Жас ғалымдарымыз ғылыми тұжырымдарын түйіндер тұста тек еуропалық, америкалық ғылымның негіздеріне сүйенуді әдетке айналдырған. Қазақы таным-түйсіктен тамыр үзіп бара жатқан секілдіміз. Әрине, бұл елдердің ғылымы мен білімі, технология саласы жақсы дамығанын жоққа шығармаймыз. Дегенмен олардың өмір сүру дағдысы, тіршілік ету ортасы бізден мүлдем бөлек екенін, тіпті үйлеспейтінін естен шығармайық.
Бұл ретте Ақселеу Сейдімбек ағамыздың «Халықтың рухани әлемі де шимайлы ізге толы сонар секілді. Оның да ұзақ сонары, келте сонары немесе қан сонары бар. Уақыт арасы ұзаған сайын ұзақ сонардағы із сияқты халық болмысының да байыбын бажайлау қиындай береді. Осы орайда қилы-қилы заманның бораны мен бұрқағын, сырмасы мен борасынын бастан өткерген рухани шежірелердің қадір-қасиетін тануда зерделі зерттеуші сол шимайлы шиырдың сырын білетін қапысыз саятшыны елестететіндей», деген пікірімен келіспеске амал жоқ. Батыс көрген ғалымдарымыз ұлттың рухани шежіресінің қансонар кезеңінде малтығып, жаңаша ғылыми пайымдаулар жасай алмай жүр. Өйткені олардың ұзақсонарда із қалдырған халық болмысын тануға деген құлқы жоқ.
Ұлтымыздың рухани болмысы мен таным зердесін пайымдағанда рухани өреміздің жетпей жататыны да шындық. Бұл астары сан қатпар дүние, бір ұшығы «отарланған санамызда» жатыр. Отарлаудың жымысқы саясаты ұлтымызды төл тарихымыз бен мәдениетінен айырып қана қойған жоқ, жадымызды өшіріп, рухани тегімізді (генезис) танудағы әрі ұлттық таным зердеміздегі сабақтастық желісін үзіп тастады.
Екінші бір себеп – өткен ғасыр басындағы ұлт руханияты көшбасшыларының халықты ағарту бастамаларын қолдан тұншықтыру үдерісінің қарқынды жүруі. А.Байтұрсынұлы, Ә.Бөкейхан бастаған Алаш өкілдері саяси күреске белсене қатыса жүріп, қоғамдық-гуманитарлық, жаратылыстану пәндері бойынша оқулықтар мен оқу-әдістемелік еңбектерді жазып қалдырды. Сол арқылы отандық әдістеме, психология, педагогика, тілтану, жалпы көптеген ғылым саласы бойынша ұлт тілінде алғашқы термин үлгілерін тудырып, қазақ тілі ғылым тілі бола алатынын дәлелдеді. Қуғын-сүргінге ұшырап, бұл саладағы еңбектері жоққа шығарылса да, құнды еңбектері қазақ ғылымының іргетасын қалады. Алайда біз олар салған сүрлеуден көз жазып қалдық, сабақтастық үзіліп қалды.
Үшінші бір себеп – соңғы жылдары қоғамдық және жаратылыстану ғылымдарына өзгеріс жасаймыз деп негізсіз бастамалардың шылауында кетіп қала жаздағандығымыз. Таратып айтсақ, министрліктің жаратылыстану пәндерін мектептерде ағылшын тілінде оқыту керек деген ұсынысы болды. Мұның негізі әлемнің дамыған елдерінде осындай үрдіс бар деген қисынға келіп саяды. Бұл туралы профессор Асқар Жұмаділдаевтан артық ештеңе айта алмаспыз: «Жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде өткіземін деген министрліктің ұсынысының астарында қазақ тілінің ғылымға икемі келмейді, қазақ тілі тек отбасы-ошақ қасында қалуы керек деген саясат тұр. Ал ол – Конституцияны бұзу. Жаратылыстану ғылымының барлығын қазақ тілінде үйретуге болады. Жақсылы-жаманды оқулықтарымыз бар (оның сапасы өте жақсы деп айта алмаймын), жақсылы-жаманды терминология жүйесі бар, ғылым туралы ойлау жүйеміз қалыптасқан. Бұл – қазақ тілін сақтаудың үлкен бір саласы. Орта мектепке барлық ғылым, барлық оқу пәні ана тілінде жүруі керек. Егер ол пәндер Қазақстанда қазақ тілінде жүрмейтін болса, қазақ тілінің де, Қазақстанның да ешкімге керегі жоқ».
