• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Спорт 10 Наурыз, 2023

Саңлақтардың көздегені – UFC

270 рет
көрсетілді

Шавқат Рахмонов, Жалғас Жұмағұлов, Мария Агапова және Сергей Морозов сынды еліміздің UFC-де санаулы ғана спортшысы бар. Олардың қатарына шетелдік қандастарымызды қосуға болады. Атап айтсақ, Қытайда дүниеге келген Сайран Нұрданбек пен Мақсат Қайсар, Ресейдің Орынбор өлкесінде туып-өскен Дамир Исмағұлов күш сынасып жүр. Сәл ертеректе Жұмабек Тұрсын өнер көрсетті. Қаны бір қазақ болғаннан кейін бұл азаматтардың да табысы бізге ортақ. Өз жерлестерімізбен қатар, солардың да әрбір жеңісіне қуанамыз.

Қазіргі кезде тек Шавқат Рахмонов қана қарсыластарын қоғадай жапырып келеді. Күні кеше ғана ол Лас-Вегаста америкалық Джефф Нилді үшінші раундта қылқындырып, жеңіске жетті. Дамир Исмағұловтың да аяқалысы жақсы еді. Қатарынан бес кездесуде жеңіске жеткен ол былтырғы жылдың желтоқсан айында ресейлік Арман Царукяннан ұпай санымен ұтылған соң UFC-ден кететінін мәлім етті. Ал өзге спортшыларымыздың өнері ала-құла. Жалғас Жұмағұлов әлемнің ең белді промоушеніндегі алты бәсекенің бе­сеуінде жеңілістің кермек дәмін татты. Былтыр күзде Чарльз Джонсонға есе жі­бергеннен кейін ол да «бұзылды». Осы орайда Жалғас төрешілердің әділет­сіздігіне төзе алмайтынын айтты. Сөйтіп, UFC-дегі файтерлеріміздің қатары бірте-бірте кеміп келеді. Сол себепті де жекпе-жек десе, қандары қыз-қыз қайнап, деле­белері қозатын жанкүйерлерді «Ал­дағы уақытта жоғарыда есімдері аталған спорт­шылардың орнын кімдер басады?» деген сауал ерекше толғандырып жүр. Енді осы сұраққа жауап іздеп көрейік.

Ең бірінші кезекте Асу Алмабаевты атап өткен жөн. 29 жастағы сақа спорт­шының осы спорт түрін серік еткелі 10 жылға жуықтады. Тұсаукесер кездесуінде ол ресейлік Вадим Бусеевті ұпай санымен ұтты. Одан кейін үш жылдай октагонда көрінбеді. 2016 жылы қайта оралып, түрлі жарыстарда Елдос Қалиев, Олег Эдик және Галамырза Айвазовты айқын басымдықпен жеңді. Келесі жыл Асу үшін сәтсіз болды. Fight Nights Global мен «Алаш Прайд» промоушендері ұйымдастырған екі бірдей дүбірлі додада қандасымыз жеңіліс тапты. Махачкалада ол Тагир Уланбековке, Алматыда Мехман Мәмедовке жол берді. Бұл сәтсіздіктерін дарынды жас жақсы сабақ алды. Есесіне одан кейінгі алты жылда 13 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіс тойын тойлады. Алмабаевтан таяқ жегендер арасында Александр Доскальчук та бар. Украиналық файтер кезінде Санкт-Петер­бургте өткен M-1 Challenge 92 турнирінің басты бәсекесінде біздің тағы бір мықты спорт­­­шымыз Арман Әшімовті ұтқанын жан­­күйерлер жақсы біледі. Алатау баурайын­да ұйымдастырылған турнирде Асу Дос­кальчукті «қылқындыру» әдісімен жеңді.

