Шымкент қаласы әкімдігіне қарасты «Халықты жұмыспен қамту» орталығының 2023 жылға арналған жоспарына сәйкес 57 181 адам қосымша еңбекпен қамтылуға тиіс. Елде жүргізіліп жатқан экономикалық реформалардың басты мақсаты жаңа жұмыс орындары арқылы жұмыссыздық деңгейін азайту екенін ескерсек, жергілікті билік тарапынан осы бағытта маңызды іс-шаралар іске асырылып келеді.
Жоғарыда аталған жоспардың негізінде 30 мыңнан астам адамды «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы» аясында биыл жұмысқа орналастыру көзделіп отыр. Халықтың әл-ауқаты артса, бұл – әлбетте бірінші кезекте тұрақты жұмыс орнынан тапқан табысының нәтижесі. Ал әлеуметтік жағдайдың жақсаруына ықпал ететін фактор әрқашан ұлттық экономиканың оң динамикасы болып қала береді.
Айтқандай, сол «екі қолға – бір күрек» іздеген 57 181 азаматтың 42 714-і тұрақты, 6 617-сі уақытша жұмыс орындарына орналастырылады. Бұдан бөлек, өңірлерде «Жұмыс берушілердің сұратуы бойынша оқу ұйымдарында жұмыссыздарды кәсіптік оқытуды ұйымдастыру» бағдарламасы жүзеге асып келеді. Биыл осы аталған бағдарлама аясында тұрақты жұмысқа іліге алмай жүрген 1 671 кісіні кәсіптік мамандыққа оқыту жоспарланып отыр.
Ал Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Жолдасбековтің мәлімдеуінше, еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптік мамандықтарға оқыту басқарманың маңызды қадамдарының біріне кіреді. Осы бастаманың аясында өткен жылы қаланың 2 400 тұрғыны қысқа мерзімді оқу курстарынан өтіпті. Бұл игі іс-шараның көздеген басты мақсаты елімізде жұмыссыздар санын азайту болып отыр. Сонымен бірге бүгінгі таңда қоғамның өзекті проблемасына айналған кәсіпорындардағы кадр тапшылығы мәселесін түбегейлі шешуге септігін тигізбек.
Тағы бір маңызды жаңалықтың бірі – биылдан бастап «Отбасының цифрлық картасы» ұлттық жобасы іске қосылды. Бұдан былай тұрғындарға әлеуметтік хал-ахуалына қарай мемлекеттік қызметтерді ұсыну SMS хабарламалар арқылы іске асады. Айталық жаңа жүйеге сәйкес атаулы әлеуметтік көмек алушылардың халықты жұмыспен қамту орталығына құжат тапсырып әуре болмайды. Өйткені ұялы телефонға келіп түскен SMS хабарламаға жолданған жауап жеткілікті. Соның көмегімен АӘК алушының өтінімі қабылданып, арнайы комиссияның тексеруіне жіберіледі. Әрі қарай комиссия шешімімен жәрдемақы тағайындалады.