Сондай-ақ қоғамдық-гуманитарлық ғылымды жоққа шығару үрдісінің қоғамда жаппай көрініс табуын да атап өткен ләзім. Технократтық елге айналуымыз қажет деген көзқарасты желеу етіп, бұл саланың дамуына тежеу салу дұрыс емес. Аталған көзқарастың жоғары билік деңгейінде басымдық танытуы да ойланарлық мәселе. Мұндай жағдайда жас ұрпақ пен ғалымдарымыз ұлт мүддесін мұрат тұту қағидасын, елдік мәселені шешу ұстанымын қалай жадына тоқиды және адамзаттық құндылықтарды бағалау межесін қалай анықтайды деген сауалдар көкейге келеді.
Төртінші себеп – жоғары оқу орындарында оқытылатын жалпы білім беру пәндерінің оқытылуға міндетті санатына кіретін философия, психология, әлеуметтану сияқты сабақтарды теориялық тұрғыдан оқыту жүйесінің таптаурындылық сипаты. Қазіргідей тек шетелдің дайын ғылыми теорияларын қазақ жастарының санасына құйып, өзіміздің ұлттық таным-түйсігіміздің тамырына балта шабу – қиянат. Ұлтымыздың рухани болмысын танытатын және қазақтың төл таным зердесінен өткен ғылыми пайымдауларды негізге ала отырып, заманауи еуропалық, америкалық және тағы да басқа тұжырымдарды ұсыну қажет. Тағы бір баса айтар мәселе – бұл пәндерді әр мамандықтың кәсіби бағытына сәйкес бейімдеп оқыту қажеттігі.
Біз, осылайша, ұлтымыздың төл ғылымының негізінен қол үзіп қалдық. Ал өзінің төл танымынан сусындамаған, рухани мәдени болмысынан ажыраған буыннан «ұлттың ғылымын дамыту» туралы қалай талап етуге болады?!
Ал енді бұл рухани отарлаудың ізі суыды дей бергенімізде, қазіргі кезде «жаһандану» деген алапат күштің демі бізді шарпып жатыр. Енді не істеу керек? «Халық болмысының ұзақ сонары, келте сонары, қан сонары болғанымен, мұның үшеуі де сол халықтың біртұтас ғұмырнамасы, өмірдің сабақтастығы дейтін құдірет – осы. Бұл сабақтастықты терең сезіне отырып, қайдан шыққаныңды, қай өрістерді шиырлап жүргеніңді, енді қайда баратыныңды пайымдауға болады». Бұл қағиданы біз жоғарыда айтқан «батыс көрген» ғалымдар ескерсе дейсің. Сонымен қатар ғалымдарымызды «білмекке құмарлық, мәдени рухани текті (генезис) тануға деген іңкәрлік тыным таптырмауы» керек қой.
«Ғылым дамымай, техника дамымай тіл дамымайды. Қазақтың сөзі асыра мақтауға да, жермен-жексен етуге де жетеді. Бірақ конденсат пен резисторға келгенде, бүгелектеп қала береміз», дейді профессор Асқар Жұмаділдаев. Бұл жерде мәселе – біздің ұлттық төл танымнан, тарихи жадымыздан тамыр үзіп қалуымызда. Өйткені біз сөзтаным ілімінің түбіріне үңіліп, ұлттық ұғымдағы жаңа сөздерді тудыруға (сөзжасам) құлшына кіріспей отырмыз. Бір ғана мысал, ағылшын тілінде баламасы жоқ «Дала» сөзін біз «Steppe» деп орыс сөзінен аударып, ғылыми мақалаларда қолданып жүрміз. Мұны құлықсыздық дейсіз бе, әлде көрсоқырлық. Бірақ «отарлық сананың» бүгінгі көрінісі екені айдан анық.
