• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 08 Наурыз, 2023

Отыз жылын орман ісіне арнаған ана

787 рет
көрсетілді

27 жылдан бері ғұмырын орман шаруашылығы қызметіне арнаған Күлпану Құрманғалиеваның қажыр-қайратына қайран қалдық. Содан әйелдер мерекесі қарсаңында орманшымен аз-кем сөйлескен едік.

Күлпану Құрманғалиева - «Ертіс орманы» МОТР РММ Шалдай филиалы, Шошқалы орманшылығының Аумақты қорғау жөніндегі инспекторы - мемлекеттік инспектор. Ол 1967 жылы 2 мамырда туған. Білімі арнайы-орта. Кәсіби еңбек жолын 1986 жылы 15 ауладан аспайтын шағын орман ауылынан бастаған. Әйелде Шалдай филиалының Шошқалы орманшылығының өрт-химиялық станциясының радио операторы болып істеген. Кейін мемлекеттік инпектор көмекшісі лауазымында жұмыс істеді. 2017 жылы Шошқалы орманшылығының аумақты қорғау инспекторы – мемлекеттік инспекторы болып тағайындалды. Бүгінге дейін осы лауазымда еңбек етіп келеді.

К.Құрманғалиева орманшылар әулетінен шыққан. Орман шаруашылығындағы жұмыс өтілі - 27 жыл. Әріптестері оны жұмысқа жауапты, сауатты қызметкер ретінде бағалайды.  

- Орман шаруашылығына қалай тап болдыңыз? 

- Мен 10 жыл жалпы білім беретін шағын мектепте жұмыс істегенмін. Кейін білім ордасы жабылып қалды. Сол кезде мемлекеттік-инспектор болу туралы ұсыныс түсті. Келістім. Сөйтіп, Павлодар технологиялық колледжіне орман және орман шаруашылығы мамандығы бойынша оқуға түстім. Сол кезден бері Шошқалы орманшылығында еңбек етіп келемін. Бүгінде шаруашылықтың Аумақты қорғау жөніндегі инспекторы - мемлекеттік инспекторы қызметін атқарамын. 

- 27 жыл бойы осы салада еңбек етіп келесіз. Аз уақыт емес. Бүгінге дейін басқа жұмысқа ауысқыңыз келген кездер болды ма? 

- Жоқ. Қазіргі қызметімді өзгерткім келмейді. Өзімді басқа салада елестете алмаймын.

- Шаруашылықтың қиындығы жайлы айтып бере аласыз ба? 

- Көп қой. Мысалы, орман дақылдарын отырғызу кезеңі, арамшөптерді жою, ормандағы ағаштарды заңсыз кесетіндерден қорғау, орман алқабында тұтанған өртті өшіру, тазалау жұмыстары, биологиялық кешенді іс-шаралар (зиянкестермен күрес), сондай-ақ жануарлар әлемін қорғау оңай жұмыс дей алмас едім. 

- Жұмыс кезінде қызықты оқиғалар болатын шығар... 

- Білесіз бе?! Мен үшін ормандағы тіршілік иесінің қанша және қандай өмір сүретінін бақылаудың өзі қызық. Қызықты оқиғалар сол орман дақылдарын түгендеу кезінде болады. 

- Әйел мен орманды не байланыстырады? 

- Орман да әйел сияқты: жайнайды, айналасына жұпар шашады, жеміс береді. 

- Сізге қандай жыл мезгілі ұнайды? 

- Маған қыс мезгілі ұнайды. Себебі, қыс айларында орман өрті болмайды. Бұл санаңды тазартып, миыңды тынықтыруға қолайлы кезең. Әрі ақ ұлпаға оранған дала да көздің жауын алады. Таза ауасын айтсаңшы. 

Бос уақытыңызда немен шұғылданасыз? 

- Қолым қалт еткенде кітап оқимын. Қыста орманда серуендегенді ұнатамын. Ал жазда бос уақыт бола қоймайды...