Әдебиетіміздің көрнекті тұлғасы, жазушы Сәбит Мұқановтың Алматыда тұрған үйінде 1978 жылы музейі ашылған болатын. Оған да, міне, биыл 45 жыл толды. Бұл рухани, мәдени ошақта жазушының қолының табы сіңген, тұтынып пайдаланған, сыйға алған талай заттары сақтаулы.
Соның бірі – нағыз шебердің қолынан шыққан, ерекше өрнектелген тұмар домбыра. Бұл домбыраны Сәбеңе Орынбордағы (жұмысшылар факультетінде) бірге оқыған досы, қарағандылық қолөнер шебері Темірхан Дыбысов сыйлаған. Домбыраның ерекшелігі шанағының үшбұрышты (тұмар) болып келуінде және өрнектерге өте бай болуында. Ағаштан жасалған, түсі сарғыш. Екі ішекті, 12 пернелі. Домбыра бірнеше бөліктен тұрады: басы, құлақтары, пернелері, мойны, шанағы, бетқақпағы. Домбыраның алдыңғы жағына, екі жақтауына әртүрлі кескіндегі ұлттық ою-өрнектер түскен. Өрнектер түрлі-түсті: көк, жасыл, қызыл бояу араластырып жасалған. Тиегі – ағаш. Шанағында тиекті бастыра бекіткен, түсі ақ, пластмассадан жасалған, пішіні көгершін тәрізді қаптырма бар. Домбыра шанағының алдыңғы, артқы және ортаңғы бөліктеріне сәндік шегелермен түрлі пішіндегі оюлар бекітілген. Ортаңғы бөліктегі жұқа қаңылтырда «Істеуші – Дыбысов Темірхан. 1957 ж.» деген жазба бар. Музей кешені қорында Сәбит Мұқановтың 1969 жылы 31 наурызда Т.Дыбысовқа жолдаған хаты да сақтаулы. Онда осы домбыраны Романенконың шеберханасында жөндетіп алғаны айтылады. Қазақ ән-күйін жинақтауда өлшеусіз еңбек сіңірген А.Затаевич өзінің «Қазақ халқының 1000 әні» кітабында (1925): «...Сырт көзге қарапайым көрінетін домбыра шебер орындаушының қолына тигенде өз шамасынан әлдеқайда асып түсіп, құлпырып шыға келетініне қайран қаласыз», – дейді.
Жанар ТАЕВА,
С.Мұқанов пен Ғ.Мүсірепов музей кешенінің ғылыми қызметкері
АЛМАТЫ