Кейінгі жылдары елімізде үлкен футболға қарағанда, шапшаңдықты талап ететін шағын футбол қарқынды дамып келеді. Бұл сөзімізге футзал құрамасының осыдан екі жыл бұрын Литвада ұйымдастырылған әлемдік додадағы жоғары жетістігі мен былтыр Нидерландта жалауы желбіреген Еуропа біріншілігіндегі табысты өнері дәлел бола алады.
Күні кеше Рикардо Кака бастаған футзалдан ел ұлттық құрамасы келесі жылғы әлем чемпионатына жолдама беретін негізгі іріктеу кезеңіндегі соңғы матчын өткізіп, сырт алаңда Словения футзалшыларымен тең түсті. Топтағы төрт ойынның үшеуінде жеңіске жетіп, біреуінде ұпай бөлісуге мәжбүр болған жерлестеріміз бірінші орынмен іріктеудің келесі айналымына, яғни элиталы кезеңге жолдама алды.
Марибор қаласында орналасқан «Дворона Табор» спорт кешеніндегі тартысты бәсеке 3:3 есебімен тең аяқталды. Қазақстан құрамасы келесі кезеңнің мәселесін мерзімінен бұрын шешіп қойған соң, бұл кездесуде барын салып ойнаған жоқ. Сонымен қатар жарақаттарына байланысты аталған матчта қақпашы Игита мен қорғаушы Лео ұлттық құрамаға көмектесе алмады.
Матч барысында ұлттық құрама сапынан Альберт Ақбалықов (5-минут), Дәурен Тұрсағұлов (15) және Тайнан (19) мергендігімен көзге түссе, алаң иелерінен Жиго Чех (9), Игор Осредкар (25) және Тео Турк (26) дәлдік танытты. Осылайша, ел құрамасы төрт матчта 10 ұпай жинап, екінші іріктеу кезеңін өз тобында бірінші орынмен аяқтады. Бұған дейін біздің жігіттер Словенияны 2:0, Черногория құрамасын 5:1 және 7:0 есептерімен тізе бүктірген болатын. Жерлестеріміз бесінші топта өнер көрсетті.
Енді Рикардо Кака шәкірттері Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алу үшін элиталы кезеңде бақ сынайды. Қазақстан құрамасынан бөлек, Испания (бірінші топтың жеңімпазы), Грузия (2-топ), Армения (3-топ), Португалия (4-топ), Польша (6-топ), Хорватия (7-топ), Румыния (8-топ), Франция (9-топ), Италия (10-топ), Украина (11-топ) және Словакия (12-топ) құрамалары да элиталы кезеңде ойнайды. Сонымен қатар екінші іріктеу кезеңінде екінші орын алған құрамалар ішінде ең көп ұпай жинаған тағы төрт команда элиталы кезеңге жолдама алды. Олар: Сербия (9-топ), Словения (5-топ), Финляндия (8-топ) және Әзербайжан (6-топ).
Ал аз ұпаймен екінші орынға табан тіреген Бельгия, Мажарстан, Германия, Литва, Молдова, Нидерланд, Чехия, Швеция құрамалары 10-19 сәуір аралығында бір-бірімен қосымша өткізеді. Жеңіске жеткен ұжым келесі кезеңде ойнау мүмкіндігіне ие болады.
20 құрама қатысатын элиталы кезеңнің жеребесі 5 шілдеде тартылады. Ал матчтар 2023 жылдың желтоқсанына жоспарланған.