• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Елорда 13 Наурыз, 2023

Астананың алғашқы мәслихаты

392 рет
көрсетілді

Қала тарихы қашан да қызық. Әсіресе өзін тұрған шаһардың шежіресі кімді де болса бейжай қалдырмайтыны анық. Ендеше Астана қалалық мемлекеттік архивіндегі құнды құжаттарға бір үңіліп көрсек. Бұл жолы алғашқы мәслихат сайлауының тарихы көзімізге оттай басылды.

Құжаттардың ішінде біре­гейі – Ақмола қалалық дума­сының 1874 жылғы 25 мамыр­дағы Жар­лығы. Бұл материалда қа­лалық кеңес мүшелері жұмыс істей бастағаны көрсетілген. Ал­ғаш депутаттар төрт жыл мер­зімге сай­ланған. Алайда сайлау квота бойынша жасырын дауыс беру арқылы өтіпті. Оның үстіне қа­лалық кеңес мү­шелерінің көп­ші­лігі саудагерлер болса керек. 1891-1916 жылдары ара­лығында Степан Кубрин деген азамат Ақмола қа­лалық дума­сы­ның басшысы қызметін атқа­ры­пты.

«Жергілікті өкілді органның ауысу кезеңі Қазан төңкерісімен байланысты. Жаңа кеңестің құ­рылуына байланысты қалалық Дума таратылады. 1920 жылы 26 маусымда жұмысшы, шаруа және қызыл әскер депутат­тары комитетінің I съезінде Ақмола қалалық атқару ко­ми­теті өз қыз­­метін бастады», дей­ді ғы­лыми-зерттеу және ақпа­рат­тық-тү­сін­діру қызметінің бас­шысы Жан­гелді Бимолдин.

1923 жылдың басында Ақ­мола қалалық кеңесі, артынша оның бөлімдері құрылады. Осылайша, еліміз егемендік алғанға дейін еңбек етіп, қаланың дамуына зор үлес қосқан.

1993 жылы 9 желтоқсанда «Қазақстан Республикасы ха­лық депутаттары жергілікті ке­ңестерінің өкілеттіктерін мер­зімінен бұрын тоқтату тура­лы» Заң аясында Ақмола қала­лық кеңесін тарату туралы шешім қа­былданды. Сөйтіп, 1994 жылы 1 сәуірде Ақмола қаласы мәс­ли­хатының аппараты қайта құ­рылды. Мәслихат сессияларын­да қала инфрақұрылымын да­мытудың экономикалық және әле­уметтік бағдарламалары бе­кітілді.

Еске сала кетейік, 1993 жылы 10 желтоқсанда «Қазақстан Рес­пуб­ликасының жергілікті өкілді және атқарушы органдары туралы» Заң қабылданған болатын. Одан кейін 1994 жылы алғаш рет республиканың жаңа өкілді органдары – мәслихат депу­таттарының сайлауы өтті. Содан бері жергілікті өзін өзі басқару органдары мемлекеттік басқару жүйесінде маңызды рөл атқара бастады. Міне, бүгінде олар елі­міздегі демократиялық өз­ге­рістерді жүзеге асы­руға зор үлес қосып келеді.