• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Әдебиет 12 Наурыз, 2023

Тұлпар махаббатынан туған күй

360 рет
көрсетілді

Күйдің бір қасиеті аңыз шақырып тұратынында, бәлкім аңыздың өзі күй тілеп тұра ма екен? Анығы, қазақтың өмірі аңызға бергісіз, күй тіліндей көңіл баурағыштығында шығар. Көңіл күй деп айта ма әйтпесе? «Бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай» деген атақты сөзді өткенде басқаша түсіндірген жазбаға кездестік.

«Қазақ тілінде үндестік заңы, оның ішінде ерін үндестігі заңы қазіргідей бұзылмай тұрғанда бабаларымыздың сөйлескен сөздерінің өзі ән сияқты әуезді естілген. Потаниннің «ән салып тұрғандай» дейтін себебі сол» депті. Және осы пікірін бірнеше мысал мен тарихи дерек арқылы дәлелдегенде, қисынына «құлай» кетесіз. Шынында, ертеректегі қазақ­тар табиғатпен тепе-теңдікті бұзбай, үйлесімде өмір сүрген соң, сөйлеуі ғана емес, күллі тұрмыс-тіршілігі бір-бірімен қабысып, қиюы келісіп кеткендей сезіледі. Күйдің бір аты үйлесімге (гармония) келіңкірейтіндей. Қазіргі уақытта үйлесімділік, табиғи бап дегендер күлкілі көрінуі бек мүмкін. Жоғарыда айтқанымыздай, күйдің аңызынан маңызы білінетіні сондықтан шығар, бәлкім. Әйтпесе ол кездегі қазақтың табиғатына жету... Ертегіге бергісіз емес пе? Жалғыз-ақ «Жетім торы» күйі­нің өзімен дәлелдеуге болады ойымыз­ды.

Абылай ханның кемеңгер көшбас­шы, ержүрек баһадүр ғана емес, дәулескер күйші болғаны туралы әңгіме, аңыздар көп ауыз әдебиетінде. Ханның күйлеріне қатысты атақты Шоқан Уәлиханов, Александр Затае­вич, Ақселеу Сейдімбек пікір жазып қалдырған екен. «Менің ойымша, – депті Затаевич – «Абылайдың қара жорғасы» осы тектес күйлердің ішінде тәуірі деуге болады. Оған жау тұтқынынан босаған Абылай ханның алып ұшқан көңіл күйін, астындағы аттың желдей ескен жүрісін бейне­лейтін осынау мамыражай күйдің сұлу суреті және әсем ырғағы жарқын айғақ бола алады», депті.

Ақселеу Сейдімбек күй өнері­не қа­тысты зерттеулерінде ХVІІІ ғасырдан күйі жеткен санаулы күйшінің бірі ретінде атайтын Абылай ханнан біршама күй қал­ған­ға ұқсайды. «Ақ тол­қын»», «Дүние қалды», «Жетім торы», «Қай­ран елім», «Сары бура», тағы басқа күйлерінің арасынан «Же­тім торының» аңызы көзге жас үйіреді.

«Қанжығалыдан қарт Бөгенбай шыққанда, оның өкшесін басқан батырлар да аз болмаса керек» деседі кәрі тарих. Жантай, Үйсінбай, Арқандар атты ағайынды үш батырдың жойдасыз ерлігі кезінде иісі қазақтың қайратын жаныған. Әсіресе өңінің сұстылығына орай «Қарабұжыр» деген қосақ аты бар Жантай батырдың ерен ерлігі аңыз болып тараған. Жантайдың жойқын батырлығына Абылай хан ерекше сүйсініп: «Елдің шетіне, желдің өтіне, жаудың бетіне тұтқан қорғаным, қайраулы қара қылышым!» деп отырады екен.

Жантай ағасының ерлігін арқа тұтқан Үйсінбай бір күні қалмақ­тардың шеттеп қонған күреңінен үш-төрт түйе олжамен оралыпты. Алдынан шыққан інісі Арқандар еркелеп «сауға» деп олжасынан дәмет­се, Үйсінбай: «Сауғам жоқ, қалмақта не көп – түйе көп, денің сау, қол-аяғың бүтін, өзің барып ал!» депті.

«Сөз сүйектен өтеді». Намысқа булыққан Арқандар жанына серігін ертіп, жауға аттанады. Қалмақтың бір ауылының келелі түйесін сырғыта қақпалап айдай жөнеледі. Соңынан қуғыншы көп келіп, Арқандар ажал құшады. Бауырының қайғысы ауыр тиген Жантай: «Не өлемін, не жаудың қанын ішіп, Арқандардың кегін қайтарамын!» деп бес жүз қолмен атқа қонады. Бұл жорыққа Жантайдың ержетіп қалған баласы Тоқыш пен інісі Үйсінбай да қосылады.

Жантай батырдың інісінің өлімі аяқсыз қалмайтынын білген қал­мақтар да дүрлігіп, оң мың қолмен қарсы алады. Қалмақтың мұздай құрсанған он мың қолына Жантайдың бес жүз сарбазы жанынан түңіліп қарсы шабады. Соңында сегіз сарбазымен қалған Жантай батыр астын­дағы торы тұлпарына баласы Тоқышты мінгізіп: «Тоқыш балам, мыналар болмады ғой, енді кегімді алар ешкім қалмас, бұзып шық та, елге жет!» депті. Содан, қолы­нан қылышы түскенше қалың жаумен жалғыз арпалысқан Жантай жойдасыз ерлік көрсетсе керек. Қатары сиреген қалмақ жауынгерлері еліне жеткенде «қазақтардан жеңіліп қалдық!» деп келіп еді дейді.

Қарабұжыр Жантай батырдың қалай мерт болғанын естігенде Абы­лай хан: «Тасқа шапса, кетіл­мейтін қайраулы қара қылышым-ай!» деп қайғырып, Жантай батырды арулап қояды. Торы тұлпарын тұлдап, жал-құйрығын күзеп, жылына союға бос қоя береді.

Күндердің күнінде Абылай хан ордасына қосын жиып, шеру тартып, кезекті бір жорыққа аттанбақшы болады. Ордаға әйгілі батырлар жиналады. Ереуіл аттары кермені сүзе тартып, тықыршиды. Сонда орда сыртынан ат дүбірі шығып, іле күмбірлей кісінеген дауыс естіледі. Хан ордасына атпен кіру, ат ойнату рәсімде жоқ. Сөйтсе, төлеңгіттердің бірі: «Хан ием, Жантай батырдың тұлданған аты ғой, жорық дүбірін сезіп, иесін іздеп жүрген сияқты», деп тіл қатады. Осы кезде Жантай батырдың торы тұлпары құйрығы сабаудай болып, орданың алдынан ойқастай өтеді де, батырлардың аты байланған кермеге тоқтап, кісінеп жібереді. Хан басымен Абылайдың өзі мұңайып: «Қайран жетім торы, иесін сағынған екен ғой... Бізге де керек ер еді-ау!» деп көзіне жас алған деседі.

Абылай ханның «Жетім торы» күйі дүниеге осыдан соң келіпті-ау.