Кезінде M-1 Global және NAIZA ұйымдарының теңдессізі деп танылған Асу Алмабаев соңғы уақытта іргетасы Таяу Шығыста қаланған BRAVE CF про­моушенінде сәтті өнер көрсетіп жүр. Тіпті оның чемпиондық белбеу үшін таласатын мүмкіндігі де бар. Бірақ Алмабаевқа бұл атақ қажет пе? Асудың арманы – UFC-де күш сынасу және де ол сол жоспарын жүзеге асырғанша тынбайтын секілді. Күні кеше ғана ол Шавқат Рахмоновпен бірге АҚШ-қа аттанып, әлемнің ең белді промоушенінде өнер көрсетіп жүрген командалық әріптесінің Джефф Нилға қарсы жекпе-жекке жақсылап даярлануына өз үлесін қосты.

Айқас алаңында өрелі өнерімен көзге түсіп жүрген Азат Мақсұм жайында «Бүгін, ертең ол UFC-мен келісімшартқа оты­рады» деген сыңайда әңгіме жиі айтылып жүр. 27 жастағы қазақ файтері Дана Уайттың командасында болуға әбден лайық. Оның аралас жекпе-жекпен айналысқанына алты жылдан асты. Сол аралықта 16 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Алғашқы алты бәсекеде Азат өз отандастарымен айқасса, кейіннен небір мықты шетелдік спортшыларды сабады. Солардың қатарында Бразилияның «ұр да жықтары» да бар. Мәселен, осы жылдың 21 қаңтарында Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өткен жарыста Мақсұм бұған дейін ешкімге есе жібермеген оңтүстікамерикалық Фа­брицио Нуньесті бірінші раундта-ақ «қылқындыру» әдісімен жеңді.

«Ескі гвардияның» өкілдері арасынан Қайрат Ахметов, Артем Резников және Арман Әшімовті бөле-жара атасақ, еш айыбы жоқ. 35 жастағы Ахметов 2010-2015 жылдар аралығында өткізген алғашқы 23 кездесуінде қар­сылас шақ келтірмей, көп­шілік назарын өзіне аударды. Әр же­ң­ісінен кейін «Қара жорға» би­лейтін жігітке деген жан­күйер­­лер­дің де құрметі ерекше. Сол ара­лықта Алматы облысы Сар­қан ауданы Бақалы ауылының тумасы Син­гапурдің ONE FC деп аталатын белді ұйымының чемпиондық белбеуін иеленді. Ал Қайраттың қазіргі шердогы – 31 кездесу, 29 жеңіс (18 нокаут) және 2 жеңіліс.

31 жастағы Артем Резников 2016-2017 жылдар аралығында қатарынан бес рет жеңілгенде, көрермендер одан күдер үзе бастаған еді. Бірақ шығыстың шымыр жігіті өзінің ерен еңбегі мен та­бандылығының арқасында көздеген ма­қсатына қол жеткізді. Одан кейін ол қата­рынан 10 қарсыласын қапы қалдырды. Қазіргі кезде Артем Чешенстанның АСА промоушені ұйымдастырған жүлде қоры 1 миллион АҚШ долларын құрайтын Гран-при бәсекесіне қатысып, ақтық сынға дейін алқынбай жетті. Енді отанда­сымыз финалда Ресейдің туы астында өнер көрсететін армян жігіті Эдуард Вартанянмен айқасады. Осы бәсекеде жеңіске жеткен спортшы чемпиондық белбеуімен қатар, 200 мың долларды қал­таға басады. Резниковтің қазіргі шердогы – 30 жекпе-жек, 24 жеңіс (18 нокаут) және 6 жеңіліс.