Келесі бір айтар жайт, кейінгі кездері ағылшын тіліндегі терминдерді аудармай әрі кириллица қарпімен беру сәнге айналып барады. Бұрын арагідік кездесуші еді, қазір үдей түсті. Мәселен, өткенде «Abai» телеарнасының «Сана» бағдарламасында «газлайтинг» тақырыбы көтеріліп жатыр екен. Бұл терминді түсінбей, арнайы сөздікке жүгіндім. Әрине, әр телехабардың мақсатты аудиториясы болатын шығар, дегенмен елдің бәрі ағылшынша сауатты әрі ғылыми тақырыпқа жүйрік бола бермейді ғой. Осы сөзді қазақы мағынада, көрермен ұғымына жеңіл етіп беруге болмас па еді?! Егер «газлайтинг» сөзінің қазақша баламасы жоқ болса, онда түсінер едік. Ал сөздік қорымызда бар сөзді қолданбау, бұл – немқұрайдылық!
Ғылым тек қана өлшемдер, қырағы бақылау мен математикалық формулалардың жиынтығы ғана емес, ол – біз өмір сүріп жатқан ғаламның құрылымы мен жаратылыс болмысын түсіну. Ғалымдар жаратылыстың тылсым күшін зерттеп, бір заңдылықтың бар екенін санамен түйсініп, Эйнштейн айтқан «Құдайдың ой-санасын оқу» бағытындағы ізденістерін тынымсыз жалғастырып келеді. Ғаламдағы барлық жаратылыстың өзара тығыз байланыста болатыны, оның үндестігі барлығымызды бас шайқатып, оның құпия-сырын білуге деген құштарлығымызды арттырып келеді. Бірақ дүниені танып білуде тек ақыл-ойға сүйену керек деп, сезімді жоққа шығарушы рационалдық ойлау бағытының дамуы, адамзат пен жаратылыстың арасына сына қағып, оның салдары ірі апаттарға әкеліп соқты. Адамдар өзін табиғаттың немесе жаратылыстың бір бөлшегі екенін мойындағысы келмей, жер бетінде үстемдік орнатқысы келді.
Ғылым – қазіргі күнде жаңа технологиялардың қайнар көзі, әлемді танып білудің бастаушысы. Қазір зерттеушілер әлемнің біртұтас біріккен картинасын құрастыруға тырысып жатыр. Мәселен, физиктер физиканың барлық заңын көпөлшемді кеңістіктегі суперішектердің дірілі (вибрация) деп қарастыруға тырысуда. Физиктердің міндеті – бір діріл (вибрация) басқа дірілмен қалай қатынасатынын көрсететін теңдеу құрастыру және олардың бәрі бір ортақ супертеңдеуде (уравнение) түйісіп, айшықталып көрсетілуі керек. Бұл теңдеу ғарыштың шексіз және іргелі гармониясы түзілген музыканың тылсым сырын ашар еді.
Осы жерде «дала даналығы қазақтың қара домбырасының екі ішегінде тербеліп, рухани болмысымыз бен ежелгі төл танымымыздың шежіресіндей төгіліп жатқан шығар...» деген ой еріксіз санаңда жаңғырады. Қазақ ғылымына деген көпшілік қызығушылығының бәсең болуына еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары да себепші болып отыр. Әсіресе қазақтілді мазмұндағы ғылыми жаңалықтар мен теле-радиобағдарламалар жоқтың қасы, оқырман мен көрермен әлемнің заманауи ғылыми үрдістерінен толық хабардар бола алмай отыр және бұл бағыттағы ақпаратты басқа тілдерде алуға мәжбүр. Тағы бір ойланар мәселе – республиканың жоғары оқу орындарында ғылыми журналистика бағытында арнайы білім беру бағдарламасын даярлап, осы салада сауатты ақпараттар мен хабарлар даярлайтын кәсіби мамандар оқыту қажеттігі. Бұл – уақыттың өз сұранысы.
Ғылым – өркениетке жетелеуші күш және ұлт жасампаздығын қамтамасыз етуші сала. Ахмет Байтұрсынұлы айтпақшы, «Адамды құсша ұшыратын да, балықша жүздіретін де ғылым» екенін ұмытпайық.
Орынтай ОШАНОВА,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
журналистика факультетінің доценті