Жуырда ғана аралас жекпе-жектен АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өткен жарыста жергілікті спортшы Джефф Нилді үшінші раундта «қылқындыру» әдісімен жеңген Шавқат Рахмонов UFC-дің жаңартылған рейтингінде бірден үш сатыға жоғарылады. Жартылай орта салмақта (77 кило) күш сынасып жүрген қазақтың қайсар ұлы қазіргі кезде алтыншы орынды иеленіп отыр.
Аталған салмақтың чемпионы – Леон Эдварс. Ұлыбританияның туы астында өнер көрсетіп жүрген 31 жастағы Ямайканың тумасы былтырғы тамыз айында «хэд-кик» әдісімен Камару Усманды теуіп құлатып, алтын белбеуді иеленді. Эдварс октагонда барлығы 24 кездесу өткізіп, 20 рет жеңіске жетті. Сол бәсекелердің тең жартысында айқын басымдық танытты. Соңғы рет ол 2015 жылы дәл осы Усманнан ұпай санымен ұтылған еді. Содан кейінгі жеті жылдан аса уақыт аралығында Леон бірде-бір рет жеңілген жоқ.
Жартылай орта салмақтың бірінші орнында Камару Усман тұр. Ол 1987 жылдың 11 мамырында Нигерияда дүниеге келді. Сегіз жасында ата-анасымен бірге Америкаға қоныс аударды. 2012 жылдан бері аралас жекпе-жекпен шұғылданып жүрген Камару 22 рет октагонға шығып, екі рет қана сәтсіз өнер көрсетті. 2013 жылы ол Хосе Касераске есе жіберсе, былтыр Леон Эдварсқа жол берді. 2019-2022 жылдары Усман UFC-дің чемпиондық атағын иеленді.
Екінші және үшінші орындарда – Колби Ковингтон мен Хамзат Чимаев. 35 жастағы АҚШ файтері 20 жекпе-жектің үшеуінде жеңілді. Тоғыз бәсекені мерзімінен бұрын аяқтады. Ковингтон Усманнан екі мәрте және Варлей Алвистен бір рет жеңілді. 28 жастағы Чешенстанның тумасы бұл күндері Швецияның намысын қорғап жүр. Хамзат бес жылға жуық уақыт аралығында 12 рет айқас алаңына шығып, барлық қарсыласын қапы қалдырды. Тек 2022 жылдың сәуір айында Флорида штатында Гильберт Бернспен өткізген кездесуінде төрешілер шешімімен жеңіске жетті. Қалған бәсекелерінің барлығында Чимаевтың үстемдігі еш күмән туғызған жоқ.
UFC-дің рейтингінде америкалық Белал Мұхаммед (26 кездесу, 22 жеңіс, 6 нокаут, 3 жеңіліс, тағы бір бәсекенің нәтижесі есепке алынбады) пен бразилиялық Гильберт Бернс (26 кездесу, 21 жеңіс, 15 нокаут, 5 жеңіліс) біздің Рахмоновтан жоғары тұр. Сондай-ақ ТОП-10 спортшының қатарында Стивен Томпсон (24 кездесу, 17 жеңіс, 9 нокаут, 6 жеңіліс, 1 тең), Джефф Нил (20 кездесу, 15 жеңіс, 11 нокаут, 5 жеңіліс), Шон Брэди (16 кездесу, 15 жеңіс, 7 нокаут, 1 жеңіліс) және Висенте Люке (31 кездесу, 21 жеңіс, 19 нокаут, 10 жеңіліс) бар. Олардың барлығы да АҚШ-тан.
Ал Шавқат Рахмонов жайында ұзақ әңгімелеуге болады. 2014 жылдан бері айқас алаңына шығып жүрген ол сол аралықта өткізген 17 кездесуінің барлығында айқын жеңіске жетті. Тарқатып айтсақ, сегіз қарсыласын ауыр соққыларымен сұлатып салса, тоғыз бәсекені «қылқындыру» әдісімен аяқтады. «Номадқа» қарсы шыққан спортшылардың тек екеуі ғана үшінші раундқа дейін шыдады. Олар – тәжікстандық Фарудин Одилов (2018 жыл) пен америкалық Джефф Нил (2023 жыл). Алты жекпе-жек екінші раундта аяқталса, тоғыз бәсекелесін ол бірінші кезеңде-ақ есінен тандырды. Дәл осы шабысынан жаңылмаса, Шавқаттың шығар шыңы бұдан да биік болатыны сөзсіз.
Жеңіл салмақтылардың (70 кило) рейтингінде Дамир Исмағұлов 12 орынды иеленіп отыр. Ол 27 кездесуінің тек екеуінде жеңіліс тапты. 2015 жылы Рамазан Эсенбаевқа есе жіберсе, былтырғы жылдың аяғында Арман Царукянға әлі жетпеді. Соңғы сәтсіздігінен кейін Ресейдің Орынбор өлкесінде туып-өскен 32 жастағы қандасымыз UFC-ден кететінін жария еткен болатын. Бірақ Америкада оны қуып жатқан ешкім жоқ. Өйткені Исмағұлов әлемнің ең белді промоушенінде өткізген алты бәсекесінің тек біреуінде ғана ұтылды. Бәлкім, уақыт өте Дамир райынан қайтады деген ойдамыз.
Ал аталған салмақтың чемпионы – ресейлік Ислам Махачев. Сондай-ақ үздіктер қатарында Чарльз Оливейра (Бразилия), Дастин Порье, Джастин Гэйтжи, Бенил Дариуш, Майкл Чендлер (АҚШ), Рафаэль Физиев (Әзербайжан), Матэуш Гэмрот (АҚШ), Арман Царукян (Ресей), Рафаэль Дос Аньос (Бразилия) және Джэлин Тернер (АҚШ) сынды саңлақтар бар.
UFC-рейтингінің үздіктері
57 кило: Чемпион – Брэндон Морено (Мексика), 1. Дэйвесон Фигередо, 2. Александр Пантожа (Бразилия), 3. Кай-Кара Франс (Жаңа Зеландия).
61 кило: Чемпион – Алджамейн Стерлинг, 1. Шон О’Мэлли (АҚШ), 2. Петр Ян (Ресей), 3. Мераб Двалишвили (Грузия).
66 кило: Чемпион – Александр Волкановски (Аустралия), 1. Яир Родригес (Мексика), 2. Макс Холловэй, 3. Брайан Ортега (АҚШ).
84 кило: Чемпион – Алекс Перейра (Бразилия), 1. Исраэль Адесанья (Нигерия), 2. Роберт Уиттакер (Аустралия), 3. Джерард Каннонье (АҚШ).
93 кило: Чемпион – Жамал Хилл (АҚШ), 1. Иржи Прохазка (Чехия), 2. Магомед Анкалаев (Ресей), 3. Ян Блахович (Польша).
120 кило: 1. Чемпион – Джон Джонс (АҚШ), 1. Сирил Ган (Франция), 2. Стипе Миочич (Хорватия), 3. Сергей Павлович (Ресей).