасының жеңімпазы (2008), Азия чемпионы (2009), Азия чемпионатының күміс жүлдегері (2012), Еуропа кубогінің жеңімпазы (2012, Прага), әлемдік Гран-при сериясының алтын жүлдегері (Алматы, Ташкент). Бейжің (2008) және Лондон (2012) Олимпиадаларының және Бразилиядағы әлем чемпионатының қатысушысы (2013). Қазақстан біріншілігінің бірнеше дүркін чемпионы.
«Спортқа 18 жасымда келдім. Алғашында самбо күресімен айналыса бастадым. Одан кейін колледжде оқып жүргенде менен бір курс жоғары оқитын Қуаныш деген студент «Гүлжан, мен дзюдодан жақсы жаттықтырушыны білемін. Сол кісіге апарайын. Сен дзюдомен айналыс. Сол кісіге бар» деп, үгіттеді де, мені Семей қаласындағы Тұрмыс Халелов ағайдың үйірмесінде дзюдоны бастадым. Бірінші жаттығу күнінен-ақ дзюдо маған өте қатты ұнады. Жаныма жақын болғандықтан бірден дзюдоны таңдадым», дейді бір сұхбатында.
Кейінгі кейіпкеріміздің таңдаған спорт түрі тіпті қызық. Анна Яковлева – кезінде ағылшын аристократтары көше төбелесінің мәдениетті түрі ретінде ойлап тапқан регби спортынан Қазақстан ұлттық әйелдер командасының бас бапкері. Ол 16 жасынан бастап ұлттық құрама сапында ойнап, төрт рет Әлем кубогіне қатысқан. Сондай-ақ регби-7 мен регби-15 түрлері бойынша бірнеше дүркін Азия чемпионы.
Анна бірер жыл бұрын Азиядағы ең үздік ТОП-15 регбишінің қатарынан көрінді. Және де Азия федерациясының регби елшісі болып, Азиядағы әйелдер регбиін дамыту жөніндегі жұмыс тобының қатарына қосылды.
Жас болса да мұхиттың арғы бетінде жергілікті қыз-жігіттерге шайбалы хоккейдің қыр-сырын үйретіп жүрген Бұлбұл Қартанбайдың есімі бүгінде көпшілікке жақсы таныс. Ол еліміздің тарихында тұңғыш рет әйелдер арасындағы Ұлттық хоккей лигасында («NHL») өнер көрсетті. Сондай-ақ АҚШ-тағы жасөспірімдер хоккей клубының бірін жаттықтырып жүр. Атап айтқанда, Нью-Джерси штатындағы «High School» базасында жаттығатын «Princeton Tiger Lilies team 14U AA Black» командасына жетекшілік етеді.
«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы алғашында бокс, күрес түрлерімен шұғылданып, 12 жасында шайба мен таяқты жанына серік еткен. Бұлбұл бес жыл мектеп командасында ойнап жүріп 2017 жылы Алматыда өткен Универсиадаға қатысты. Ерекше талантының арқасында 18 жасында ұлттық құрамаға да шақырту алды.
Бұлбұлдың айтуынша, мұхит асып, Америкаға бару туралы ой оған 16 жасында Словакияда өткен жастар арасындағы әлем чемпионатына жүргенде келеді. Содан бастап жатса да, тұрса де шетел асуға аңсары ауады. Сөйтіп, жүргенде танымал жаттықтырушы Сэми Джо Смолдың көзіне түседі. Бұлбұл ағылшын тілін жетік меңгергендіктен, бір-бірін жақсы түсініп, емен-жарқын тілдеседі. Хоккейші қыздың талантын байқаған жаттықтырушы оны Канадаға шақырыпты.
«Канадада «Calgary Coyote» командасына қосылдым. Алғашында жат елде ойнау қорқынышты еді. Бірақ артқа шегінбеуім қажет екенін түсіндім. Шетел деп келген соң өзіңнің ғана емес, еліңнің намысын қорғауың керек. Басты мақсатым – «NHL»-ге қосылу еді. Канада арқылы Америкаға бардым. 2019 жылы жазды Минессоттада өткіздім. Кейіннен Нью-Йорк, Нью-Джерси командаларының іріктеуінен өттім. 16 тамыз күні маған екі команда хабарласып, келісімшарт ұсынды. Қуанышымда шек болмады», дейді Бұлбұл.
Қысқы спорт түрлерінің ішінде фристайл-могулдан ел құрамасын жаттықтырып жүрген Елена Круглыхина да аталған спорт түрінде жерлестеріміздің жоғары нәтижеге қол жеткізуіне өз үлесін қосып келеді. Сол жетістіктерінің арқасында ол қатарынан екі мәрте Қазақстанның ең үздік жаттықтырушысы атанып үлгерді. Өздеріңізге мәлім, Круглыхина жаттықтыратын Юлия Галышева 2018 жылы Олимпия ойындарында қола жүлде жеңіп алған болса, 2019 жылы Қазақстан тарихында тұңғыш рет фристайл-могулдан әлем чемпионы атанған еді.
Міне, бұл бапкерлік өнерде бағы жанған санаулы ғана жаттықтырушылардың бір парасы. Көп адамның көзіне көріне бермейтін тәлімгерлік жұмыстың ауыр жүгін арқалап келе жатқан еліміздегі арулардың саны мұнымен түгесілмейді.