Арман Әшімовті жұрт жақсы біледі, жақсы көреді. Себебі ол жеңсе де, жеңілсе де өзін бірқалыпты ұстайды, еш уақытта асып-тасымайды. Үнемі күліп, жайдары жүреді. «Мұстафа Өзтүрік» деген жанама есіммен шығып жүрген 31 жастағы қазақтың қайсар ұлы 15 бәсекенің үшеуінде ғана жеңіліс тапты. 11 жекпе-жекте жеңіске жетіп, тағы бір тартыс тең аяқталды. 10 қарсыласын нокаутқа жіберді. Бір айта кетерлігі, Арман – әмбебап спортшы. Ол аралас жекпе-жекпен қатар, жалаң қолмен жұдырықтысуға да машықтанып жүр. Алдыңғы жылы Киевте Әшімовтің жергілікті спортшы, бокс­тан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Тимур Белякты бір соққымен сұлатып салғанын көзіміз көрді. Сондай-ақ қан­дасымыз был­тырғы жылдың ая­­ғында Алматыда кәсіпқой бокс­тан да жекпе-жек өткізіп, гру­зия­лық Бухути Татиашвилимен тең түсті.

Жоғарыда есімдері аталған­дардың қатарына Асылжан Ба­қытжанұлын да қосуға болады. «Алаш Прайд» пен АСА ұйымдарының мұ­рындық болуымен өткен жарыстарда жанкештілігімен көзге түскен ол 18 кез­десудің 14-ін өз пайдасына шешті. 10 қар­сыласын кескен теректей сұлатып салды. Тіпті жеңілген жағдайдың өзінде Асылжанға ешкім өкпе айтпады. Өйткені қан­дасымыз әр кез «өліспей беріспеуге» бекініп, төрешілер тоқтатқанға дейін ай­қасады.

Кезінде Арман Оспановтың да UFC-де күш сынасатындай мүмкіндігі болды. Түркістан облысы Төле би ауданының тумасы 2012-2017 жылдар аралығында бірде-бір рет жеңілген жоқ. Алматыда Руслан Хадаев пен Джеймс Ризді, Сочиде Алексей Полпудниковті және Санкт-Петербургте Тайчи Накадзиманы қалай жеңгені жайында жұрт әлі де әңгімелеп жүр. Міне, сол кезде америкалық промо­ушеннің өкілдері Арманға назар аударды. Бірақ қандасымыз түрлі себептерге байланыс­ты мұхиттың арғы бетіне бара алмады. Одан кейін бағы жанбады ма, әлде бабы кем болды ма, әйтеуір Оспанов жиі сүріне бастады. 2017 жылдың күзінен 2021 жылдың жазына дейінгі аралықта алты рет октагонға шыққан Арман сол бәсекелердің төртеуінде жеңілді. Оның Алексей Полпудниковке екі рет және бразилиялық Тиаго Луис Бонифацио Сильваға әлі жетпеді. Қазақ спортшысы 2019 жылы Мәскеуде Германияда тұрып жатқан чешен жігіті Лом-Әли Эскиев пен 2020 жылы Алматыда дағыстандық Расул Мирзаевтың тас-талқанын шығарғанда бір шаттанып қалған едік. Алайда Ос­панов 2021 жылдың 10 маусымында Нью-Джерсидегі өзінің соңғы жекпе-же­гін­де америкалық Крис Уэйдке есе жі­берді.

Қазіргі кезде елімізде промоу­терлік компаниялардың қатары көбейіп келеді. «Алаш Прайд», «Найза», «Ок­тагон», «Әлем файтерс» және тағы басқа ұйымдар қар­қынды жұмыс істеп жатыр. Олар­дан бөлек, бірқатар шетелдік промоушен біздің елде дүбірлі додалар өткізуді жақ­­сы бір дәстүрге айналдырды. Соның ар­қасында дарынды жастар мен жалынды жігіттердің қалың шоғыры шыға бастады. Бүгінгі таңда жанкүйерлер тарапынан Әліби Ыдырыс, Қаршыға Дәуітбек, Магомед Кабардиев, Әли Қабдолла, Дияр Нұрғожай, Сәбит Жүсіпов, Мұқағали Несіпбай, Василий Тахтай, Николай Самсуев, Дамир Төленов сынды файтерлер жайында жылы пікірлер айтылып жүр. Міне, есімдері жоғарыда аталған жерлестеріміз алдағы уақытта UFC-де күш сынасып, аралас жекпе-жек әлемінде өздерін түбегейлі мойындатады деп үміттенеміз.